Демократия – бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастырады
Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ елімізде демократиялық институттардың дамығанын айқындайтын Конституцияға реформа жобасын референдумға шығару туралы шешім қабылдады. Ал, аталған реформаларды қабылдау шешімі тікелей халықтың еркіне байланысты. Яғни, көпшілік жақтап дауыс берсе, ұсынылған өзгерістер моделі қабылданады. Ал, қарсы дауыс берсе – онда түзетулер қабылданбайды әрі қолданыстағы модель сақталады. Бұл – қазақстандықтардың ерікті демократиялық қоғамда өмір сүретіндігінің кепілі болмақ. Ал, бәсекеге қабілетті ұлт осындай қоғамда ғана қалыптасуы мүмкін. Демек, Президент айтқан сапалы адами капитал мен сапалы ұлт қана билікке бақылау жүргізе алады. Шешім биліктің ғана емес, халықтың да шешімі болуы үшін көпшілік қоғам өміріне тікелей араласуы тиіс.
Демократиялық қоғамға бет бұрғанымыздың айқын көріністерінің бірі – Конституцияға енгізілетін өзгерістердің қатарында Президенттің лауазымына байланысты шектеулердің болуы. Яғни, 5 маусымдағы референдум кезінде халық ұсынылған өзгерістерге жақтап дауыс беретін болса, Президенттің жақын туыстары үшін квазимемлекеттік секторда саяси лауазымдар мен басшылық лауазымдарды атқаруға шектеу қойылады. Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясына сәйкес Президент – адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепілі. Осыған байланысты, мемлекеттегі ықпалды лауазымдарға орналасу үшін туыстық байланыстарды пайдалану мүмкіндігін болдырмау мақсатында Мемлекет басшысының жақын туыстарының мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдарда басшы лауазымдарға орналасуына конституциялық деңгей де тыйым салу жөнінде ұсыныс айтылады.
Мәселен, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексте жақын туыстарына ата-аналары, балалары, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері, атасы, әжесі, немерелері жатады. Одан бөлек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама да жекжаттар, яғни ерлі-зайыптылардың жақын туыстары үшін шектеулер бар.
Бұл жерде мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарына мемлекеттік органдардың басшылары, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің басшылары, олардың орынбасарлары, әкімдер, сондай-ақ Төтенше және Өкілетті Елшілер және басқалар жатқызылды. Ал, квазимемлекеттік секторға мемлекет қатысатын ұйымдар, мысалы, мемлекеттік кәсіпорындар, ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық компаниялар кіреді. Осылайша, заңнамалық деңгейде тиісті тыйымдар белгіленген жағдайда, мысалы, Президенттің ағасы, әпкесі, балалары «Самұрық-Қазына» немесе «Бәйтерек» сияқты ұлттық компанияларда басшылық лауазымға орналаса алмайды, облыс әкімі бола алмайды немесе мемлекеттік органда саяси лауазымдарды атқара алмайды.
Сонымен қатар, бұл тыйым Президенттің өкілеттіктерін орындау кезеңінде ғана күшіне енетінін ескеру қажет.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тың «суперпрезиденттік» жүйеден бас тартуын шетелдік мамандар да қолдауда. Мәселен, Венгриядағы Түркі мемлекеттері ұйымы өкілдігінің бас шысы, Елші Янош Ховари Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформа ларының жаңа пакеті елдегі қалыптасқан саяси жүйе үшін «айқын серпіліс» екенін атап өтті.
Сонымен бірге, оның пікірінше, бұл өзгерістер оң серпін алса, елде инновациялық экономиканың дамуы жүрмек.
Салтанат ІЛИЯШ.