Тұлға

Аңыз адам

Өмірде бір ғана мәрте кездесіп, танысып-біліскеннен-ақ, бауыр басып кететін адамдар болады. «Жақсыда жаттық жоқ» деген аталы сөз дәл осындай жандарға арналып айтылғандай. Ішкі жан-дүниесі бай, мәдениеттің мәйегін бойына жиған мұндай жандар айналасына үнемі шуақ төгіп жүреді. Содан да болар, мұндай жандарға адамзат баласы өзі тартылып тұрады, ортасында болуға асығады, жанында жүргенді құрмет деп бағалайды.

Мен Қарағанды қаласының және Нұра ауданының Құрметті азаматы, ҚР еңбек сіңірген қызметкері, бухгалтер-экономист, өлкетанушы, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Жарылқасын Бикенұлы Бикеновті жоғарыда айтылғандай жаны жайсаң жандардың қатарынан көремін. Жалған дүниені жалпағынан басып жүргенінде-ақ өзінің қарапайымдылығы мен кішіпейілділігімен жанына жақын тартып тұратын ерекше қасиетке ие жан еді.

Жәкеңмен 70-тің желкенін керген мерейтойы қарсаңында таныстым. Телефон шалып, аудан әкімдігінен өзі жайлы мақала жазуыма тапсырма түскенін жеткіздім. Менің жүрексіне хабарласып тұрғанымды бірден байқаған болу керек, жақын арада Нұраға – туған еліне жол жүретінін айтып, «уақытың болса, кездесейік» деді. Мұндай жауапты күтпеген мен қуана келістім.

Кездестік. Жәкеңмен бұрын-соңды таныстығым жоқ мен үшін жаңа әлем ашылғандай болды. Жарты сағатқа жуық әңгімелестік. Жетпіс жылдық ғұмыры санасында сайрап тұр. Жазып үлгерсең болды. Жәкең тоқтамастан, мүдірместен, бір оқиғаның болған уақыты мен келесі жағдайдың мерзімін шатастырмастан әңгімелеп отыр. Өзі жайлы қай жылы қай газетте қандай мақала, кімнің мақаласы шыққанына дейін қағаздан оқығандай етіп айтқан кезде таң қалмасқа амалым қалмады. Жүзбе-жүз кездесуден алған әсерімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Кейіпкерім туралы маған дейін де бір кітапқа жүк боларлық дүние жазылғанын біліп, атақ-даңқы мен өмірдегі сүрлеуі ерекше тағдырмен өрілгенін, өрбігенін танып-біліп, «аңыз адам екенсіз ғой» дегенім бар.

Мақала жазылды. Газетке шықты. Жәкең өзі телефон шалып, «мақалаңды оқып шықтым, жақсы жазыпсың, өркенің өссін!» деп батасын берді. Міне, сол күннен бастап Жәкең мені бауырына тартып, мерекелерде күні бұрын құттықтап, тілекшім болып жүретін. Мен ағаның осындай бауырмал, кішіпейілділігіне көңілім толып, қолымнан келгенше қолғабыс қылуға тырыстым.

Жәкең туралы бұған дейін айтылғандардан асыра айтып, жазылған дүниелерден асыра жазу қиын. Қиын десек те, жазбай кетуге болмас. Сұрапыл соғыстың беті қайта бастаған 1943 жылдың сәуір айында дүниеге келгенімен, соғыстан кейінгі ауыр жылдармен тұспа-тұс келген балалық шағы ерте есеюін күтіп тұрғандай еді. Еңбекке де ерте араласты. Мектеп қабырғасында білім алып жүріп, баламын демеді, ауыл еңбеккерлерімен қатар еңбек етті. 1960 жылы орта мектепті аяқтаған соң «Шахтер» шаруашылығының жұмысшылар кооперациясына есепшінің оқушысы болып жұмысқа қабылданып, аз уақыт ішінде қарымды қабілетімен бірден танылып, бас есепшінің орынбасары болып тағайындалды.

1963 жылы Целиноград қаласындағы кооператив техникумына «Бухгалтерлік есеп» мамандығы бойынша оқуға түсіп, диплом алып шығады. Жоғары білімді Новосібір кеңес және кооперация саудасы институтында алған Жәкең 1968 жылдан есепшілік жұмысқа орналасады. Алғашқы жылдары Нұра ауданы тұтынушылар одағы бас есепшісінің орынбасары, іле Нұра ауданы тұтынушылар одағының бас есепшісі қызметіне тағайындалады. Алғыр жас есепші 28 жасында – 1971 жылы Қарағанды облыстық тұтынушылар одағының бас бухгалтері болып тағайындалады. Бухгалтерлік есеп және бақылау басқармасының бастығы қызметін атқарды. 1973-1998 жылдары Орталық одақ пен Қазақстан тұтынушылар одағының бекітуімен Қарағанды кооператив институтының мемлекеттік емтихан қабылдау комиссиясының төрағасы болып тағайындалады. Осы жылдары аталмыш оқу орнында сабақ берді, бухгалтерлік есепті жетілдіру, оны жаңғырту және автоматтандыру туралы мақалалар жазды. «Бухгалтерлік есеп теориясы» оқулығын жазған авторлық ұжымды басқарды.

«Аңыз адам» деп ат тағатындай атақтың не қажеті бар дерсіз? Жәкең атаққа мұқтаж емес, керісінше, атақ Жәкеңе тәуелді дер едім. Орда бұзар отызын өмірдің бар бояуын қос жанарымен танып-біліп қарсы алды. Ал, қамал бұзар қырыққа барар жолда тағдырдың басына салған тәлкегімен таңды-таңға ұрып, түнді-түнге жалғап, арпалыспен өткен жылдары өмірінің соңына дейін ұмытылған емес. Тосыннан келген кеселмен күресіп, бір емес, алты мәрте ота жасатса да жанары жарық дүниені қабылдай алмады. Тағдырдың басына салған қатал сынағына сынбай, керісінше, қасқая қарсы алып, еңсесін тіктеп, болашаққа жоспарлы түрде қадам басуының өзі ерлікке пара-пар қадам. Отызында білімімен орда бұзса, қайратымен қырқында қамал алып, елуінде ел ағасы, алпысында ақылшы ақсақал, жетпістің желкенін керген тұста елді аузына қаратқан шежіреші, кез келген ортада ойын анық, ашық айта алатын көсем бола білді.

Өмірлік мамандығы – бухгалтер. Жанымен қалаған мамандығына жарты ғасырлық ғұмырын арнап, оның 47 жылын қос жанары қараңғылықтың тас құрсауында жүріп өткізді. Қарағанды облысының тұтынушылар одағының бас бухгалтері қызметінде отырып, сандарды санасында сапырып, көкірегіне тоқып, есеп-қисаптан еш жаңылмастан, абыройына қыл түсірместен басқаруының өзі Жәкеңнің өте таза, әрі ерекше қасиет иесі екенін танытса керек.

1994 жылы еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын берген кезде, қазақтың белгілі ақыны Қайрат Жұмағалиев Жәкеңмен жұмыс орнында кездесіп, жүздесуден туған толғаныстың тылсым күшімен Жәкеңнің өмірін суреттеген «Нұра перзенті» поэмасын дүниеге әкелген екен. Бұл дастанда:

«…Бір адамды осындай-ақ сынасын,

Қатал ТАҒДЫР!

Сынбай қалды шын асыл!

Сүйеу болды кіндік қаны тамған жер

– Сарыарқасы, Шалқып аққан Нұрасы!

Туған жерге терең тамыр жайған соң,

Хас бәйтерек Қалай ғана құласын?!» деген жолдар Жәкеңнің рухы мықты тұлға екенін аңғартса керек.

Жәкеңнің рухани тұрғыдан мықтылығын танытқан тағы бір қыры мықты шежіреші бола білді. Кез келген ортада бойына біткен шешендік қасиетіне сүйене сөйлеген кезде алғаш кездестірген адам тарихшы деп те қалады. Тұрған бойы тұнып тұрған шежіре Жәкеңнің атсалысуымен төрт бірдей атаның ұрпағын таратқан шежіре кітаптары дүниеге келді. Бүгінде ғибратты дүние ел арасына кең тарап, әр шаңырақтың сарқылмас мұрасындай төрінде тұр.

Өмірде екі жағдайда шатасуға болмайды дейді. Бірі – мамандық таңдауда, екіншісі – өмірлік жар таңдауда. Осы екі таңдауда да Жәкеңнің жолы болды. Мамандығы өміріне азық болса, сүйген жары Әнияш Көпейқызы өмірлік темірқазығы бола білді. Өмірдің ыстығын да, суығын да тең бөлісіп, адалдықты ту етіп, айрандай ұйыған отбасының бірлігін бекем қолына алған асыл жары Әнияш апамызға деген Жәкеңнің көңілі ерекше еді. Шынайы махаббат пен сыйластықтан құрылған отбасында өмірге келген Әбілқасым, Гүлшат, Ерқанат – бір-бір шаңырақтың иесі. Аталары Жәкеңнің батасын алған немере-жиендер өсіп келеді.

Бүгінде соңынан ерген ұрпақтың әр қадамына қуанып, тілеулес болып отырған асқар тау ғана не қол, не көз жетпестей биіктеп кеткен. Артында ғұмырын жалғаған ұрпағы, еліне аңыз болып жүріп өткен сүрлеуінің дәлелі – өзі туралы жазылған «Нұра перзенті» дастаны мен «Өмір сынақтарының сыры» атты кітабы қалды…

Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.

НҰРА ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button