Брифинг

«Лицензия беру – мемлекеттік қызмет»

Бүгінде мектепке дейінгі ұйымдарда, балабақшаларда сапаны қамтамасыз етуге баса назар аударылуда. Осыған орай құзырлы орган балабақшаларды лицензиялауды қайтадан қолға алды. Бұл қалай жүзеге асырылады? Осы және жаңа оқу жылына дайындық туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте айтылды.

Брифингке облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақтыгүл Әдекенова және білім беру саласындағы бақылауды қамтамасыз ету департаментінің басшысы Санат Мусин қатысты.

Бүгінде облыс бойынша 523 мектепке дейінгі ұйым бар. Оның 426-сы мемлекеттік, 97-сі жекеменшік.

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында білім беру стандартының талаптарына сай келмеуі, қауіпсіздік, өрт және санитарлық нормалар, балабақшалардың тұрғын үй пәтерлерінде жұмыс істеуі, тәрбиешілер тарапынан балаларға қол жұмсау фактілері жиіледі. Осыған орай министрлік еліміздегі барлық балабақшаларды лицензиялауды қайтадан қолға алды. Еске сала кетейік, 2011 жылы балабақшаларды лицензиялау алынып тасталып, барлық баланы балабақшамен қамтамасыз етуге баса назар аударылды. Нәтижесі де ауыз толтырып айтарлықтай. Енді мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында педагогтердің сапалық құрамына, материалдық-техникалық базасына, тамақтану, бейнебақылау, санитарлық талаптар, өрт қауіпсіздігіне тексеріс жүргізіледі. Лицензиялау балабақшалардың санын азайтуды мақсат етпейді. Білім беру саласындағы бақылауды қамтамасыз ету департаментінің басшысы Санат Мусин осылай дейді:

– Мектепке дейінгі ұйымдарда сапалы білім беруді қамтамасыз ету мәселесі жолға қойылды. Балабақшаларды лицензиялау ұйымдар санын азайтуды мақсат етпейді.

Мемлекеттік аттестаттау қайта жүргізілген сәттен бастап мектепке дейінгі 40 мекеменің қызметі тексерілді, оның 35-і (87,5%) мемлекеттік стандарт талаптарына сәйкес келмеді. Яғни, балаларды оқыту тиісті деңгейде жүргізілмеген. Министрлік сапаны қамтамасыз ету бойынша бірқатар шаралар кешенін қабылдауда. Ал, лицензиялау – сол шаралардың бірі. Сонымен қоса, сапаны қамтамасыз ету – кадрларды даярлау, біліктілікті арттыру, білім беру бағдарламаларын жаңарту, аттестаттау және қаржыландыруға байланысты, – дейді департамент басшысы Санат Мусин.

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын лицензиялау кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Атап айтқанда, бірінші кезеңде – жаңа ашылатын мектепке дейінгі ұйымдар лицензияланады. Келесі кезеңде мемлекеттік аттестаттаудан өтпеген ұйымдар, одан кейін барлық балабақшалар тәуекелдерді бағалау дәрежесі бойынша лицензиялаудан өтеді.

– Лицензия алу кезінде мектепке дейінгі барлық ұйымдар бірыңғай ең төменгі біліктілік талаптарына сәйкестігін растауы тиіс. Балабақшаларды сапа стандарттарына сай қылуға уақыт беріледі. Балабақшаларды лицензиялауда сыбайлас жемқорлық тәуекелдері төмен, себебі, лицензия беру – мемлекеттік қызмет. Ол толық автоматтандырылған және лицензиатпен тікелей іс-қимыл жоқ. Бұл тек қана рұқсаттық бақылау жүргізген кезде ұсынылған құжаттардың сәйкестігін тексеретінін атап өткен жөн, – дейді Санат Қабиденұлы.

Сонымен қоса, брифингте облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақтыгүл Әдекенова жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы айтты.

Барлық білім беру ұйымдары жаңа оқу жылына дайындық бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Бүгінде балабақшалар мен шағын орталықтар штаттық режимде өз жұмысын жалғастыруда. 1 маусымнан бастап «INDIGO» автоматтандырылған электрондық платформасы арқылы балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау басталды. Бүгінде облыс бойынша балабақшаларға 5 мыңнан астам өтініш қабылданды.
Сонымен қоса, жыл соңына дейін Саран, Қарағанды қалаларында және Шет ауданында 670 орындық 3 балабақша ашуды жоспарлап отырмыз.
Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін Қарағанды қаласы мен Абай ауданындағы мектепке дейінгі ұйымдарда 9 инклюзивті топ ашылады, – дейді Бақтыгүл Әдекенова.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button