ҚарағандыРуханият

Тәуелсіздіктің тұңғыш төсбелгісі

Күн-түнін жер астында өткізетін шахтер еңбегі – үлкен құрметке ие. Қиындықтан қаймықпай жер астына түскен жандардың есімін де, еңбегін де елеусіз қалдыруға болмайды. Шахтер күні қарсаңында «Көмір» департаментінде облыстық ардагерлер қоғамдық бірлестігі ардагер шахтерлерге сый-құрмет көрсетті. Шахта шаңырағында өткізген 50 жылға жуық еңбек өтілі бар 11 ардагерге «Еңбек ардагері» төсбелгісін тақты.

– Шахтер мамандығы Қарағандыда әрқашан мақтанышпен айтылады. Себебі, бәрі осы қаладан басталды. 1978 жылғы суреттерді қарап отырып біраз оқиғаларды еске алдым. Ол кезде қарапайым жұмыскерміз. Алғаш рет миллиард рубль тауып, олжаға кенелген сәтіміз еді. Осы жерге сондай керемет сәттерден сыр шертетін суреттер қойылыпты. Кәсіби мереке қарсаңызда тәуелсіз елдің тұңғыш төсбелгісін кеуделеріңізге таққалы отырсыздар. Бұл деген – еңбектеріңіздің еленгені – деді, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оралды Төреғожин.

Іс-шара аясында ардагерлердің өткен өмірі жайлы әдемі әңгіме өрбіді. Ардагерлер қауымы жылына бір мәрте бас қосып, өткенді еске алып тарасады екен. Сол замандағы басынан өткен қызықтарымен бөлісіп, жиылған жұртқа азды-көпті жеткен жетістіктерін баяндады. Мереке қарсаңында бас қосқан олар, қуаныш құшағында еді.

– Шахтер күні – біздің сүйікті мерекеміз. Сіздерді айтулы мейрам қарсаңында аман-есен көргеніме қуаныштымын. Сол кезеңдерде Қарағанды көмір бассейнінің дамуына өте үлкен күш салдыңыздар. Өздеріңізден кейінгі жастарды соңыңыздан ертіп, көп нәрсеге баулыдыңыздар. Бүгінде сол ұрпақ осы дәстүрді жалғастырып, сіздер салған жолмен келеді. Еңбек ардагерлеріне лайықты құрмет көрсетіп, қолымыздан келгенін аянбаймыз, – дейді «Қорғау» көміршілер кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев.

Борис Сахаров орта мектепті тәмамдағаннан кейін, Мәскеу тау-кен инситутына оқуға түседі. Оқуын бітіргеннен соң 1966 жылдың наурызында өзі сұранып, Қарағандыға жұмысқа аттанады. Кеншілер қаласына келгеннен кейін оны Сарандағы №106 шахтаға жіберіпті. Бұл жерде ол 2013 жылдың 1 қазанына дейін еңбек еткен. Содан бері сол қаладағы №101, №120 шахталарда жұмыс істеп, елеулі еңбегі үшін «Шахтер даңқы», «Құрметті Шахтер», «Еңбек ардагері» сынды орден және мерекелік медальдармен марапатталған.

«Мен институтқа түскенше Атырау облысындағы Каневский ауданындағы Украиналық шахтада еңбек жолымды бастаған едім. Санап отырсам, жер астында 48 жыл өмірім өтіпті. Ал, жалпы еңбек өтілім – 55 жыл. Ең бірінші, ауысымдағы механик болдым. 6 айдан кейін бас энергетик болып 1978 жылға дейін істедім. Сол жылы шахтада үлкен жарылыс болды. Мен ол уақытта жұмыста болмап едім. Денсаулығыма байланысты дәрігерде жүріп, аман қалдым. Сол оқиғадан кейін мені шахтаның бас механигі етіп тағайындап, «Соковольская» шахтасында 16 жыл қызмет атқардым. Бір жылдан соң бас энергетик орынбасары қызметіне тағайындалып, зейнет жасыма дейін сонда істедім, – дейді Борис Васильевич.

– Еңбегім еленіп, қаншама медальмен марапатталдым. Құрмет көрсетіліп жатыр. Бірақ, Қазақстанда өмір сүріп жүрсем де, кеудеме тәуелсіз елдің атынан тағылған медаль жоқ еді. Бүгін міне, қуанышымда шек жоқ. Мен үшін бұл марапат – бәрінен жоғары тұрады деп күмәнсіз айта аламын – деді ол.

Виктор Лисовенко Алматыда мектеп бітіріп, 1958 жылы Сарандағы №104 шахтаға жұмысқа орналасады. 1960 жылы шахтада үлкен жарылыс болып, қатты жарақат алып, жұмысынан қол үзіп қалады. Алайда, ем алып жүріп құрылыс институтын тәмамдайды. Денсаулығы қайта қалпына келгенде «Көмір» департаменті қызметке шақырып, бас инженер қызметін ұсынады. Содан, сол жерде 5 жылға жуық қызмет атқарып, құрылыс шахтасы басқармасының бас инженері болып тағайындалады.

«Біраз уақыт шахтада директор болмады. Мен – бас инженермін. Барлық жиындарға, шараларға «директордың қызметін атқарушы» деп мені шақырып жүрді. Күндердің күнінде Алексей Дружкинмен кездесіп қалып, мені ертесіне департаментке шақырып алды. Сонда маған мынандай ұсыныс айтып еді: «Сені не себепті мұнда шақырғанымды білесің ба? Абай қаласындағы №9 Калинин шахтасы 900 тонна көмір өндіреді. Ал, маған 1500 тоннаға дейін өнім керек. Мен сені сол шахтаның директоры етіп тағайындаймын. Сен жаңа шахта тұрғызып, өнімді арттыруың керек» деді. 1989 жылдан бастап Совет үкіметі тарағанша сол шахтада басшылық қызметін атқардым. 2003 жылы зейнетке шықтым», – дейді Виктор Федорович.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button