Облыс әкімі

Халық су, жол, абаттандыруға алаң

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолдар, абаттандыру мәселелерін Шахтинск қаласының және Долинка, Новодолинский, Шахан кенті тұрғындары облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКПЕН кездесуде «Еркін микрофон» форматында көтерді. Сұрақтың басым көпшілігіне сол арада жауап беріліп, қалғандары бақылауға алынды.

Новодолинский кентінің ардагерлер кеңесінің төрағасы су құбыры желілері мәселесін қозғады. Құбырлар әбден тозған, апаттар да жиі. Шахтинск қаласының әкімі Әскербек Халтонов новодолинскіліктерге су құбыры мәселесі шешілетінін атап отыр. Қазірдің өзінде кәріз және тазарту құрылыстарына ЖСҚ әзірленуде. Жеңіс Қасымбек келесі жылы жобаны жүзеге асыруға ақша алу үшін бұл жұмысты жеделдетуді тапсырды.

Шахтинск қаласының Амангелді, Гвардейская, Донской көшелерінің тұрғындары жолдардың жоқтығына шағымданды. Әскербек Халтонов қазір су құбыры желілерінің екінші кезегін қайта жаңарту жүріп жатқанын түсіндірді. «44 шақырым жөнделеді, ол аяқталғаннан кейін жолдар қалыпқа келтіріледі» дейді қала әкімі.

Биыл Абай Құнанбаев даңғылына орташа жөндеу жұмыстары басталды. Бұл Шахтинск қаласының орталығы. Барлық жұмыстарды 2023 жылы аяқтау жоспарлануда.

– Жергілікті бюджет қаражаты есебінен Қазақстан және Станционная көшелерінің автожолдарын орташа жөндеу басталды. Жеңістің 40 жылдығына арналған жолдың екінші желісі аяқталады. Облыстық трассадан қаланың автовокзалына дейінгі кіреберіс жол учаскесіне жарықтандыруды ауыстыра отырып, қосымша орташа жөндеу жүргізіледі, – деді Әскербек Халтонов.

Коммуналдық қызметтерге қатысты көптеген шағымдар түсті. Желілерді жөндеген соң шұңқырлар мен үйінділер қалатыны айтылды. Жеңіс Қасымбек коммуналдық қызметкерлерді өз жұмысына жауапкершілікпен қарауға және барлық кемшіліктерді жоюға шақырды.

Жергілікті колледж оқытушысы тұрғын үйді қашан ала алатынын сұрады. Қала тұрғыны 11 жыл кезекте тұрған. Бүгінде Қазақстанда бірінші кезекте халықтың әлеуметтік осал топтары тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Бюджеттік сала қызметкерлері тек несиелік тұрғын үйге үміткер бола алады.

– Қалада шахтерлерге арналған ипотека іске қосылды. Жыл басынан бері шамамен 70 пәтер берілді. Шахтерлер күніне орай тек Шахтинск бойынша 25-30 пәтер береміз. “Отбасы банкімен” мұғалімдер мен дәрігерлер бойынша мәселені пысықтаймыз. Абайда біз несиелік тұрғын үй салуды бастадық, оны Шахтинск қаласында да іске асыру керек, – деді Жеңіс Қасымбек.

Әскербек Халтонов 60 пәтерлі жаңа несиелік үйдің іргетасы қаланғанын хабарлады. Оны келесі жылы тапсыру жоспарда бар. Шахан кентінде құрылысы аяқталмаған үш көп пәтерлі тұрғын үйді қайта жаңарту үшін ЖСҚ әзірленуде. Осы жылы Шахтинск қаласында үлкен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталады.

Облыс әкімі құрылыс алаңында болды. Мұнда төрт жолақтық бассейн, волейбол, футбол және баскетбол ойнауға арналған әмбебап зал, палуандар мен боксшыларға арналған бөлек залдар, үстел теннисі мен спорт залы бар. Абаттандыру, бассейнді қаптау және жабдықтарды орнату жұмыстары қалды.

Әкім Шахтерлер күніне орай нысанды толығымен аяқтауды тапсырды. Содан кейін қалалық саябақты абаттандыру және қалпына келтіру жұмыстары аяқталуы керек.

Кездесуден кейін Жеңіс Қасымбек азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button