Бас тақырыпЖаңалықтар

Бизнестегі бетбұрыс

Қазір Балқашта шағын және орта бизнестің кәсіпкерлікпен айналысатын 4050 субъектісі тіркелген. Оның ішінде: заңды тұлғасы – 461, жеке кәсіпкер – 3550, шаруа қожалығы – 30. Биылғы сегіз айдың дерегіне сүйенсек, бөлшек сауданың басым бөлігі (57,6%) солардың үлесіне тиеді.

Балқашта 36 нысан жалға баспана береді: мейрамханалы – 4, мейрамханасыз 10 мейманхана, 3 мотель (автотурист мейманханасы), 3 демалыс пансионаты, бір қабатты 16 бунгало (жеңіл тұрғынжай). Олардағы 639 бөлменің 30-ы люкс, 395-і стандартты. Жылдың сегіз айында 126 миллион 842 мың 800 теңгенің туристік қызметі көрсетілді. Бұл – былтырғыдан 100,4% артық.

Нәтижелі жұмыспен қамту мен кәсіпкерлікті жаппай дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Осы бағдарлама аясында биыл маусымда жеке кәсіпкер Бейсембаевтың тұрғын емес үй-жай жөніндегі жобасы қаржыландырылып, қосымша екі жұмыс орны ашылды.

Мемлекет басшысының төртінші әлеуметтік бастамасына сәйкес, Саяқ және Гүлшат кентінің 20 тұрғынына шағын несие беру үшін қосымша 46,7 миллион теңге қаражат қарастырылды. Ол “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ Қарағанды филиалы арқылы жүзеге асырылады.

“Атамекен” кәсіпкерлер ұлттық палатасының Қарағанды облысындағы бөлімшесі ұйымдастырған “Бизнес-Кеңесші” жобасы бойынша сегіз жұмыссызға кәсіп керлік негізі оқытылды. Осы ұлттық палатаның Балқаш филиалы арқылы Саяқ пен Гүлшатта тұратын 6 кәсіпкердің 21 миллион теңгеге бағаланған бизнес-жоспары маусымда “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының ” қарауына жіберілді.

Тамызда жеке кәсіпкер Ж.Өнербековке мал шаруашылығын дамыту үшін 3,7 миллион теңге шағын несие берілді. Қазір мал бағуға бет бұрған гүлшаттық жеке кәсіпкер Е.Жиренше — 3 миллион теңге, азық-түлік дүкенін ашуды ойлаған саяқтық жеке кәсіпкер К.Сембекова 3,5 миллион теңге шағын несие алу үшін кезегін тосып отыр.

– Елбасы Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында “салық амнистиясы” жөнінде мәселе көтеріп, Үкіметке нақты тапсырма берді. Бұл – өз қызметінде кездейсоқ кедергі мен күтпеген қиындыққа кез болып, қолайсыз жағдайға қалған шағын және орта бизнес өкіліне көрсетілген үлкен көмек. Сондай-ақ, Елбасы кәсіпкерді заңсыз қысым көрсету мен қорқытудан қорғау керектігін, ондайға жол бергендерге қатаң шара қолдану қажеттігін қадап айтты. Демек, бизнес саласының қарқынды дамып, ел экономикасының өркендеуіне кәсіпкерлердің елеулі үлес қосуына сенімді алғышарт жасалды, – дейді қаладағы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Байзақ Әлмағанбетов.

Әлібек ӘБДІРАШ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button