Жаңалықтар

Машина жасау секторы: Үдемелі дамудың үдерісі қандай?

Кеше қарағандыдағы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында машина жасау комитетінің төрағасы Геннадий Копьяктың басшылығымен отырыс өтті. Жиында аймақты газдандыру мәселесіне қатысты облыстағы өндіріс кооперацияларының чехиялық кәсіпкерлермен бірге тауар өндіру мәселесі айтылды. Бұл ретте, біз облыстағы машина жасау секторының бүгінгі тынысына тоқталып, жайкүйіне көз жүгірттік. Сонымен…

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде «Қазақстанның машина жасау кешені ел экономикасының индустриалды-инновациялық түрленуінің локомотиві болуы керек. Салаға инвестиция тарту және машина жасау саласындағы әлемдік брендтермен серіктестікті кеңейту бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыру қажет» деген болатын

Жалпы, Қазақстандағы машина жасау саласы өз бастауын өткен ғасырдың алғашқы онжылдығында Алматы шаһарында орналасқан тұқымсепкіш машинасын әзірлейтін кәсіпорыннан алғанымен, осы облыстың да кенжелеп қалған жайы жоқ. Әрине, машина жасау зауыттары түрлі факторлардың әсерімен орналасады. Дайын өнімдерді тасымалдауға кететін шығын – оны өндіруге қажет металды тасымалдау шығынынан жоғары. Сондықтан, ауыр, тасымалдауға қолайсыз машиналарды тікелей пайдаланатын жерлерде шығаруға тырысады. Оны тұтыну факторымен, ішкі сұраныс жағдайымен де түсіндірер едік. Мәселен, мұнай машиналарын жасау зауыты мұнай өндірілетін өңірде (Атырауда) орналасса, шахталық кен өндіру құрал-жабдықтарын көмір өндіретін Қарағанды шаһарының машина жасау зауыты жасап шығаруда.

Бір ғана мысал, «Қазақмыс» холдингіне арнап машина жасау өндірісімен айналысатын «Maker» ЖШС Қарағанды құю-машина жасау зауытының өзі дамымай тұр деп айта алмаймыз. Аталған зауытты модернизациялау жұмысы да өз мәресіне жетті. Аталған зауыттағы ауқымды жобаны іске асыру 2014 жылы басталған болатын. Өндірісті модернизациялаудағы негізгі мақсат берілген экономикалық көрсеткіштермен тау-кен металлургиялық өнеркәсібі үшін құрал-жабдықтарды, қосалқы бөлшектерді дайындау мен жасап шығарудың толық циклын ұйымдастыру еді.

Нәтижесінде, өндіріс, түсті металдар металлургиясы мен байыту үшін қажетті құрал-жабдықтарға қосалқы

 бөлшектер, тораптар мен механизмдер әзірлеу және жасап шығарудың толық циклымен №1 және №2 цехтар модернизациядан өтті. Импорттық құрал-жабдықтардың баламасын жасау өндірілетін өнімнің түрлерін көбейтуге мүмкіндік береді.

Негізгі құрал-жабдықтың 47 бірлігі және 66 бірлік қосалқы құрал-жабдық пайдалануға беріліп, 99 жаңа жұмыс орны ашылды. Сандық бағдарламалық басқару құрылғыларында жұмыс істеу үшін мамандарды іріктеу мен оқыту жүргізілді.

Алайда, заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істей алатын мамандар бірден табыла қоймаған. Бұл мәселені шешу мақсатында зауыт басшылығы ҚарМТУ-мен меморандум жасасты. Мұндағы мақсат – білікті кадрларды даярлап шығару. Себебі, күн сайын түрленіп, жаңарып отыратын заманауи сандық технологияны кез келген жоғары оқу орны түлегі алып кете алмайды. Жалпы, еліміздегі машина жасау секторының өркендеуіне де осы кедергі болып тұрған сыңайлы.

Бұдан бөлек, зауыт басшылары шетелден жеткізілген құрал-жабдықтармен жұмыс жасай алатын жас мамандарды да даярлауда. Бұл ретте, білім беруге рұқсат ететін лицензия, шет мемлекеттерден келген оқытушылар, оқыту барысында керекті компьютерлер тағы бар. Басшылардың айтуынша, 1 маманды даярлап шығаруға кемі 5 мың еуро жұмсалатын көрінеді.

Зауыт аумағындағы осы оқу базасында 15 орындық компьютер класы және оқу үшін SIEMENS NX жүйесінің CAD/CAM және Teamcenter жүйесінің PLM заманауи графикалық станцияларымен жабдықталған. Биыл машина жасау өндірісінің көлемін арттыру жоспарлануда. Осы арқылы импорт алмастырудың орнына өз облысымызда жасалатын қосалқы бөлшектердің үлесін ұлғайтуға болады. Өндіріске негізгі өнім саналатын SIEMENS бағдарламалық қамтамасыз ету базасында өндірісті конструкторлық-технологиялық дайындау жүйесі енгізілді. Ол саймандар каталогындағы барлық бөлшектерді өндіріске енгізуге мүмкіндік берді.

Бұған қарап, өңірдегі машина жасау секторының даму бағыты болашақта даңғыл жолға айналады деуге болады. Әрине, бір зауыттың жетістігі бүкіл сектордың айнасы деуден аулақпыз. Десек те, шахтасы мен кеніші өркендеген өңірдің бүгінгі серпіні – көз қуантарлық. Ендігі ретте, өңір өндірушілері үшін жаңалық болып отырған газдандыру саласындағы машина жасау мәселесі де күн тәртібіне көтерілгені белгілі. Ал, шетелдік кәсіпкерлермен болған келелі кездесу жайы газетіміздің келесі санында жарық көретін болады.

Рауан ҚАБИДОЛДА.

Басқа материалдар

Back to top button