Виктор РИКЛЕФС: «Ауылдан дәрігер кетсе, жергілікті билік жауапты»
Денсаулық сақтау салысындағы кадр мәселесі қашанда өзекті. Осы салаға қаншама грант бөлінеді, түлектер бітіріп шығады десек те, тапшы мамандар әлі де жеткілікті. Статистикалық мәліметтер әсіресе, педиатр, ревматолог, терапевт сынды мамандардың жетіспейтіндігін көрсетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ былтыр Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында бұл салаға 4 мыңға жуық қызметкер жетіспейтінін айтқан болатын. Сонымен қатар, ол: «Облыс орталықтарында, әсіресе, аудандар мен ауылдарда білікті дәрігерлер аз. Өйткені, аймақтарда оларға қажетті жағдай жасалмаған. Медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса мән беру қажет», – деген еді. Өмірін медицинамен байланыстырғысы келетін жастарға грант бөлу, ал, жас мамандарға жайлы жұмыс тауып беру туралы «Қарағанды медицина университеті» КеАҚ академиялық жұмыс бойынша проректоры Виктор РИКЛЕФС айтып берді.
– Соңғы бес жылда Қазақстанда медициналық кадрлардың тапшылығы екі есе өсіп, 23 мың маманға жетті деген мәлімет бар. Мұндай тапшылық немен байланысты?
– Мұндай статистиканың нақты немен байланысты екенін айту қиын, бірақ, бұл білім берудегі мәселелерге қатысты емес. Еліміз бойынша медициналық жоғары оқу орындарын жыл сайын 3-4 мың жас маман бітіріп шығады. Бәлкім, өңірлерде жас мамандардың жұмыс істеуіне жағдай жасалмай жатқан болар. Бүгінде мемлекет жас мамандардың баспанамен қамтылып, көтерме ақысын алуына күш салып жатыр. Алайда, мемлекеттік грантты өтеу міндеттемесінің мерзімі өткеннен кейін мамандардың көбісі, әсіресе, ауылдық жерлерде қалмайды. Жас мамандарды ауылдық жерлерде алып қалу мәселесі мемлекеттік саясат деңгейінде жергілікті атқару органдарының қатысуымен шешуді талап етеді. Сондықтан, жас мамандардың ауылда қалуына, еңбек етуіне ең әуелі жергілікті атқарушы билік жауапты.
– Оқу орнында карьералық орталық немесе түлектердің жұмысқа орналасуына ықпал ететін орталық бар ма?
– Университетте ондай бірыңғай орталық жоқ. Бірақ, оқу орнының әр мектебінде (факультетінде) деканның әлеуметтік жұмыс бойынша орынбасары бар. Ол жұмыспен қамту мәселесімен айналысады. Ол денсаулық сақтау басқармасымен тығыз жұмыс істеп, түлектерге бос жұмыс орындары туралы айтуы керек. Әр мектеп өз саласы бойынша сұранысты саралап, біліп отырады. Мәселен, стоматологтар мектебі стоматологтарды, резидентура мен кәсіби даму мектебі резиденттерді орналастырады деген сияқты.
– Оқу орнын биыл қанша түлек бітірді? Бағыттары қандай?
– Биыл 431 түлек оқуын аяқтап шықты. Оның ішінде жалпы практика дәрігері – 268, 24 инфекционист, 12 анестезиолог және осынша невролог бар. Сонымен қатар, психиатр, пульмонолог, отбасылық дәрігер сынды 26 маман бітірді. Мұның барлығы мемлекеттік грантпен білім алған түлектерге ғана қатысты. Біз грантпен оқыған түлектерге міндетті түрде жұмыс тауып береміз.
– Жас мамандарды аймақтарға бөлу қалай жүзеге асырылады? Бұл мәселеде өңірлермен немесе облыстық денсаулық сақтау басқармасымен келісім бар ма?
– Біздің түлектеріміз жұмысқа 100% орналасады. Жас мамандарымыз барлық жерде сұранысқа ие. Денсаулық сақтау басқармасымен келісім бар, олар өз кезегінде жұмыс берушімен келіседі. Еnbek.kz порталында көрсетілген бос орындар бойынша біздің түлектер өздері таңдап алады. Медициналық мекемелер белгілі бір түлекке қатысты өтінішхат жібереді, біз соған сәйкес бөлеміз. Ондай өтініштерді қарайтын арнайы комиссия бар. Дегенмен, таңдау мүмкіндігі түлекте. Түлек таңдаған жұмыс орнын біз ішкі комиссияда бекітеміз, кейін ол шешім республикалық комиссия деңгейінде бекітіледі. «Білім туралы» ҚР Заңына сәйкес, білім берудің келесі деңгейіне өткен мамандар, оның ішінде резидентураға мемлекеттік тапсырыспен өткендер бакалавриат бойынша грантты өтеу міндеттемесінен босатылады. Бірақ, кейін олар резидентура бойынша грантты өтеуі тиіс.
– Түлектердің қаншасы ауылдық аймақтарға немесе шағын қалаларға баруға келіседі?
– Биылғы 431 түлектің 158-і, яғни, 45%-ы ауылдарға бөлінді. Біздің университетке Қарағанды мен Қостанай облыстары бекітілгеніне қарамастан, түлектеріміз республика көлемінде жұмыс істей алады. Себебі, таңдау құқығы түлектердің өздеріне берілген. Олардың тек біздің облыста ғана жұмыс істеуін міндеттейтін талап жоқ.
– Қазір анестезиолог-реаниматолог, терапевт, онколог, педиатр сынды мамандарға қажеттілік басым. Аталған мамандарды даярлау жөнінде айтып өтсеңіз.
– Бұл мамандықтардың барлығы бойынша оқытамыз. Сұранысқа байланысты мемлекеттік гранттар аламыз. Олардың барлығы резидентура деңгейінде білім алады.
– Биылғы жылы білім беру гранттарын беруде қандай да бір өзгерістер бар ма? Қабылдау кампаниясы қалай жүріп жатыр?
– Биыл гранттарды бөлу бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы өзгерді. Алматыдағы ұлттық жоғары оқу орнына көбірек грант бөлінді. Сонымен қатар, Атырау, Маңғыстау облыстарына 10 мың грант бөлінді. Бірақ, бұл гранттардың барлығы негізінен техникалық және педагогикалық бағыттарға бөлініп отыр. Техникалық мамандықтар арасында фармацевтикалық өндіріс технологиясы мен биологиялық және аралас ғылымдар бағыты оқытылады. Олар бойынша біздің университетке Атырау және Маңғыстау облыстарының тұрғындары үшін 100 шақты грант бөлінді. Ал, басқа жұмыстарда өзгеріс жоқ. Қабылдау кампаниясы жылдағыдай өтіп жатыр.
– Биылғы оқу жылында білім алушылардың шәкіртақылары қаншалықты өседі? Ректор тағайындайтын шәкіртақы көлемі ше?
– Шәкіртақы көлемі бізге емес, мемлекетке байланысты. Әзірге шәріктақының көтерілуі туралы ешқандай бұйрық келген жоқ. Ал, ректорлық шәкіртақының тағайындалып келе жатқанына 5-6 жыл болды. Былтыр оның санын 15-ке дейін көбейттік, сондай-ақ, мөлшері де өсті. Оны тағайындау бойынша конкурс ережелері де өзгерді, нақты критерийлер белгіленді. Ректор шәкіртақысын тағайындау кезінде студенттің оқу үлгерімі ғана емес, оның университеттің қоғамдық өміріне белсене араласуы да ескеріледі. Бұрын кімді белсенді, кімді белсенді емес деуге болатынын нықты білмей, бас қатыратын едік. Енді, студенттердің өздерімен бірлесе отырып нақты критерийлерлер анықталды. Сол бойынша балл есептеледі. Алдағы уақытта талантты жастарды да қолдау жоспарда бар. Бұл үшін оқу орны Сенатында жастар ісі жөніндегі комитет құрылды.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.