Облыс әкімі

Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясы өтті

«Ынтымақ түбі – игілік» демекші, бірлік бар жерде тірлік болады. 130-ға жуық этнос өкілін бір шаңырақ астына, көк байрақтың маңына біріктіріп, бейбіт һәм тату өмір сүруіне ұйытқы болып келе жатқан, әлемнің бірде-бір елінде жоқ институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ төрағалығымен Достық үйінде, ҚР Конституциясы күні қарсаңында Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясы «Ел бірлігі – Жаңарған Қазақстанның тірегі» тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚР Президенті әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат ӘЗІЛХАНОВТЫҢ қатысуымен өтті.

Суреттер ҚХА баспасөз қызметі

Оған облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов, облыстық мәслихаттың хатшы Серік Өтешов, AMANAT партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бекзат Алтынбеков, қала және аудан әкімдері, Ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестіктерінің басшылары мен мүшелері, мемлекеттік органдардың, діни бірлестіктердің басшылары, қоғам қайраткерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, Аналар кеңесі мүшелері, ғалымдар, ұстаздар және ел бірлігін сақтауға үлес қосып жүрген түрлі сала мамандары онлайн және оффлайн форматта қатысты.

Мәжіліс залында өткен Ассамблея сессиясының пленарлық отырысының төрағасы Жеңіс Махмұдұлы іс-шараның мән-маңызына тоқталып, келген қонақтармен қысқаша таныстырды. Бірлік пен келісімнің еліміздегі тұрақтылықты сақтаудағы ерекше рөлін айрықша атап айтты.

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының бүгінгі XXV сессиясы – ерекше. Ол мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнін мерекелеу қарсаңында өткізіліп отыр. Бұл мерекені толеранттылық пен елдің тұрақты дамуының негізі деп атауға болады. Өйткені, Конституция әрбір жеке азаматымен өмірдің ең маңызды және жауапты сәттерінде үнемі бірге. Біздің міндетіміз Конституцияда жазылған барлық негізгі канондарды құрметтеу ғана емес, сонымен қатар Негізгі Заңға және оның негізгі қағидаттарына құрметпен қарау және оны жас ұрпаққа үйрету. Қазақстанның ең баға жетпес қазынасы – халық бірлігі. Ал, бірлік – экономиканың тұрақты өсімі мен қоғамдағы тұрақтылықтың басты шарты. Биыл маусым айында ҚР Конституциясына енгізілген өзгерістер бойынша өткен Референдум біздің қоғамның бірлігін тағы да көрсетті. «Біз жаңа, әділетті Қазақстанды құруда бірлігімізді көрсеттік», деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде. Халқымыз «Береке басы – бірлік» деген. Олай болса, Жаңа Қазақстанды өркендету жолындағы жұмыстарыңызға табыс тілеймін, – деді Жеңіс Махмұдұлы.

Алаш сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ербол Шымкентбайұлы Қазақстан халқы Ассамблеясының әр сессиясы еліміздің саяси өміріндегі ерекше оқиға екендігін айтып, облыста бейбітшілік пен татулықты сақтау жолындағы атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Алмасұлы да Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміздегі тұрақтылыққа қосып жатқан елеулі үлесін баса айтты. Осы ауқымды жұмысты атқаруда Қарағанды облыстық филиалдың атқарып жатқан тынымсыз еңбегіне оң бағасын беріп, әріптестеріне ризашылығын білдірді. Ұлттық құрылтай құрамына да Ассамблеядан 10-ға жуық адамның өткенін тілге тиек етті. Ассамблея институының еліміздің, саяси, мәдени һәм ғылыми өмірін жақсартуға қосып жатқан үлесі хақында нақты дәлелдермен егжей-тегжейлі айтып берді.

Біздің басылым осы кезге дейін Ассамблея насихаттайтын бейбітшілік, достық, жасампаздық идеяларын белсенді түрде қолдап келді. Газетіміздің беттерінен ҚХА-ның Рымбала Кенжебалақызы, Вилен Борисович, Григорий Михайлович, Увайс Хаважиевич, Лилия Михайловна сияқты белгілі қайраткерлеріміз бірлікті насихаттауға белсенді қатысып келеді. Бүгінде «Saryarqa aqparat» медиа-холдингі құрамында 90 жылдық тарихқа ие «Орталық Қазақстан», «Индустриальная Караганда» сынды басты екі басылым бар. Бұдан бөлек, медиахолдинг құрамындағы «Лайф09» интернет басылымы, баспа контентімен қатар, бейнероликтер, тик-токтар жасайды. Қазір газеттеріміздің электронды нұсқасын дамыту бойынша қарқынды жұмыс істеп жатырмыз. Екі газеттің де сайты жұмыс істеп тұр. Құрметті Жеңіс Махмұдұлы, Марат Алмасұлы, Сіздерді, Ассамблеяның барлық мүшелерін қос газеттің сайтына және әлеуметтік желілердегі парақшасына жазылуға шақырамын. Алдағы уақытта да Ассамблеямен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істей береміз, – деді «Индустриальная Караганда» газетінің бас редакторы Оксана Мягких.

Ал, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Евней Арыстанұлы Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты Жамбыл Жұмабеков университет қабырғасындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Марат Алмасұлына ақын Ғалым Жайлыбайдың жуырда Қарағанды университетінің қолдауымен 16 тілге аударылып, жарыққа шыққан «Қара орамал» кітабын сыйға тартты.

Колледж қабырғасында жүріп қоғамдық жұмысқа араласып, 2017 жылы Қарқаралы ауданының «JasStar» волонтерлік желісін құру бастамасын көтеріп, жүзеге асырдым. «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінде «Үздік волонтер» деген марапатқа ие болдым. 2018 жылы – «АЗАМАТ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы болып сайландым. Қоғамдық қызметке араласа жүріп, көп нәрсе үйрендім, біраз тәжірибе жинақтап 2020 жылы «BIRGEMIZ BILIM» жалпыұлттық жобасының Қарағанды облысы бойынша жетекшісі болып тағайындалдым. Қазір Қарағанды облысы әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңес мүшесімін. «HALYK» қайырымдылық қорының Қарағанды облысы бойынша үйлестіруші волонтермін. Жинақтаған тәжірибемді ел игілігіне, бірлік пен келісімді насихаттауға жұмсап келемін. Сөзімнің басын қастерлі Қарқаралымнан бастағаным бекер емес. Облыстық ассамблеяның келесі жылғы отырысын қасиетті Қарқаралы жерінде өткізуді ұсынамын. Келесі алқалы басқосудың Қарқаралыдай тарихи орында өтуін орынды деп есептеймін. Қолдайды деп сенемін, – деді «Азамат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қарақаралы аудандық мәслихатының депутаты Дәурен Рахымбек.

Іс-шара соңында Ассамблея жұмысына, Жаңа Қазақстандық қоғам құру ісіне, облыстың саяси-қоғамдық өміріне белсене қатысқаны үшін білікті жерлестерімізге Қазақстан халқы Ассамблеясының және облыс әкімінің Алғыс хаттары мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Ауқымды іс-шара аяқталған соң қонақтар кіреберіс фойеде орналасқан мемлекеттік тілді оқыту бойынша «Қазақша сөйлесейік» және этномәдени бірлестіктердің «Берекелі шаңырақ – жасампаз Ел!» тақырыбында қойылған көрмелерімен танысты. Өйткені, Ассамблея мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосып, аймағымыздағы өзге этнос өкілдері арасында қазақ тілін насихаттап келеді. Қазақшаны жетік үйреніп алған өзге этнос өкілдері де бар.

Бұл облыстық тілдерді оқыту орталығының жасаған жұмыстары. Мәселен, кеспе карточкалар қарапайым деңгейдегі тіл үйренушілерге арналған. Лексикалық минимумдарды бекітуге арналған тапсырмалар. Тапсырманы орындап, арнайы QR код арқылы баға аласыз. Көрмеге ұлттық тағамдарға, денсаулық саласына, сауда орталықтарына, банк және сот қызметкерлеріне арналған әдістемелік оқулықтар мен дискілер қойылған, – дейді тілдерді оқыту орталығының қазақ тілі пәні оқытушысы Мәдина Рахметаева.

Көрме жұмысына қанық болған қонақтар Достық үйінің, «Шаңырақ» аналар кеңесінің жұмысымен танысып, ғимараттың көрікті жерлерін аралап шықты.

Айтулы жиынға қатысушылардың Қарағанды медицина университетіне барып, ордалы оқу орнының жұмысымен танысумен мәресіне жетті. Осылайша, татулық пен тұрақтылық – береке бастауы екеніне тағы бір рет көз жеткіздік.

Жәлел ШАЛҚАР. 

Басқа материалдар

Back to top button