Бас тақырып

Мал өсірсең – қой өсір

Несін жасырайық, ата кәсібіміз қой шаруашылығының көші тұралап тұр, бүгінде. Статистика мәліметтеріне сүйенсек, облыс бойынша 2014 жылдан бері ұсақ мал 180 мыңға кеміген. Яғни, 16%-ға. Былтырғы жылғы есеп бойынша, ұсақ мал саны – 931400. Жалпы алғанда, қазақстандағы қой саны – 18 661 200. Оның – 1 398 700-і ғана біздің облысқа тиесілі. Саланы сүлесоқ еткен кедергілерді жоюдың жолдары бар ма деген мақсатпен тәжірибелі маман- дардың басы қосылған жиында айтылды бұл мәліметтер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы мен «бірге» жалпыұлттық акциясы аясындағы ұсыныстарды іске асырудың іс-қимыл жоспарындағы «Ауқатты және заманауи ауыл» тарауы Жаңаарқа ауданы, Түгіскен ауылында «Қарағанды облысы бойынша қой шаруашылығының қазіргі жағдайы мен даму бағыттары» атты семинар-кеңесінде кеңінен талқыланды. Олай болса…


Иә, көрсеткішіміз – тым төмен. Мысалы, қой өсірудің тиімсіздігінен кейінгі 5 жыл ішінде аналық қой саны 63 мыңға кеміген. Қазіргі күні қой өсірумен 1369 шағын шаруашылық айналысып отыр. Бір шаруашылықта төлімен қоса есептегенде орташа 647 қой бар. Ал, 3 мыңнан аса қойы бар ірі шаруа қожалықтарының саны небары – 8. Бұл көрсеткіштер – қой басының азайып кетуінің анық айғағы.
Осы ретте оның басты себептерін сөз етсек, қой етіне нарық сұранысының азаюы, бағаның төмендеуі және жүні мен терісінің өтпеуі. Осыған байланысты еңбекақы құнының азаюынан еселі еңбекті қажет ететін салада жұмыс күшінің азаюы. Сол себепті, саланы дамытуда өнімді өткізу алғашқы мәселелердің бірі болып тұр.
Өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға барған сапарында қой етін өткізу жөнінде келісімге қол қойған болатын. Нәтижесінде, облыстағы «Арай KZ» ЖШС 31 тонна ет өткізіп, Қытай нарығында жоғары бағаға ие болған. Сонымен бірге, Иран мемлекеті де аталған өнімге зор сұраныс білдіріп отыр. Аталған мемлекеттермен «Арай KZ» ЖШС – 2000 тоннаға, «Қоянды» кооперативі 500 тоннаға дейін ет экспорттауға келісім-шарттар жасасқан.
Сонымен қатар, асыл тұқымды мал санын көбейтіп, оның үлес салмағын арттыруды көздеп отыр тәжірибелі мамандар. Бүгінгі күні облыста небары 33 700 бас асыл тұқымды қой бар. Оның ішінде үлесі бойынша: сарыарқа қой тұқымы 37%-ды, қазақтың құйрықты қылшық жүнді қойы 31%-ды, еділбай тұқымы 18%-ды және дегерес тұқымы 14%-ды құрайды.
Қазіргі уақытта, ұзақ мерзімді етті бағыттағы мал шаруашылығын арттыру бағдарламасы аясында облыс бойынша қой шаруашылығын дамыту жоба сы жасалып, жүзеге асуда. Осы жобаға сәйкес 2018-2028 жылдар аралығында 900 мың қой малын сатып алу жоспарланған. Жоба қаржыландыру жағынан толық қамтамасыз етілген. Ұзақ мерзімге (10 жыл) төменгі пайызбен несие қарастырылған. Осының аясында өткен жылы облыс бойынша 15 мың қой сатып алынса, ағымдағы жылы 450 млн. теңге көлемінде несие беріліп, 11 500 қой қораланды. Сонымен қатар, Жаңаарқа ауданының «Бірлестік», «Қайрат – 2» шаруа қожалықтары өз қаражаты есебінен қой сандарын еселеген.
Тағы бір ірі жобалардың қатарына 2020 жылдан бастап іске қосылатын Ақтоғай, Шет аудандарындағы «Өңделген қой етін экспортқа өткізу үшін қой шаруашылығының мега-фермасын құру» жұмысын жатқызуға болады. Қой шаруашылығында жаңа шаруашылықтар ашу, қолда бар мал басын көбейту арқылы 3 мыңға тарта қосымша жұмыс орындарын ашу жоспарлануда.
Маман тапшылығының машақатын да сөз етті қатысушылар. Жастардың көбісі жер-жердегі карьерлерде вахталық әдіспен еңбек етеді. Атқа мініп, қой бағуға ешкімнің құлқы жоқ екені, сол себепті қой бағуға да, вахталық әдісті енгізу керектігін ұсынды. Билік өкілдері де саланы тұрақты түрде айналысатын маман жұмыскерлерімен қамтамасыз етуді алға тартты. Еңбекақы төлеуді түбегейлі жақсартатындарын жеткізді.
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Серік Шайдаров еңбекақы төлеу, жұмыскерлерді жұмылдыру мәселесі бойынша «Жеңіс», «Отқанжар» ЖШС-нің озық тәжірибелерін пайдалану қажет екенін атап өтті.
Сондай-ақ, Жаңаарқа ауданының әкімі Юржан Бекқожин «Бірлестік» шаруа қожалығының басшысы Қуат Ахметовтың жобасын сөз ете кетті. Өзінің қаражаты есебінен құны 220 млн. теңгені құрайтын ет өнімдерін өндіру бойынша дайындалған инвестициялық жоба жылына 79 тоннаға дейін ет өндірмекші. Айта кету керек, кәсіпкер Қуат Сәтжанұлы Моңғол республикасының Баян Өлгей аймағынан 12 отбасын елге әкеліп, оларды жұмыспен қамтып отыр. Бұл игілікті істің көпке үлгі болатынына дау жоқ.
Ал, «Жеңіс» асыл тұқымды зауыты» ЖШС директоры Жамбыл Жүндібаев ауыл тұрғындарына демеушілік ретінде жүйе қалыптастырған екен. «Біз акт бойынша аналық қойларды ауылдағыларға жалға беріп, оның төлімен есеп айырысамыз. Яғни, 2 жылғы төлін бізге табыстағаны үшін, қалған кәрі аналық қойларды жеке меншіктеріне қалдырамыз. Жүйенің іске асқанына 3 жылдай уақыт болды» дейді.
Өкінішке қарай, бүгінде толық игерілмей жатқан жерлердің бір-бір иелері бар. Тіпті, ауыл іргесіндегі жердің дені жалға беріліп қойған Алайда, ол жерлердің иелері игілікті істе самарқаулық танытып отыр. Мал басын көбейту үшін алдымен жайылым мәселесін шешуге тура келеді деген ұсыныстар да айтылды. Облыс бойынша тіркелген – 35 347,5 мың гектар жайылымдық жердің, 12 803,4 мың гектары (36,2%) шаруа қожалықтарының иелігінде екен. Жер мәселесін түпкілікті қарастырып, оң шешімін табатындығына сендірді. Айта кетейік, жалпы алғанда 1537 қыстақ пен жайлаудың 221-і электр қуатымен, 1199-ы электр станциялары және күн батареялары арқылы электр энергиясымен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, қой шаруашылығындағы қырқын, тоғыту, бағу сияқты жұмыстарды жеңілдету керектігі талқыға салынды. Яғни, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес осы салаға да цифрландырудың жаңаша элементтерін енгізу және жеңілдетілген конструкциямен салынатын мал қораларының жоба0сы керек екенін сөз етті.
Бүгінгі күні қойды қолдан ұрықтандыру жұмыстарымен тек «Жеңіс» асыл тұқымды қой» ЖШС мен «Әлішер» шаруа қожалығы ғана айналысып келеді. Оған да мемлекет тарапынан қолдау шаралары қарастырылған. Дүниежүзілік тренд қой еті болған соң, оның ішінде сұраныс құйрықсыз қой етіне артуда. Осы себептен қойдың құйрығы жарамсыз танылып, фермер әр бастан 1,5-2 кг салмақ жоғалтып отыр. Осыған сәйкес ғалымдарға сұранысқа сай жаңа, өндіріске қажетті тұқымдарды шығару мәселесі туындауда. Осы орайда, академик Төлеухан Садықұлының облыс төңірегінде бірнеше (Дегерес, Сарыарқа) жаңа тұқымдарды шығару, бар тұқымдардың генетикалық мүмкіндіктерін жаңғырту бағытында атқарып жатқан жұмыстарын атап өту керек.
Қызу талқыда болған мәселенің бірі – қой жүні. Бүгінгі таңда қажетке мүлдем жарамаған соң, амалсыз қоймаға сыймағандарын өртеп әуре болады екен. Қазіргі кезде киімнің басым бөлігі синтетикалық материалдан тоқылады. Елімізде жылына 37 мың тонна жүн өндіріледі. Бұл жүннің 5500 тоннасы ғана шетелге кетеді, 5500 тон-насы өзімізде өңделеді, ал 26 мың тоннасы кәдеге жарамай қалады. Бұған қоса қой терісінің 99,8%-ы далаға тасталатыны осының көріксіз көрінісі. Десек те, жүнді өткізуге және оны қайта өңдеуге шетелдік инвесторларды тарту – басты назарда.
Осы аталған даму бағыттарына сәйкес 2028 жылы қой басын 1,9 миллионға, асыл тұқымды қойдың үлесін 20-25%-ға, қой еті экспортының көлемін 3,6 мың тоннаға жеткізу міндеттері тұр.
Аталған шараға Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігінің департамент басшысы Еркебұлан Ахметов, белгілі ғалымдар, республикалық қой өсірушілер палаталарының өкілдері мен жабдықтаушы кәсіпорындар мен жетекші шаруа қожалықтарының иелері қатысып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Семинар алдында көрме ұйымдастырылды. Яғни, асыл тұқымды қой өсіріп отырған Ақтоғай ауданының «Жәмші», Жаңаарқа ауданының «Жеңіс» асыл тұқымды қой», Нұра ауданының «Отқанжар», Шет ауданының «Ақжол» және «Жорға-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен Қарқаралы ауданының «Балқантау» және Ұлытау ауданының «Сарысу» шаруа қожалықтарының қой түліктері таныстырылды.
Қалай болғанда да, ата кәсіптен мүлде ажырап қалмаудың амал-шарты ауқымды түрде бір пысықталды. Нәтижесі – ертеңгі күннің еншісінде. «Мал өсірсең – қой өсір, пайдасы оның – көл-көсір» деген атам қазақтың қанатты қағидасын мемлекеттік деңгейде қазық ететін уақыт жетті. Дәл осы семинарда көтерілген мәселе мен айтылған ұсыныстар жүзеге асып жатса, қойдың жүні жұрқаланып, терісі тулаққа айналмас еді.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button