Алқалы жиында – Абыз бейнесі
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Кетбұқа – жырау, аталық қолбасшы» тақырыбында республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті. Жезқазған қаласы әкімдігі, Жастар ресурстық орталығы және «Жастар Одағы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған шараға Астана, Қарағанды, Жезқазған, Ақтөбе, Арқалық қалалары мен Ұлытау ауданынан мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, мәслихат депутаттары, жоғары және орта білім беретін оқу орындарының оқытушылары, мектеп оқушылары қатысты.
Отызға жуық ғылыми-теориялық жобаның басын қосқан конференцияны Қазақстан Жазушылар одағы және Журналистер одағының мүшесі, ақын, «Тілтану орталығының» директоры Ғ.Ештанаев ашып жүргізді. Жезқазған қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы С.Нұрлыбаева конференция жұмысына сәттілік тіледі. «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық қорының төрағасы, техника ғылымдарының кандидаты, еңбек ардагері, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Т.Бүкіров ізгі лебізін жеткізіп, жастарға ағалық батасын берді. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық құқық кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы, профессор Ж.Ибрагимов «Қазақ билерінің құқықтық санасының кәсіби құқықтық мәдениетті жетілдіруге ықпалы» тақырыбында баяндама жасады. Ал, «Ақсақ құлан» тарауларының Маңғыстау жерінде сақталуы жайындағы деректі Қазақ ұлттық өнер университеті, домбыра кафедрасының аға оқытушысы, Маңғыстау күйшілік мектебінің өкілі Ж.Қадірқұлов жұрт назарына ұсынды. Кетбұқа бабамыздың ғұмырын зерттеуші, Жезқазған тарихи-археологиялық музейі тарих және археология бөлімінің басшысы Ғ.Әуезов «Кетбұқа ноянның тарихи портретіне ізденіс» тақырыбында ой қозғады.
Жарыссөзде Жезқазған музыкалық колледжінің оқытушысы, тарихшы, археолог Л.Сенбинова бұл конференцияның, әсіресе жастарға берері мол екенін айтты. Жезқазған медициналық колледжінің студент Д.Тұрмысов Кетбұқа жырларын өлкетану сабағына енгізу мәселесін көтерді.
Конференция қорытындысында Шыңғысханның замандасы, даңқты қолбасшы, кемеңгер күйші Кетбұқа жырау өмірін зерттеу, дәріптеу мақсатындағы нақты ұсыныстар қабылданды. Жастар ресурстық орталығының директоры Б.Көпбаев конференция Үндеуін оқып, белсенді қатысқандарға сертификаттар табыстады.
Өз тілшімізден.