Облыс әкімі

Кеншілер мәселесі күн тәртібінен түспейді

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек кеншілермен, кәсіподақ ұйымдарымен және «АрселорМиттал Теміртау» басшылығымен кездесті. Барлық өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, кеншілердің лайықты еңбегі, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жабдықтарды жаңарту мәселелері.

Бүгінгі таңда облыс әкімдігінің бастамасымен шахтерлер мен металлургтердің тұрғын үй мәселесі шешілуде. Арнайы ипотекалық бағдарлама басталды. 61 отбасы жеңілдетілген ипотека алды. Тағы 60 құжат жинау сатысында. «Абай» шахтасындағы қайғылы оқиғадан кейін келісім комиссиясы қабылдаған «АрселорМиттал Теміртау» ұжымдарының талаптарын орындау бақылауда.

Жеңіс Қасымбек нақты жұмыс жүріп жатқанын атап өтті. Бірақ, шахтерлерден өтініштер әлі де келіп түсуде. Жұмысшылар жер астындағы еңбек жағдайларына шағымданады.

Атқарылған жұмыстар туралы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Әлішер Әбенов баяндады. Оның айтуынша, барлық талаптардың ішінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және жабдықты жаңартуға байланысты ұзақ мерзімді сипаттағы төрт тармақ қалды.

Жалақыны көтеру мәселелері шешілді. Ескірген жұмыс көлігін жаңарту басталды. Осы жылға жоспарланған 56 автобустың 12-сі желіге шықты. Жақын арада тағы 14-ін жеткізу күтілуде.

Кадр тапшылығын жою үшін көмір департаментінің кәсіпорындарына ай сайын шамамен 120-130 адам қабылданады.

– Компанияның толық орындалуы тиіс міндеттемелері бар. Біздің кездесулеріміз кеншілер көтерген барлық мәселе шешімін тапқанға дейін жалғасады, – деді Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button