«ЖАНТАҚ ЖЕГЕН» ҚАУЫМҒА ҚҰРМЕТ немесе Қарағандыға Журналистер үйі қажет
Әдетте, жұрттың жоғын түгендеп, жоғалтқанын іздеп жүретін журналистің жайын ешкім сұрап жатпайды. Өздері бастап, мұңын шаққан кездері де сирек. Алайда, «Жыламаған балаға емшек жоқ» деген. Жылына бір келетін мерекеге орай тіл тиегін ағытсақ, ерсі көрмеңіз. Бас-басымызға баспана сұрап, әуре қылмаймыз. Бізге керегі – ортақ шаңырақ. Журналистер үйі.
ӘЛЕМ ӘСПЕТТЕГЕН КӘСІП
АҚШ астанасына жолыңыз түссе, Журналистика және жаңалықтар музейін тамашалауға мүмкіндігіңіз бар. Елдегі журналистика саласының қалыптасу тарихына арналған бұл музейде әрі-беріде өткен көсемсөз шеберлерінің өмір жолымен таныса аласыз. Қызмет бабында қаза болған журналистердің де бейнесі арнайы тақтадан орын алған.
Лондонда ше? ВВС телеарнасын бәріміз білеміз. Міне, осы ВВС-дің бас ғимаратының төбесінде он метрлік ескерткіш тұр. Әрине, журналистер еңбегіне қойылған. Ерекшелігі сол, күнде кешке конустан шыққан сәуле жарты сағат көкке шаншылады. Қаланың кез келген бұрышынан көрінеді. Лайықты құрмет.
Француздар да қалыспапты бұл тұрғыда. Ла-Манш бұғазының жағалауындағы Байе қаласында айбарлы стелла қияннан менмұндалайды.
Басқаны қойшы, теріскейге қарай таяқ лақтырсаңыз, журналистерге арналған ескерткішке түседі. Мәскеудегі Орталық журналист үйінің алдынан бастап, Қап тауының баурайындағы Грозный мен Махачкала, Сібірдегі Тобыл мен Ямал-Ненец автономиялық округінің астанасы Салехардта да қалам ұстаған қауымға көрсетілген ерен құрметтің белгісіндей ескерткіштер қасқайып тұр…
Ел төңірегінен де мысал жеткілікті. Мәселен, Талдықорғанда Журналистер үйі бар. Бүгінде Жетісу жұрты бұл шаңыраққа Бейсен Құранбектің есімін беру бастамасын көтеріп жатыр…
ҚАРАҒАНДЫ КІМНЕН КЕМ?
Ал, бізде ше? Қарағанды кімнен кем еді? Әлде, біз тоқалдан тудық па? «Алтын арқалап, жантақ жеген» (Шерхан Мұртаза) жұртқа көмірлі қаладағы құрмет қаншалықты деңгейде?
Қарағанды – ертеден журналистиканың ұстаханасы ретінде аты шыққан өңір. Тың тақырып іздеген ертедегі қаламгерлер Қарағандыға келетін. Себебі, мұнда бәрі бар. Шахта, кеніш, байтақ дала… Сол дала төсінде шашылып жатқан тарих… Мыңдаған мәйіттің үстіне тұрғызылған ҚарЛаг… Қапаста тұншыққан тағдырлар… Алдыңнан тарамдалып шыға келер сораптар түйсінген жанды жетелей жөнеледі. Әрине, осынау жер қайысар зұлматты басынан өткерген бұл өлкеде мықты мектеп қалыптаспауы мүмкін емес-ті… Келер жылы аймақтағы қос қарашаңырақ – қолыңыздағы «Орталық» пен «Индустриальная Караганданың» жарық көргеніне 90 жыл толады. Облыстағы ең егде басылым – «Қарқаралы» биыл тоқсан жылдық мерейтойын атап өтпек. Аталған басылымдардың барлығы журналистиканың өсуіне елеулі үлес қосқаны сөзсіз. Нағыз ұстаханалар.
Текте бар. Қазір де Арқа журналистері кез келген жерде жоғары бағаланады. Біздің әріптестеріміз шетелдік, отандық БАҚ-та жасындай жарқылдап жүр. «Халық пен биліктің арасындағы алтын көпір» деген атына заты лайық. Тереңнен тамыр тартқан кәсіби өренің сабақтастығы осы дерсіз. Міне, шежіресі ғасырларға жалғасқан аймақ журналистикасының мәртебесін анықтар уақыт жеткендей.
Кеншілер шаһары күн санап көркейіп келеді. Көк тіреген ғимараттар тұрғызылып, халық саны артуда. Оңтүстік-Шығыста жаңа аудан салынып жатыр. Міне, осы ауданның бір бұрышынан, тіпті, төрінен журналистер қауымына орын берілсе. «Қалай?» дерсіз…
Қарағандыға өз «Қазмедиасы» керек. Яғни, басы бүтін ғимарат. Журналистер үйі. Аймақтағы барлық газет, телеарналар, интернет ресурстары осы жерде топтасқаны қажет. Жаңа директор тағайындалып, адымы енді ширап келе жатқан Қазақстан Журналистер одағының филиалы да бұл ғимараттан орын тепсе. Және филиалдың жанынан журналистердің кәсіби біліктілігін шыңдайтын орталық ашылуы тиіс. Басыбайлы тұрағы болған соң филиалдың да, орталықтың да жұмысы жанданары белгілі. Атағы дүрілдеп тұрған кәнігі журналистерді де қысылмай шақыра аласыз. Вашингтондағыдай музейге де ғимараттан орын табылар анық.
Жоғарыда «елдің баласының» істеген ісіне қызығып, моншақтай тіздік қой. Журналистер үйінің алдынан зәулім ескерткіш бой көтерсе. Журналистер еңбегіне арналған. Ескерткіштің алдына орнатылар тақтаға кенді өлкеден шыққан майталмандардың есімдерін қашап жазып қойса, артық етпейді. Бұл да ғимарат беделін асырып, қалам ұстаған қауым тәу етер орынға айналар еді.
Оңтүстік-Шығыстағы ауданды – сызбасы енді сызылып жатқан аудан дедік. Журналистер үйі орналасқан әлгі көшеге ауқымына қарай Журналистер көшесі немесе даңғылы деген атау берілсе. Металлургтер, Құрылысшылар даңғылы деген сияқты журналистердің де өз көшесі болар еді. Бұл, екінші тұрғыдан, қаланың туристік тартымдылығын арттырары сөзсіз.
Астанада «Егемен Қазақстан» көшесі бар. Біз, әрине, «Орталық Қазақстанға» көше сұраудан аулақпыз. Журналистер көшесі де жеткілікті біз үшін…
СУРЕТТЕРДЕ:
1. Лондондағы «ВВС» телеарнасының шатырына орнатылған ескерткіш.
2. Салехард жұртының құрметі.
3. Грозныйда журналистерге қойылған ескерткіш.
Нұрқанат ҚАНАПИЯ.