Президент тапсырмасын орындай отырып...

Жұрт жеңілдетілген несиеден үмітті

Рас, көліктің қазіргі бағасы көптің көңілін көншітпей тұр. Мейлі, салоннан алыңыз, мейлі жүрілгенін іздеңіз. Бағасы аспандап тұр. «Koleso.kz» бағдарламасын ашсаңыз, ескі көліктеріңіздің өзі 2 миллион теңгеден кем тұрмайды. Бір байқағаным, дәл қазір көліктің өту, өтпеуі екіталай. Құны сонда да шарықтап тұр. Мәселен, былтыр 3 миллионға алған көлігімнің дәл қазіргі бағасы 3,5 миллионнан жоғары. Мен де осы бағамен сатылымға қойғанмын. Айтқандай, ешкім хабарласпады. Неге? Өйткені, халық Үкіметтің жеңілдетілген несиесінен һәм утильалым ретке келтірілген соң, көлік арзандауынан үмітті.

 

Сарапшылар не дейді?

Утильалым мен 4 пайыздық жеңілдетілген автонесие шеңберінде Үкімет жедел қимылдап-ақ жатыр. Бірақ, сонда да автокөлік бағасының түсер түрі жоқ. Ал, халық болса баға ретке келтіріліп, бір-бір көлік мінетіндеріне үмітті. Әліптің артын баққан секілді, бәрі бағаға реформа орнағанын күтіп отыр. Ал, көлігі барлар ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланғысы келеді. Пұлды боп тұрғанда саудаламақшы. Біздің ойға, қырға шапқанымыз жарамас, сарапшылардың салмақты пікірлеріне көз жүгіртсек…

Автокөлік нарығының сарапшысы Артур МИСКАРЯН:

Соңғы жылдары Қазақстанда бастапқы баға сегментіндегі автокөліктерге сұраныс жоғары. Сондықтан несиеге 10 миллион теңге беру ұсынысы түсінікті және өте орынды. Әлем бойынша көлік бағасының өсуіне байланысты осы сегменттегі көлік модельдеріне сұраныс өсе бермек. Аталған сомаға Lada, Chevrolet, Hyundai, Kia, Renault, JAC және УАЗ сынды көліктерді қарастыруға болады. Қазақстандық нарық ауқымында бұл тізімнің өзі айтарлықтай, алайда өндірушілер мен дилерлердің қоймасында бұл көліктер бар ма – бұл басқа мәселе. Әлемдік көлік тапшылығына байланысты қолжетімді автокөліктер саны қысқаруы мүмкін. Дегенмен бұл мәселемен қазір барлық әлемдік автоөндіруші күресіп жатыр. Тұтастай алғанда, мұндай шара барлығына: тұтынушылар (жеңілдетілген несиелеу бағдарламасындағы пайыз), мемлекет, банкт, өндірушілер үшін де тиімді.

Экономист Арман БАЙҒАНОВ:

– Жаңа бағдарлама көлік бағасының өсуіне әкеліп соғады. Қазір коронавирус, инфляция, микрочиптердің жетіспеушілігіне байланысты бүкіл әлемде көлік бағасы қымбаттап жатыр. Ал, отандық көліктерді алуға қомақты қаржы бөлу олардың тағы да 10-20 пайызға қымбаттауына әкелуі мүмкін. Оған қоса, қазір Қазақстанда қосалқы бөлшектерді жеткізу қиындығы бар.


«5-25 пайызға өскен»

Мамандардың пікірін саралай келе жалпы көліктің құны 5-25 пайызға өскенін байқаймыз. Және бұны бір себеппен ғана шектей алмаймыз. Әуелі, жаһанды жайлаған пандемияның салдарынан зауыттарға көлік бөлшектерін жеткізу едәуір қиындады. Мәселен, кейбір компанияларға Қытайдан электроника құралдары уақытында жеткізілмеді. Содан көлік шығару жұмысы көп-көрім баяулады.

Жасыратыны жоқ, қазірдің өзінде автосалонға барсаңыз, кейбір маркалар жоқ дейді. Екі-үш ай күту керек. Ал, жаңа тапсырыс жаңа бағамен келмей ме?

– Былтыр металл бағасы күрт көтерілді. Осыдан кейін көліктер де қымбаттай бастады. Онымен қоса, Ресей, Армениядан әкелінген мыңдаған көліктердің де әсері бар. Алдағы уақытта күтпеген жағдайлар болмаса, көлік бағасы арзандамайды. Мәселен, рубльдің бағасы күрт төмендеген жағдайда ресейлік көліктер біршама арзандауы мүмкін. Бірақ, ондай өзгерістің болуы екіталай. Бірақ, соңғы бес жылда көлік бағасының түскенін көрмедім. Сондықтан, мінілген жақсы көлік тапсаңыз, сатып алыңыз. Өйткені 1 миллион теңгеге алған көлігіңіз үш айдан кейін 1 миллион 200 мың теңге болады, – дейді тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоков.

«15 мыңнан аса өтініш түскен»

Не десек те, елдің автонесиеден үміті мол. Қазір уәкілетті мемлекеттік органдар жеңілдікпен автонесиелеудің жаңа бағдарламасының 2 нұсқасын қарастырып жатыр. Бірінші нұсқада жеңілдікпен берілетін несиеге 4 жылға (бірінші жылға – 30 млрд.) бөліп, 150 млрд. теңге қаржы бағыттау қарастырылуда. Несие беру шарттарын 2015 жылдан іске қосылған ескі бағдарламалармен бірдей етіп қалдыру ұсынылады.

Екінші нұсқа халықтың әлеуметтік осал топтарына бастапқы жарнасыз несие беруді қарастырады. Бұған дейін ҚР Премьер-министрі атап өткендей, оған ӨКМ (РОП) операторы компаниясында жинақталған қаражаттан шамамен 100 млрд. теңге бөлу ұсынылады.

– Сондай-ақ, бір адамға берілетін несие шегін 7 млн. теңге қылу бастамасы талқыланып жатыр. Бұл ұсыныс қабылдана ма, жоқ па, ол жағы экономикалық тиімділігі мен мақсатына байланысты айқындалады. Қалай болғанда да, екі нұсқа да қазіргі уақытта межесіне жеткен жоқ. Сондықтан нақты шешімдер туралы айтуға әлі ерте. Жалпы алғанда, биыл барлық құжаттық және заңдық процестері аяқталғанда жеңілдікпен автонесиелеудің жаңа бағдарламасы іске қосылады, – дейді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз хатшысы Жанжігіт Омархан .

Осы орайда үкімет басшысының тағы бір сөзі еске түседі. Әлихан Смайылов 100 млрд. теңге «эконом-класс» санатындағы отандық көліктерді сатып алуға бөлінеді деген. Соған қарағанда жаңа бағдарлама бойынша қымбат көліктерді рәсімдей алмаймыз.

Министрліктің жоспарына сәйкес, биыл барлық құжат рәсімделіп, нормативтік актілерге өзгеріс енгізіледі. Осыдан кейін жеңілдетілген автонесие бағдарламасы іске қосылады.

Премьер-министр Әлихан Смайылов болса, жаңа бағдарламаны қабылдау үшін «бірнеше ай қажет» деген еді. Демек, жазға қарай жеңілдетілген автокредит бағдарламасының жаңа нұсқасы қолға алынуы әбден мүмкін.

Айта кетейік, аталған автонесие арқасында 80 мыңнан аса отандасымыз темір тұлпар тізгіндеген еді. Енді, қазірдің өзінде жаңа көліктен үмітті 15 мыңнан аса тұтынушыдан өтінім түсіп отыр екен. Былтыр тапсырыс берушілер су жаңа отандық көлігін айлап күткен еді. Машина құрастыру зауытының басшылығы биыл бұл келеңсіздікті қайталанбайды деп отыр. Қостанайлық өндірушілер биыл 70 мың көлік шығаруды жоспарлап отыр. Бірақ, былтыр 20 пайызға қымбаттаған өнімнің құны енді одан арзандамайды дейді. Бәріне уақыт таразы…

Қасымхан ҒАЛЫМ. 

Басқа материалдар

Back to top button