Кездесу

Интернеті жоқ ауылдар әлі де көп

Ел Президенті «Барлық министрлер халықпен кездесіп, атқарып отырған жұмыстары жайында баяндама өткізуі қажет» деп міндеттеген болатын. Сол тапсырмаға сәйкес, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат ОРАЗБЕК Теміртау қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығында қала тұрғындарын жеке қабылдап, түйткілді мәселелер жөнінде сөз қозғады. Жеке қабылдаудан кейін Мәдениет сарайында облыс тұрғындарымен кездесіп, баяндама жасады. Кездесуге аудан тұрғындары онлайн байланысқа шығып, мазалаған мәселелері бойынша сұрақтар қойды.

Халыққа қызмет көрсету орталығына жиылған жұрт Egov және mgov мобильді қосымшасының онлайн қызметінің сапасының нашарлығын сөз етті. Қазіргі уақытта Egov бағдарламасына 18 құжат цифрлық форматқа көшірілген. Яғни, құжаттардың түпнұсқаларын өзіңізбен бірге алып жүрудің қажеті жоқ деген сөз. Алайда, халық орталыққа келмей-ақ, кеңес алайын десе, бағдарламаның онлайн жүйесі дұрыс жұмыс істемейді. Еріксіз табан тоздырып, кезек күтіп мамандар көмегіне жүгінуге мәжбүр.

Бюджеттік мекемеде жұмыс істеймін. Баспанам жоқ. Енді, жұмыс орным арқылы kezekte.kz сайтына үй кезегіне тұрайын десем, онлайн тіркеле алмайды екем. Сондықтан, ХҚК орталығына барып, маманның көмегіне жүгінуім қажет. Ал, күні бойы жұмыста болғандықтан қолым тимейді. ХҚК орталығының мамандарының көмегіне жүгінбей-ақ, үйде отырып жұмыстарымды тындырғым келеді. Бірақ, өкінішке орай бұл мүмкін болмай тұр. Асхат Елубайұлының келетінін естіп арнайы келдім. Ол кісі де бұл мәселеден хабардар. Енді тамыз айының 1-не дейін аталмыш бағдарламаға өзгертулер енгізіп, халыққа қолжетімді етуге уәде берді, – деді қала тұрғыны Жанерке Есімбекқызы. Ал, Жұлдыз Әлімханова:

Өзім мүгедек бала асырап отырмын. Балама қажетті дәрі-дәрмек, ортопедиялық аяқ киімді және басқа да керек жарақты портал арқылы аламыз. Оны жыл сайын электронды нұсқасын басынан толтырып, жаңартып, мақұлдап отыру қажет. Неге ол автоматты түрде сақтап қалмайды? Жыл сайын порталға қайта тіркеліп жүрміз. Тіркелу біраз уақытыңды ұрлап, құжатыңды сұрайды. Біз секілді жанға бұл жүйе тиімсіз. Оны ХҚК орталығындағы мамандар шешпейді. Сол үшін арнайы кездесуге жазылып, осы мәселені көтердім, – деді.

Вице-министрдің Мәдениет сарайында халықпен кездесуінде де біршама мәселелер көтерілді. Бұл жерде айтылған басты мәселе – интернеттің сапасыздығы.

Мен мұғаліммін. Ауылда интернет желісі дұрыс жұмыс істемейді. Аctiv пен Аltel мүлде жоқ. Ал, Вeeline бірде істеп, бірде істемей қалады. Әсіресе, былтыр онлайн оқуға көшкен уақытта қатты қиналдық. Балалардың оқуын былай қойғанда, күнделікті тапсыратын есепті де дұрыс бере алмаймыз, – деді Арайлым есімді Осакаровка ауданы, Ертіс ауылының тұрғыны. Ивановка ауылында да осы мәселенің шешімі табылмай отыр. Аталмыш елді-мекенде интернет желісі жоқ. Тек Tele 2 байланыс желісінен басқа ешқандай сеть ұстамайтын көрінеді.

Шет ауданы Кәрім Мыңбаев селолық округі, Қызылтау ауылына осыдан 2 жыл бұрын ғана bее1і желісі тартылған. Алайда, арада ай өтпей жатып интернет сапасы күрт төмендеп, тұрғындардың қуанышы су сепкендей басылыпты.

2020 жылдың күз айында bее1і желісі тартылған еді. Соның арқасында алыстағы ағайынмен хал сұрасып, көзіміз ашылғаны өтірік емес. Алайда, интернет желісінің тартымы нашар. Алғашқыда бәрі жақсы еді. Бір ай уақыт өткеннен кейін интернет сапасы нашарлап кетті. Қазір барлық құжатты да, есепті де интернетпен жібересің. Бізге қиындық тудыратыны осы. Қашан 4G-ге қосылады? – деді Айнұр есімді тұрғын.

Бұл тек ауылдық жердегі мәселе емес, Приозерск пен Теміртау қалаларында да осы мәселенің шешімі табылмай тұр. Нұргүл есімді Теміртау қаласы, Отрадное селосының тұрғыны:

Қарап отырсақ, біз қалада тұрамыз. Алайда интернет әлі күнге дейін жоқ. Тартылмаған. Басқасын былай қойғанда балаларға мектептен тапсырма берсе, қажет дүниені алу үшін интернетке кіре алмаймыз, – деп шағымын білдірді.

Вице-министр Асхат Оразбек көтерілген мәселелердің бәрін түртіп алып, «жағдайды реттейміз» деп уәде етті.

Әрине, мәселе жоқ емес, жетеді. 2018 жылы байланыс желілерін, интернетті тарту үшін қыруар қаржы бөлінді. Яғни, ауылдық жерлерге де тартылуы тиіс еді. Алайда, түптеп келгенде жұмыстың қалай жүріп жатқаны белгілі болды. Қазір осы мәселелерді жазып алдым. Осы бойынша жұмыс жасайтын боламын. Осы кемшіліктердің орнын толтыру үшін сіздер маған шамалы уақыт берсеңіздер. Осы жерде айтылған сөзім тек уәде болып қалмайды. Жергілікті жерге министрлік өкілдері тікелей шығып, назарда ұстайтын болады, – деді.

Ербол ЕРБОЛАТ. 

Басқа материалдар

Back to top button