Қыс қаһарымен сынайды
Қарағанды облысы – республика бойынша электр қуатын көп тұтынатын аймақтар қатарында. Келешекте сұраныс ұлғаяры сөзсіз. Кейінгі жылдары көмірлі өлкеде өндіріс ошақтары көптеп салынып, тұрғын аудандар құрылысы қарқын алды. Қазіргі қажеттілік – 18 млрд. кВт/сағат. 15,5 млрд. кВт-т жергілікті кәсіпорындардан алынады. Қалғаны өзге облыстардан тасымалдануда.
Жақын уақытта энергия қауіпсіздігіне қатысты кешенді жоба қолға алынуы тиіс. Облыстағы энергия орталықтарының барлығы дерлік жетпіс жыл бұрын салынған. Алаңсыз жүрсек, алысқа ұзамасымыз анық. Десек те, атқарушы билік те қарап отырған жоқ.
«ЖЫЛУ ТАПШЫ БОЛМАЙДЫ»
Облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нақыпбековтің айтуынша, келесі жылы Қарағандыдағы ЖЭО-3-тің үшінші жылу желісінің құрылысы аяқталады. Бүгінде 7 мың шақырым құбыр тартылды. Бұл желі Оңтүстік-Шығыстағы жаңа шағын аудандарды жылумен қамтамасыз етеді.
Теміртаудағы да өзекті мәселе жылу еді. Қалаға ЖЭО-2 мен ҚарМАЭС-1 (КарГРЭС-1) жылу береді. Соңғы жылдары қуат жетіспеушілігі айқын көрінді. Тұрғындар суық үйде қалған кездері де болды. Сондықтан, аталған кәсіпорындарда жаңғырту жұмыстары қолға алынуда. Мәселен, 2019 жылдан бері ЖЭО-2-де жетінші қазандық тұрғызылып жатыр. Келесі жылы іске қосылады. Жаңа қазандық 80 Гкал/сағат энергия қорын жасақтауға сеп болмақ.
Бұдан бөлек, Балқашта екі жылу магистралі тартылуда. Алдағы жылы аяқталатын жоба қаланың едәуір бөлігін жылытады.
Сарандықтар келесі жылы орталықтандырылған жылу желісімен қамтылады. Қазір қазандықта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.
Шахан жұрты да дәуір игілігінің қызығын көретін күн алыс емес.
– 2019 жылы Шахан кентінде орталық қазандық құрылысы басталды. Қуаты 116 үйге жетеді. Былтыр 23 үй қосылды. Биыл олардың саны 110-ға жетті. Тиісті іс-шаралар әлі де жалғасады. Жылу тапшылығы болмайды, – дейді Нұржан Нұрланұлы.
Қолда бар дүниені күтіп ұстау да қажет. Аймақтағы барлық ірі энергия көздеріндегі жұмыстар жыл бойы тоқтамайды. 32 қазандық пен 19 турбина жөнделді. Бүгінде 8 қазандық пен 5 турбинада жұмыс жалғасуда.
Жаз мезгілінде облыстағы 7 станция, 680 қазандық, 570 қосалқы электр станциясы және 2 мың шақырымнан астам инженерлік желінің жағдайы жан-жақты пысықталды. 1126 әлеуметтік нысан мен 5,5 мың көпқабатты үй тексерістен өтті. Бүгінде бұл нысандар ойдағыдай қызмет етіп тұр. Нұржан Нұрланұлы атап өткендей, отын қоры да жеткілікті.
– Өңірдегі жеті электр станциясында отын тапшылығы жоқ. Қоймаларда 1 миллион тоннадан астам көмір және 21 мың тонна мазут бар. Облыста 33 көмір сату нүктесі жұмыс істейді. Көмірді тасымалдау маусым айында басталды. Халықтың көмірмен қамтылуы 83 пайызға жетті. Яғни, 972 мың тонна, – дейді басқарма өкілі.
«ҚЫС ҚАТЕЛІКТІ КЕШІРМЕЙДІ»
Биыл облыстың құтқару қызметтері әдетте қар мол түсетін өңірлердегі қадағалауды күшейтпек.
– Тәжірибеге сүйеніп, облыстағы автожолдардың жалпы ұзындығы 747 шақырым болатын 590 учаскесін жіті бақылауға аламыз. Департамент 76 кедергімен жүру мүмкіндігі жоғары көлік пен инженерлік техниканы дайындады. Бұл техника ең қарлы бағыттар – Теміртау, Қарқаралы қалалары, Осакаровка, Молодежный, Ақсу-Аюлы, Атасу кенттері бағыттары бойынша жөнелтілді, – деді облыстың төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ақылбек Ахметжанов.
Сондай-ақ, департамент түрлі құралдар арқылы құлақтандыру жұмыстарын ширатады. Әсіресе, боранды, аязды күндері жолға шықпауға шақырады. Мұз үстінде абайлауға кеңес береді.
– Жақында су бетіне мұз қатады. Жұқа мұзға шығуға, тәуліктің қараңғы уақытында шығуға қатаң тыйым салынады. Тиісті құрылғылармен жабдықталмаған көлікпен мұз үстінде жүруге тыйым салынады. Қыс қателікті кешірмейді, – деді Ақылбек Қосманұлы.
Қыс мезгілінде тұрғын үйлер де жиі өртенетіні белгілі. Өкінішке қарай, иіс тию деректері де көбейеді. Жылыту маусымы басталғалы тұрғын үй секторында 65 өрт тіркелді. 3 адам жарақат алды.
Қайғылы жағдайдың алдын алу мақсатында департамент тарапынан түсіндіру шаралары өткізілуде.
Нұрқанат ҚАНАПИЯ