ҰБТ-ны екі рет тапсыра алады
Биылғы оқу жылы аяқталып қалды. ҰБТ жақындап келеді. Түлектердің мектеппен қоштасатын сәті де алыс емес. Осыған орай оқушыларға аттестат табыстау кезінде мерекелік шараларға қандай шектеулер қойылды? Биылғы ҰБТ қалай өтеді? Сондай-ақ, «Педагогтердің мәртебесі туралы» Заң қалай іске асуда?
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Брифингке облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова және облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Санат Мусин қатысты.
Облыс бойынша 206 мыңнан астам бала оқиды екен. Биыл 363 түлек – «Алтын белгіге» үміткер. Ал, «Үздік аттестатқа» 401 түлек ұсынылған. 9-сыныптағы «Үздік аттестатқа» 1365 оқушы ие. 28 мамыр мен 6 маусым аралығында 9-сынып оқушылары үшін, 27 мамыр мен 10 маусым аралығында 11-сынып оқушылары үшін қорытынды аттестаттау өтеді. Бұл жөнінде облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова айтып берді. Сондай-ақ, жоғары сынып оқушылары тапсыратын қорытынды емтихан жүйесінің қалай өтетінін тілге тиек етті.
– Қорытынды аттестаттау барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, мектеп базасында өткізіледі. Қазіргі кезде мектеп директорларымен жұмыс жасап жатырмыз, – деді басқарма басшысы.
Түлектерге аттестат табыстау 16-18 маусым аралығында мектеп қабырғасында өтеді. Мерекелік шараларға бірқатар шектеулер қойылды. Атап айтқанда, түлектер кешінде аниматорларды, әртістерді, басқа да өнерпаздарды жалдауға рұқсат етілмейді. Мерекелік кешті қымбат мейрамханаларда өткізуге жол берілмейді. Мұны білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова оқушылар мен ата-аналардың есіне салды.
Сонымен қоса, брифингте түлектер жоғары оқу орнына грантпен оқуға түсу үшін конкурсқа қатысуға мүмкіндік беретін ҰБТ-ның биылғы ерекшелігі туралы айтылды.
– Жаңа ережеге сәйкес мектеп оқушылары ҰБТ-ны қалауы бойынша екі рет тегін тапсырады және ең үздік нәтиже ЖОО-да грант алу конкурсына қатысу үшін жіберіледі. 28 сәуір мен 14 мамыр аралығында өтініштер Ұлттық тестілеу орталығының сайты арқылы қабылданады.
ҰБТ-ға осы жылдың және өткен жылдардың түлектері, сондай-ақ, колледж түлектері қатыса алады. Тестілеу прокторинг пен бейнебақылаудың заманауи жүйесімен қамтылып, электрондық форматта өтеді, – деді Гүлсім Шабданқызы.
Сондай-ақ, облыс бойынша тестілеу өтетін үш аймақтық мекенжай хабарланды. Қарағанды қаласында Қазақстан көшесі, №15а үйінде, Балқашта Қараменде би көшесі, №17-де, ал Жезқазғанда Байқоңыр көшесі, №123а үйде өтеді.
– ҰБТ-ға қатысушылар үш міндетті және екі бейінді пәннен тест тапсырады. Тестілеуден өту уақыты – 240 минутты құрайды. Ал, ең жоғары балл – 140 балл. Барлық сұрақтар бойынша (8-7212) 25-25-02 және 8-747-491-12-91 нөмірлеріне хабарласып, білуге болады. Жедел желі қызметі барлық білім бөлімдерінде жұмыс істейді, – деп хабарлады басқарма басшысы Гүлсім Қожахметова.
Ал, «Педагог мәртебесін қорғау» туралы заң облыс көлемінде қалай іске асуда? Бұл туралы облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Санат Мусин айтты.
– Бұл заңның негізгі мақсаты – педагогтердің құқықтарын қорғау. Заң бойынша педагогтерден артық есеп беруді талап етуге, сонымен қатар, педагогтің кәсіптік қызметіне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға, оларға тауар және қызметтерді сатып алу міндеттерін жүктеуге болмайды. Заң бұзылса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің бастамасымен білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің жанынан консультативтік кеңесші органдар құрылды. Мұнда педагогтер және ата-аналар жүгіне алады. Білім беру ұйымдарында шешілмейтін мәселелерді тікелей айтып, әдістемелік және консультативтік кеңес алуға болады. Департамент әлеуметтік желілерде өтініштер бойынша мониторинг жүргізеді. Сондықтан, білім саласында заң бұзушылық кезіккен жағдайда бірден департаментке хабарласу керек, – деді Санат Мусин.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.