Екпе қажеттілігін жойған жоқ
Халық арасында «эпидемиологиялық жағдай тұрақты болса да вакцинация қажет пе?» деген сұрақ бар. Расымен, кейінгі кездегі статистикалық мәліметтер елдегі және әлемдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанын көрсетеді. Оның үстіне 8 маусымнан бастап Қазақстанда COVID-19 -ға қарсы вакцинацияны немесе ревакцинацияны құжаттық растаудың және шетелден Қазақстанға келгендерге арналған ПТР өткені туралы анықтаманың міндетті талабы жойылды. «Вакцинация сонда да міндетті ме?» деген сұраққа облыстың санитариялық-эпидемиялық бақылау департаменті мамандары брифинг барысында жауап берді.
Аталған департамент басшысының міндетін атқарушы Гүлжан Байгутанованың айтуынша, ПТР-тексеру тоқтатылған жоқ. Ол эпидкөрсеткіштер бойынша да, кәсіби мақсаттар бойынша да жүргізіледі.
– Вакцинацияға келетін болсақ, ол қажет болып қалады, әсіресе, қатер тобына жататын адамдар арасында. Халықтың басқа топтары үшін ол, әрине, ұсынымдық сипатқа ие. Қалай болғанда да, вакцина – бізді аурудан қорғайтын «жеке қалқанымыз». Егер вирус біздің ағзамызға енсе, онда вакцина алған ағза онымен қалай күресуге болатынын білді. Вирустар да өзгеріп жатыр, иммунитетті «айналып өте алатын» жаңа штаммдар пайда болуда. Вакцина олардың барлығына әсер ете алады, – деп түсіндірді Гүлжан Жақтайқызы.
Орталық коммуникациялық қызметіндегі брифингте облыста коронавирус инфекциясы бойынша жағдай тұрақты екені айтылды. Облыс «жасыл» аймақта. Сәуір айында – 10 адам, мамырда 9 адам тіркелген, осы айдың басынан бері 4 жағдай белгілі болды.
– Пандемия басталғалы облыста 151 472 адам індет жұқтырыпты, 150 015-і жазылып шықты. Облыс бойынша репродуктивтік саны бірліктен аспайды және соңғы тәулікте 0,910 құрады, ал, орташа республикалық көрсеткіш – 1,220, – дейді Гүлжан Байгутанова.
Мәлім болғандай, вирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентімен 674 303 егілген, бұл екпе алуы тиіс халықтың 5,1%-ы, ал, жалпы халық санының – 47,2%-ы. Ал, толық курсын алғандар қатары 630 049 адам. Яғни, 70,2% немесе халықтың жалпы санынан – 44,1% екпе Гүлжан Жақтайқызының айтуынша, өткен жылдың 22 қарашасынан бастап облыста 218 793 адам (жалпы халықтың 47,8%-ы) ревакцинация жасатқан. Оның ішінде, 50 551 адам Комирнати вакцинасын таңдапты.
– Аймақта бірінші компонентті 1 154 жүкті әйел (жүктіліктің 16-дан 37-ші аптасына дейін), бала емізетін 6 032 әйел (босанғаннан кейін 42 күннен кейін), 12 жастан 17 жасқа дейінгі 31 707 жасөспірім алды. Ал толық курсын 953 жүкті әйел, бала емізетін 5 150 ана және 28 249 жасөспірім аяқтады. Биылғы жылғы 25 мамырдан бастап ел бойынша қайтадан ревакцинация жүргізу басталғанын білесіздер. 9 маусымдағы дерек бойынша 4 280 адам егілді. Әрбір тұрғын вакциналардың толық курсын алған күннен бастап 6 және одан да көп ай аралықпен қайта вакцинациялай алады, – деп нақтылады спикер.
Облыс тұрғындары, оның ішінде Қазақстан аумағында 3 және одан да көп ай тұратын шетелдік азаматтар, сондай-ақ, вакцинациялаудың толық курсын алған және оған 6 ай өткеннен кейін бустерлік дозаны ала берсе болады. Жалпы, коронавирусқа қарсы қайта вакцинациялауға медициналық-әлеуметтік мекемелердің медицина қызметкерлері, контингенті мен персоналы, әлеуетті құрылымдардың қызметкерлері, педагогтар, пенитенциарлық (қылмыстық-атқару) жүйесі мекемелерінің контингенті, 50 жастан асқан адамдар жатады.
Жансая ОМАРБЕК.