Әңгіме ауқымы Кеңгір су қоймасының жағасында 1,5683 гектар аумақты алып жатқан 320 орындық денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы туралы. Тапсырыс иесі — қала әкімі аппаратының құрылыс бөлімі. Бас мердігер — «Орион ЛТД» ЖШС. Құрылысты қадағалайтын: техникалық тұрғыдан — «Номад Тravel» ЖШС, жоба авторы жағынан — «Строй Бизнес Консалтинг» ЖШС.
Жобаның жалпы құны — 1 млрд. 719 млн. теңге, оның ішінде құрылыс-монтаж жұмысы — 1 млрд. 638 млн. теңге.
Құрылыс жүргізудің күнтізбелік кестесі бекітілген. Биыл мамырдың ортасында кешеннің алғашқы қадасы қағылды. Амандық болса, алдағы жылдың аяғында спорт сүйер қауымға есігін айқара ашады.
Жобаға жүгінсек, керемет кешен болатын түрі бар. Жер телімін барынша тиімді пайдалану мақсатында тіреулік қабырға қою қарастырылған. Кешеннің бас қақпасы батыс беткейге, Бейбітшілік даңғылы мен Деев көшесінің қиылысына қарай қараған. Аумағын абаттандыру барысында автокөлік тұрағы, қырлы тас төселген жаяужол, екі спорт алаңы, санитарлық құрылғылар орын тебеді. Гүлзар егіледі, тал-шыбық отырғызылады, демалатын орындық қойылады.
Кешеннің жабық ғимаратына әмбебап ойын залы (баскетбол, волейбол, гандбол), төрт жолақты бассейн мен химиялық талдау зертханасы, шахмат-дойбы мен тоғызқұмалақ ойнайтын орын, 40 құрылғы қойылатын жаттығу залы, күрес залы, хореография залы жайғасады. Бапкер отыратын бөлме, құрал-жабдық сақтайтын қойма, киініп-шешінетін жер сияқты техникалық және қосалқы баспана мен медициналық қызмет көрсететін бекет те осында орналасады. Ал, қозғалысы шектеулі топ үшін сантехникалық кабина, тазалық торабы, жуынатын жер жеке жабдықталған.
Бірақ, бұл жоба «жөргекте» жатқанда-ақ басы дауға қалған нысан. Негізі кешен құрылысы былтыр басталуы керек еді. Байқауда бағы жанған «Астана-Көктем С» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісім-шарт жасалып, міндеттеме қабылданған. Алайда, байқау барысында екінші орынға ығысып, есесі кеткен «Капстройгрупп Т» ЖШС жасалған келісім-шартты жарамсыз деп табу жөнінде сотқа талап-арыз түсірді. 2019 жылы 24 қыркүйектегі №3514-19-002/4913 шешімімен сот оны қанағаттандырды. Сосын «Астана-Көктем С» ЖШС «атқа» мінді, облыстық сотқа апелляциялық арыз аттандырды…
Биылғы тендерде қызылордалық «Орион ЛТД» ЖШС топ жарды. Үстіміздегі жылға 1,1 млрд. (республикалық бюджеттен – 500 млн. облыстық және қалалық бюджеттен 300 миллионнан) теңге қаржы бөлінді. Алайда, қаланың қоғам белсенділері құрылыс басталмай жатып қиқулатты, оған көпшілік қосылды.
Айтылған сынның жалпы сипаты былай: «Жағалауда жасыл желекті жайпап тастады, 45 түп ағаш кесілді», «Жер таппағандай көлдің жағасына салғалы жатыр, іргетасы жерасты суының үстінде тұр», «Қоғамдық тыңдау өтпеді, жобаның ықтимал сыбайластық, әлеуметтік-экономикалық тәуекелі талқыланбады».
Құрылыс алаңында мен де болдым. Тиісті телім толық қоршалып, біраз шаруаның басы қайтарылғандай көрінді. Осы маңнан өтетін электр қуатымен жабдықтау кабелі көшіріліп, науа монтаждалған. 700 метрлік жылу желісінің оры қазылып жатыр. Ғимарат іргетасына қажетті қазаншұңқыр дайын. Тіреулік қабырға тұрғызу да кестеге сәйкес жүргізілуде, тамыздың аяғында тиянақталады. Қысқасы дайындық жұмысының оннан тоғыз бөлігі еңсерілген. Техникадан тапшылық жоқ көрінеді, адам күші де жеткілікті.
– Мәселенің байыбына бармай, құрылыстың қыр-сырын түсінбей әртүрлі алыпқашты әңгіме айтылып жатқанын білемін. Әйтпесе ғимараттың іргетасы құйылмас бұрын ұзындығы 3,5-нан 14 метрге дейінгі 436 қада қағылады. Қазір соған орын дайындап жатырмыз. Жезқазғанда тұрғаныма, құрылыста жүргеніме 30 жылдан асты, бірақ бұл маңнан бұлақ көрмеппін. Рас, жергілікті өкілетті органның рұқсатымен жартысы қурап кеткен 15 ағаш, 20 бұта кесуге тура келді. Облыстық мәслихаттың 2017 жылғы шешіміне сәйкес одан бес есе көп, яғни, 175 тал-бұта егу, олар жерсінгенше екі жыл күтіп-баптау жобада қарастырылған. Дайындық жұмысы аяқталған соң құрылыс алаңында адам қатары әлдеқайда көбейеді, 63-ін жұмыспен қамту орталығы жолдамамен жібереді. Әзірге 35 адам істеп жатырмыз, жолдамамен келген 14 адамның біреуі өзіммін, – дейді, телім бастығы Нығматулла Әбдірахманов.
Күні ертең осы денешынықтыру-сауықтыру кешені қарамағына көшетін қалалық спорт саласының басшысы Дидар Мүтәліповпен кездестім. «Бас жоспарға негізделген статистикалық есеп бойынша қалада төрт денешынықтыру-сауықтыру кешені және төрт бассейн салынуы керек. Бір кешеннің құрылысы жүріп жатыр. Бастапқыда оны 91-орамға салу көзделген. Бірақ, қаланың батыс беткейінде мұндай кешенді жылумен жабдықтау жағы қиындық тудыратын болды. Сосын ел қалың шоғырланған қазіргі орынды таңдадық. Шынтуайтында, таңдайтын да түгі жоқ еді, өйткені, басқа бос орын таппайсың» деді ол.
P.S. Менің пайымдауымша, қоғамдық тыңдауды ұйымдастыруда кемшілік кеткен. Хабарландыру 2018 жылы қазанның аяғында қала әкімінің сайтында жарияланумен шектелген. Адамның бәрі бірдей ресми сайтты қарап отырмайтыны белгілі. Соның салдарынан көпшілік қажетінше құлақтанбаған. Сол жылы 27 қарашада өткен қоғамдық тыңдаудың хаттамасымен таныстым. Бар-жоғы төрт сауал қойылыпты, алайда, авторының көрсетілмеуі қоғамдық тыңдаудың өз мәнінде өткеніне деген күмәнді қоюлата түсті…
Әлібек ӘБДІРАШ.
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.