4. Дүниенің мысын басқан мыс
Атан түйеге мінген адам еркін өтер қосжаппалы темір есікті иықпен итере ішке кіргенде бетті шарпыған жалын лебі шекеміздегі касканың шынысын түсірмесімізге қоймады. Зауытқа ғана тән ауыр тыныс. Зілдей қара есік құлағынан ұстағанша тұншықтырып келіпті. Айғай-шу, гүріл-гүжілден бас айналардай. Үйдей шөміштің ернеуінен төгілген қып-қызыл мыс. Мыңдаған жылдар бойғы бабалар кәсібі. Бейбіт заман батырларының қолына өткен… Иә, бұл – «Қазақмыс» корпорациясына қарасты Жезқазған мыс балқыту цехындағы күнделікті жұмыс ырғағы. Үздіксіз, тоқтаусыз жарты ғасыр бойы мыс бұлағын ағызып келеді…
МЫС БАЛҚЫТУ – АТА КӘСІБІМІЗ
«Ата кәсібіміз – мал бағу» деп жатамыз. Бірақ, біз мыс балқытуды да ертеден меңгергеніміз ешкімге жаңалық емес. Сарыарқаның төсінен табылған пештер қалдықтары бұл сөзімізге дәлел. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында металлургияға ерекше мән берді. «…Ежелгі заманда-ақ Қазақстанның Орталық, Солтүстік және Шығыс аймақтарында тау-кен өндірісінің ошақтары пайда болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары алына бастады. Ата-бабаларымыз жаңа, неғұрлым берік металдар өндіру ісін дамытып, олардың жедел технологиялық ілгерілеуіне жол ашты…» дейді автор. Мыс балқытуды елден бұрын игерген бабаларымыз дүниенің мысын басты. Кейін Лондон биржасында мысымызға қарап, әлемнің аузының суы құрыды. Мейманамыз тасыды…
Ашық дерек көздеріне сүйенсек, бабаларымыз металл балқыту ісін біздің дәуірімізге дейінгі екінші мыңжылдықта-ақ қолға алған. Яғни, 12 сағат бойы от жағасыз. Бір тонна отын жұмсайсыз, бір пұт мыс қолыңызда.
Әрине, бүгінгі технологияны ежелгі дәуірмен салыстыруға келмейді. Жезқазғандағы мыс балқыту цехы тәулігіне 600 тонна мысты қалыпқа құяды…
ОТ ОРТАСЫНДАҒЫ ҒҰМЫР
Кеннен таза мыс алу – күрделі технологиялық процестің жемісі. Кенішті аттап өтелік. Алдымен байыту фабрикасынан байытылған концентрат шығады. Бұл концентраттан шихта дайындау цехында шихта әзірленеді. Шихта металлургиялық цехқа жол тартады. Бірінші электр пеші бөлімшесінен штейн алынып, конверторлық цехта балқытылады. Мұнда штейнге түрлі қоспалар қосылып, қара мыс алынады. Сапалық құрамы – 98,8 пайыз. Яғни, конверторлық цехтан кейін мыс анод цехына жеткізіледі. Бізді осы цехтағы жұмыс барысы қызықтырды.
Шөміштегі сұйық мысты металлург жігіттер 1300 градустық пешке қойып, әбден қыздырады. Бабаларымыз сияқты ағаш емес, мазут жағады. Бір ауысымда – 200 тонна мыс. Отпен алысқан сегіз сағат. Үйде шай қайнатып жүрген тоқ пешке саусағыңыз тиіп кетсе, екіүш күн орны тызылдап жүреді. Ал, мұнда жалын атқан мыспен сағаттар бойы арпалысу – ердің ерінің қолынан ғана келетінін мойындайсың еріксіз. Киізбен тұмшаланбасаңыз, тірі қалуыңыз неғайбыл. Бабаларымызды жаздың аптабынан, қыстың аязынан ғасырлар бойы қорғап келген киіз бұл күнде де кәдеге жарап тұр. Заманауи технология арқасында түрлі талшықтар қосылып жетілдірілген, әрине. Бірақ, негізі – киіз.
Анод учаскесінде екі процесс жүзеге асырылады. Тазартады, қалыпқа құяды. Мысты жоғары температураға қыздырғанда шлагы бетіне шығады. Бұл шлакты сүзіп алып, қалыпқа құяды. 24 қалып бар. Әр қалыптың салмағы – 250 келі. Бес сағатта осы қалыптар толтырылуы тиіс.
Цехтағы ардагерлердің бірі Кенжемұрат Қазбеков мыс құю ісін бес саусағындай біледі. Цех табалдырығынан бізді қарсы алған учаске бастығы Айдар Анарбеков жігіттерін мақтап еді. Соның ішінде ардагерлеріне біраз тоқталды. Солардың бірі – осы Кенжемұрат ағамыз. 1985 жылдан бері осы цехта. ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері. Маңызды шаруаның құлағын ұстап отырғанымен қатар шәкірт те тәрбиелеп жүр.
Кенжекең арнайы монитор арқылы шөмішті бақылап отырады. Балқытушылар дайындап берген мысты ысырап қылмай құю – міндеті. Егер, бір қалыпқа кем немесе артық құйылып кетіп жатса, мониторда қызыл шам жанады. Демек, 250 келі рәсуә болғаны. Әлгі қалыпты шешіп алып, қайта балқытуға жіберу керек. Сондықтан, Кенжекең өз ісіне жауапкершілікпен қарайды.
Бұл учаскеден шыққанда мыс құрамы 99,4 пайызды еңсереді. Яғни, анод мысы. Мыс пен күміске бай құрам. Осы байлық вагонеткаларға тиеліп, мысты электролиздеу цехына жіберіледі. Жоғарыда айтқанымыздай, тәулігіне – 600 тонна.
Әрине, айтар ауызға жеңіл жұмыс сияқты. Алайда, сегіз сағат бойы сүймен арқалап, оттың жанында жүру – екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық. «Қазіргі ыстықты қойшы. Мезгіл – қыс. Сіз жаздың кезінде келсеңіз, тозақты көрер едіңіз» деп әзілдейді металлургтер. Бұл – қолқаны алар газды айтпағандағы әңгімеміз. От пен газдың, у-шудың арасында ғұмыр бойы жұмыс істеу оңай емес екені белгілі. Зейнет демалысына Пайғамбар жасында шығатындарын ойласаңыз, қолыңызды төбеңізге қойып безіп кеткіңіз келеді. Учаске бастығы немере сүйіп, көлеңкеде отырар жаста сүймен сүйреп, отқа қақталып жүрген ақсақалдардың арқасында ауқымды шаруа тындырылып отырғанын айтады.
– Ардагерлер – біздің тірегіміз. Мысалы, бұйыртса, биыл жазда зейнетке шығатын Берік Ақпанбетовтің пеш жанында жұмыс істеп келе жатқанына қырық жылға жуықтады. Қалыпқа құюшы Өмірзақ Елубаев, Дүйсенбі Сатыбалдин деген ағаларымыз бар. Өмкең – Қарсақпай зауытынан істеп келген майталман металлург. Жас ұрпақ тәрбиелеуде ұлағатты шаруа жасап келеді. Жастарымыз да жаман емес. Ағалардың айтқанын іліп әкетіп жүр. Ғалым Сарыбаев, Бауыржан Татаев, Марғұлан Момбаев, Арман Аянбаев, Мұрат Омаров сынды жалындаған жас жігіттеріміз көңілімізді қуантады. Ертең біздің орнымызды осы жас жігерлер басады деген үмітіміз мол, – дейді білікті басшы.
Учаскеде 112 адам тер төгіп келеді. Бес бригада үздіксіз ауысып отырады. Үш ауысыммен. Пештер де. Цехтағы төрт пештің біреуі жөндеуге тұрғанда қалғаны іркілмеуі тиіс…
Біз цехтағы технологиялық процестің ой-қырымен танысып жүргенде вагонеткалардың кезекті бір керуені электролиздеу цехына бағыт алды…
ХИМИЯЛЫҚ «СИҚЫР»
Мысты электролиздеу цехын нағыз сиқыр жасайтын цех дерсіз. Демеске ше?! Химиялық процестің арқасында «сиқыр» жасап отыр…
Мұнда әкелінген анод мыстары қаңылтырлары 10 тонналық крандармен арнайы ванналарға тоғытылады. Қаңылтырлар арасына катод матрицалары кезекпен ілінеді. Бұдан кейін электролит сұйықтығы жіберіліп, электр қуаты қосылады. Сұйықтық температурасы 60 градусты ұстап тұруы керек. Қаңылтырлар сұйықтықта бес күн тұрады.
Бес күнде анод еріп, ал, электрондар еріген мысты катодқа тасиды. Тиісінше, салмағы төрт келілік қаңылтыр бес күнде 60-70 келіге жетеді. Жалпақ тілмен айтқанда, «семіреді». Бес күннен кейін қаңылтырды шешіп алып, мысын сыпырып, қайта салады. Тоқ етері, бір қаңылтырды үш мәрте «семіртеді». Яғни, бас-аяғы он бес күн ішінде 4 келіден 180 келіден артық мыс алады. Лондон биржасында жоғары бағаланатын мыс. Ел ауызында «төрт тоғыздық» дейді. 99,99 пайыз. Сиқыр демей көріңіз… Осы әдіспен цех айына 15 мыңнан 19 мың тоннаға дейін мыс алады.
Өлшем жүз пайызбен алынады ғой. «Төрт тоғыздықтан» қалған 0,01 пайыз – құнды металдар. Алтын, күміс, телур, релий, селен сынды. Ұнтақ күйінде ванна түбіне шөгеді. Балқаштағы афинаждау цехы осы шөгіндіні кәдеге жаратып отыр. Алтынын алтынға, күмісін күміске ажыратады.
Бұл химиялық «сиқырды» бізге аталған цехтың бас инженері Нұрболат Байкенов тәптіштеп түсіндіріп берді.
– Біздің цех мыс дайындау желісіндегі мәре саналады. Жартылай автоматтандырылған. Яғни, адам мен техниканың күшімен қаттапшоттап, қоймаларға жөнелтеміз. Қоймада буылып-түйіліп, вагонға тиеліп, экспортқа жол тартады, – дейді бас инженер.
Бүгінде цехта 465 адам үш ауысыммен еңбек етеді. Танымаса да «Ассалаумағалейкум» деп келіп, қос қолдап амандасатын жастар қарасы да қалың көрінді. Жезқазған қазақы қасиеттен айырылмаған жер ғой. Өндірісте қаракөздер қарасының қалың болғаны кеудеге қуаныш та сыйлайды екен. Ардагерлер де баршылық.
– Жастар көптеп келіп жатыр. Бұл жастарды тәрбиелеуге ардагерлеріміз күш салуда. Қайыржан Балабиев, Берік Әбдірахманов, Николай Селиванов, Валерий Гаран есімді ұжымдағы моралдық-психологиялық ахуалды жақсартуда да ықпалы зор. Бірнеше жыл бұрын «цех жабылады» деген сыбыс шығып, жұмыс ақсағанда да осы ағаларымыз елге қазық болды, – дейді Нұрболат Тайтөлеуұлы.
Қайыржан ағамызбен цех ішінде кездестік. Ваннадағы қаңылтарларды көтеріп, өлшем алып жүр екен. Көлденең көк атты мықшыңдар қаңылтырды жалғыз қолмен суырып жүрген қайратына сүйсіндік. Қайрекең отыз жыл бойы осы қаңылтырларды көтеріп келеді. Қазақстан Туын тігіп, шаңырағын көтерген шақта цех табалдырығын аттаған.
– Тоқырау жылдары кімнің маңдайы шылқып жүрді дейсіз. Зауыттар тоқтап, ел босып кетті. Бірақ, бақыт іздегенде қайда барасың? Елмен бірге көрген қиындықты көріп алдым. Тәубе, енді заман түзелді. Жағдай жақсарды. Міне, балаларымды да өз кәсібіме үйретіп жатырмын, – дейді ақсақал.
Қайрекең бүгінде №1 бригаданың электролизшілерінің бригадирі. Бригадасында 53 адам бар. Былтыр корпорация бойынша озат жұмысшы атанды. 1 млн. теңге сыйақыға ие болды. Бұл – жылдар бойы төгілген тердің, мамандығына адалдықтың өтеуі деп білдік біз.
ӨНДІРІС КЕМШІЛІКТІ КЕШІРМЕЙДІ
Азды-көпті кәсіби тәжірибеден түсінгенім, өнідірісте шәкірт тәрбиелеу ісіне баса көңіл бөледі. Өйткені, зауыт, фабрика, шахта сияқты өндіріс ошақтары кемшілікті кешірмейді. Жастарды жиып әкеліп, ұрандатып қоя беретін жер емес. Сондықтан, ізбасар дайындауды міндетті борыш санайды бұл саланың азаматтары.
Нұрқанат ҚАНАПИЯ.
СУРЕТТЕРДЕ:
1. От ортасындағы ғұмыр.
2. Матрицалық қаптар өңдеушісі Айжан СҮЛЕЙМЕНОВА.
3. Анод учаскесінің №21 бригадасы ұжымы.
4. Мысты электролиздеу цехының бас инженері Нұрболат БАЙКЕНОВ пен ардагер электролизші Қайыржан БАЛАБИЕВ.
Суреттерді түсірген Руслан ҚАЛИЕВ.