«Қазпошта» сынға жауап қайырды
«Қазпоштаның» біздің сын садағымызға сан мәрте ілінгенін білесіздер. Газетке жазылушыларымыздың шағымы өте көп. Газет жеткізу мәселесінде кедергілер бар. Кеше «Қазпошта» АҚ Қарағанды филиалының директоры Мүсіреп ХАСЕНОВ «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің басшылық құрамымен кездесу өткізді. Жиында аталған ұйымның жұмысын оңтайландыруда алға қойған мақсат-міндеттері жайлы әңгіме өрбіді.
«Иә, кейінгі кезде біздің ұйымға шағымның көп түскенін жасырмаймыз. Оның үстіне басылым беттеріне біз жайлы сыни мақалалар жарық көріпті. Қазір сол олқылықтың орнын толтыру жөнінде жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Тиісті мекенжайларға газеттің кеш жеткізілуі, мүлдем жеткізілмеуі туралы зерттеп, зерделеп жатырмыз. Алдағы уақытта нәтижесімен міндетті түрде бөлісетін боламыз», – дейді Мүсіреп Мұратұлы.
Сонымен қатар, мекеме басшысы алға қойған ауқымды жоспарларымен де бөлісті. Жұмысты барынша жүйелі етуге күш салып жатқандарын айтады. Мәселен, мұндағы басты мәселелердің бірі – қызметкерлердің жалақысы. Жалақылары соңғы рет 2022 жылдың мамыр айында 10 пайызға ғана өсіпті. Негізгі себебі де – аз жалақыға мамандардың тұрақтамауы.
Пошташылардың, операторлардың, жүргізушілердің, экспедиторлардың және компанияның басқа да өндірістік қызметкерлерінің жалақысын индексациялады.
Сонымен қатар, «Қазпошта» АҚ өндірістік, қаржылық және басқа да қызметті тиімді басқару үшін жалпы әкімшілік шығындарды оңтайландырып, басқару құрылымын қайта қарайтын болады. «Қазпошта» халық арасындағы ең көп сұранысқа ие қызметтердің тарифтерін – салмағы 2 келіге дейінгі салымдары бар пошта жөнелтілімдерін (сәлемдеме) жеке тұлғаларға жеткізу қызметінің тарифін төмендеткен.
– Қазпошта басшылығы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылға бекітілген тарифтерді төмендету туралы шешім қабылдады. Бұдан былай салмағы 0,5 келіге дейінгі сәлемдемені Қазақстан бойынша жіберу құны – 900 теңгенің орнына 857 теңге, салмағы 1 келіге дейін – 1000 теңгенің орнына 900 теңге, 2 келіге дейін – 1200 теңгенің орнына 1130 теңге болды. Төмендетілген тарифтер 2022 жылғы 1-жартыжылдық ішінде қолданылады, – дейді Мүсіреп Мұратұлы.
«Қазпошта» өкілінің сөзінше, ықпалды ұйым жеке тұлғаларға ғана емес, бизнес өкілдеріне де тиімді жобалар қарастыруда. Шалғайдағы ауыл тұрғындарының сапалы тауарға қол жеткізуін бір ізділікке қоюды жоспарлап отыр екен. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының шоттарын Қазпошта бөлімшелеріне бармай-ақ post.kz-те онлайн ашуға болады. Не десек те, жұмысты оңтайландыру үшін онлайн қызмет көрсету сапасын арттыруды көздеуде. Сонымен қатар, телефон арқылы газетке онлайн жазылуды да қолға алатындарын айтады.
Өз кезегінде «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің директоры Қамбар Ахмет «Қазпошта» ұйымының басшысына берген мәліметтері үшін алғысын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі. Қос тарап алдағы уақытта да жиі кездесіп, әріптестік ынтамақтастықты нығайтуға уағдаласты.
Қасымхан ҒАЛЫМ.