Бас тақырыпБасты тақырып

Оқу жылының алғашқы аптасы: олқылықтар жойылды

Әне-міне дегенше қыркүйектің бірінші аптасы да өте шықты. Жылда алғашқы қоңырау кезінде мектеп алды оқушыларға толып тұрушы еді. Биыл білім ұясы тек бірінші сынып оқушыларына ғана есік ашты. Ормандай оқушысы бар мекеме Білім күнінде жетімсіреп қалғандай. Қоңырауын қағып қарсы алатын ұстаздар да оқушыларымен әлеуметтік желі арқылы қауышты. Ал, шалғай жатқан елді мекендегі жалпы саны 70-тен аспайтын оқушысы бар білім ошақтары дәстүрлі түрде өз жұмысын жалғастыруда.

 

САНДАР СӨЙЛЕСІН

Білім және ғылым министрлігінің дәйегіне сүйенсек, жаңа 2020-2021 оқу жылында 3,3 миллион қазақстандық оқушы, 466 мың колледж студенті және 600 мыңнан астам жоғары оқу орындарының студенті білім алады. Олардың ішінде 352 091 оқушы бірінші сыныпқа қабылданса, оның 70%-ы 6 жасқа толған бүлдіршіндер. Жалпы бастауыш сыныптарда бір миллионнан астам бала оқиды. Олардың 60%-ы ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің өтініші бойынша мектепте ашылған кезекші сыныптарда санитарлық талаптарды сақтай отырып оқуын бастаған.

«Биыл жаңартылған білім беру мазмұнына көшу жұмыстары толығымен аяқталды. Жаңа оқу жылы қарсаңында ел бойынша 35 мектеп ашылды. Жыл соңына дейін тағы 77 білім беру ұйымы пайдалануға берілмек. Жергілікті атқарушы органдар оқушыларды қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін оларға мектеп компьютер мен роутерлерді уақытша пайдалануға берді», – деді білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше аймақтағы 281 мектеп 3 платформа арқылы қашықтан оқытып келеді. Бірінші сыныпқа 24 147 бала қабылданыпты. Қауіпсіздік шараларын сақтау негізінде әр сыныптың сабақ уақытысы әр қилы өтеді екен. Сонымен қатар, мектеп басшысының шешіміне сәйкес кейбір өңірлерде кезекші даярлық тобы құрылды. Ата-аналарының келісімімен санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, 1-2 сағат уақытын мектепте өткізбек.

«Биыл бәрімізге оңай болмады. Елдегі жағдай тұрақталса да, бойымызда әлде бір қорқыныш сезімі қалды. Әсіресе, баламды қатты уайымдаймын. Балам бірінші сыныпқа барды. Мектебінде кезекші сынып ашылып, солардың қатарына ілікті. Күнде 2-3 пән оқиды. «Білім негізі – бастауышта» дейді ғой. Бірінші сыныптан бастап ұстаздың алдында отырып білім алмаған баланың негізі дұрыс қалыптаспай қалады. Былтыр даярлық тобын онлайн тәмамдадық. Сонда ұлым экран алдында отырса да, ойы басқада болатын. Сабақ біткен соң мұғалімнің айтқандарын қайта сұрасам, «білмеймін» деуші еді. Егер бірінші сынып оқушылары онлайн оқыса, баламның не үйренетінін, қандай білім алатынын айта алмаймын», – деді 1 сынып оқушысы Ермектің анасы Анар ханым.

11 СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНА ОНЛАЙН ОҚУ ОҢТАЙЛЫ МА?

Мектеп бітіруші түлек жылда сабақ уақытынан бөлек пән бойынша қосымшаларға қатысатын. Олардың мақсаты – ҰБТ дан сүрінбей өту. Ал, биылғы түлектер қосымша тұрмақ, үйден шыға алмай қалды.

«Жағдайдың күрделі екені бәрімізге аян. Қазір қызым онлайн оқып жатыр. Түске дейін компьютер алдында. Әрине, үйде отырып алған білім мектептегіндей болмайды ғой. Кейде әлеуметтік желінің дұрыс істемеуіне байланысты мұғалімнің айтқан сөздері анық естілмей жатады. Не де болса ел қатарлы көреміз. Ең бастысы – амандық қажет. Жалпы, оқимын деген бала қандай жағдай болмасын оқиды. Білім алуға деген құштарлығы қашан да басым түседі. Қызымның алдағы сыннан мүдірмей өтетініне сенімдімін», – дейді 11 сынып оқушысы Назымның анасы Бибігүл. Ал, Назымның өзі «Мектепте оқығанға не жетсін?! Онлайн оқу барысында қиындықтар барын жасырмаймын. Әсіресе, алгебра пәнінде. Кейде күрделі есептерді түсінбей біраз отырамын. Есепті шығару жолдарын тақтаға сызып көрсеткенде бірден қағып алатынмын. Сабақ аяқталғаннан кейін сол есептерді бір қайтара өзім шығарып дағдыланудамын. Мұғалімге де оңай емес. Желідегі барлық балалармен жеке жұмыс істей алмайды. Есеп беру үшін толтыратын қағаздары және бар», – дейді.

КЕДЕРГІЛЕР ЖОЙЫЛДЫ

«Мектеп табалдырығын енді аттаған балаларды салтанатты түрде қарсы алдық. Күнде келіп жүрген оқушылар секілді, жүздерінде қуаныш бар. Ал, даярлық тобындағы білім алушылар онлайн форматында оқиды. Алғашқыда әлеуметтік желі, техникалық құрылғылары жағынан азды-көпты мәселелер болды. Қазір бәрі оң шешімін табуда. Бірінші кезекте аз қамтылған отбасы мен тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларды қажет құрылғылармен қамтамасыз еттік», – деді Қарағанды қаласындағы №103 мектеп гимназиясының директоры Қымбат Оспанова.

Айта кетейік, білім беру платформалары бойынша әу баста біршама қиындықтар туып, ел дүрліккен еді. Осы мәселе жайлы облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлдана Нұрсұлтан: «Алғашқы күндері қиындықтар туды. Қазір бәрі бір жүйеге келіп, сабақ жалғасып жатыр. Ата-аналарға да арнайы ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде. Оқушыларға жылдағыдай толық кітап таратылды», – дейді.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button