Руханият

Оңтайлы бір жолы бар

Белгілі қаламгер Ілияс Мұқайдың «Ortalyq Qazaqstan» газетінің 14.04.2020 күнгі №39 санында жарық көрген «Ортамыз оймен толыссын» мақаласы түрткі болып, көп жыл санамда сақтаған ойыммен бөліспекпін.

Уақыт шіркін бір сәттік тағат таппай, құбылып алға ұмтылғанмен, ғұмырыңды арнаған ісіңді ілгерілете түсу зейнеттегі жасыңды ұмыттырып, үйреншікті бейнетіңе иіріп алып келе береді екен… 1986-2001 жылдары Қарқаралы аудандық газетінде бас редактор болған жылдары газеттің «Коммунизм таңы» атауын «Қарқаралы» деп өзгертуден бастап, жергілікті баспасөз ісіне бірқатар жаңалық енгізген кісі едім. Қарағанды көлеміндегі аудандық газеттер өміріндегі небір жаңалықтар Мәлік Имашевтай табанды реформатордың арқасында облыстық газеттерден бұрын келді: «районкалар» офсеттік, онан соң электрондық басылымға ХХ ғ. 90-жылдары қарсаңында көшті. Газеттің коммерциялық (ақылы) қызметін республикада тұңғыш біз практикаға енгіздік, облгазеттер тура бір жылдан соң осындай қызмет ашты. Горбачевтік «қайта құру» ұранымен қабат келген «баламалы сайлау» идеясын ұжымымдағы өзіме тартқан «шаш ал десе, бас алатын» қияңқылау тілшілеріммен ақылдасып жіберіп, қатардағы тілшіні (Мақсым Омарбекұлын) ел тарихында тұңғыш облыстық кеңестің (мәслихаттың) депутаттығына кандидат етіп ұсынып, нәтижесінде обкомның кандидатурасын шаң қаптырып, депутаттық мандатқа ие қылдық. Аудан әкімінің жағасын ұстатқан «Ислам шапағаты» сияқты мүлде жаңа арнаулы беттер ашылды, жабылып қалған екі ауданнан «арнаулы тілші» қосындары құрылып, штаттық кестеге енгізілді…

Тоқсаныншы жылдары сондай-ақ жер-жерде «Қазақ тілі» қоғамдары ашылғанда, «Қарқаралының» журналистері бірқатар игі бастамаға мұрындық болған едік. Әттең, бірер жылдан соң орыстілділердің астыртын әрекеті басым түсті ме, бәрі бір-ақ күнде ысырылып тасталды да, жұрттың тау құлатардай екпіні су сепкендей басылды!.. Әрбір сәтсіздіктің де, жеңістің де нәтижесі әдетте талқыланып-талданады ғой, өкініштісі сол, «Тіл қоғамдарының» неге таратылғанын, нендей плюсі, нендей минусы болғанын талдауға жоғарының өзі құлықсыз болды. Есесіне, орыстілді қазақтар бастаған элита масайрап шыға келді, әлгіндегі «қоғамдар» бірер уақыттан соң «тілдерді дамыту» ұйымдары болып қайта құрылғанымен, олардың сол көңіл-күйіне әзірше кірбің түскен жоқ.

Нендей жетістік әкелді сол жылдар? Біріншіден, орысша-қазақша салалық сөздіктер құрастырылып-жарық көрді. Ауылдардан бастап, қалалық қазақтар мен басқа ұлттар қазақшаны үйренуге ден қойды: жұмыстан кейінгі үйірмелерге бәрі қалмай қатысатын болды. Іс қағаздарын қазақша жүргізу жүзеге асты. Мекемелердің тақталары, түрлі жарнамалар, қысқа-нұсқа табличкалар (кіру, шығу т.с.с.) түгел сол кезде сәтімен қазақшаланып ілінді. Медициналық, техникалық оқу орындарында қазақ тіліндегі оқу құралдары көптеп пайда болып, факультеттердің қазақ бөлімдері ашылды, қазақша балабақшалар өмірге келді, Балалар үйі тәрбиеленушілерін қазақшаға баулу бастау тапты. Авто-теміржол вокзалдарында рейсті қазақша хабарлау тез қалыптасты. (теңге шыққанда, өмірі тілдері илікпейтін «ң» харпін қазағы да, орысы да бір-ақ күнде үйренді). Шеттен елге оралған қандастардың архаизм араласқан сөз саптауын ең әуелі журналистер тез қабылдап, ресми-қасаң БАҚ тілі ұлт иісі аңқыған байсалды қазақ тіліне көшіп, тілдік қорымыз байыды.

Кемшілігі: аудармашы даярлау курсының сертификатын 15 мың теңгеге сатып алып, славян тілі мен түрік тілінің аударма принципін білмек түгілі, қазақша сөйлей алмайтындар «аудармашы» штатына кіріп алып, алдына 4-5 «Сөздік-Словарь» жайып тастап, былық-шылық аударма текст жасаумен шұғылданды. (Әлі күнге «аудармашылық ісі» оқу орындарында жолға қойылмаған). Саны көп, практикалық сапасы төмен қазақша үйрету оқулықтары мен құралдары қолданыс таппай, үйіліп қалды…

Тіл мәселесі қайтадан көтерілген кезде, тіл жанашырларына ескерілмей келген ескінің практикасымен танысу артық етпес еді.

…Қарқаралыға қызметке келген кезім, бір жиналыста К. Унгефук есімді неміс совхозының рабочкомы (профком) қазақшаның майын тамызып тұр! Сөйтсем, кеңшардың әр немісі қазақ тілін өз тіліндей біледі, қиын-қыстауда қазақ жерінен мекен тауып, ненің пайдалы екенін тез ұғатын арийлер ұрпағы қазақ салтымен соғымға жылқы сойып, қазы айналдыруды, малды қазақша мүшелеп, «бесбармақтан» соңғы тоқбасарда сүйек мүжуге дейін үйреніп алған!.. «Қазақ тілі» қоғамының мүшесімін, бір күні Карбышевканың (қазіргі Көктас ауылдық округі) немістерімен кездесу өткіздім. «Қызым-ау, – деді сонда жарыссөзге шыққан Майер Арнольд ақсақал, – Қазақ тілінің құнын түсірген қазақтың өзі. …Кеше Ахметтің немере қызы қасымнан өтіп бара жатып, «Деда, здравствуйте!» деген соң, мен де: «Ау, қызым, Ахаң қалай, дені-қары сау ма, кәрі досымның?» дедім әдетімше қазақша. Қыз сонда : «Слава богу, все наши живы-здоровы», деді қазіргі қазақ балалардың салтымен орысша сөйлеп… Енді өзіңіз қараңыз: мен, немістің шалы, қазақпен қазақша сөйлесіп тұрсам, қазақтың баласы маған орысша сөйлейді. Неге жастар тек орысша сөйлеуді мәртебе көреді?..»

Осы Карбышевканың Дейграф Рихард есімді қариясы Германиядан шақырту алып, тарихи Отанына көшерде ауылдастарына қоштасу дәмін беру үстінде жігіт шағынан өзі сүйіп шырқайтын қазақ халық әнін бастап, «Қарғам-ау, сен қалайсың мен дегенде…» деп, өзі де жылап, бәрімізді жылатқаны бар…

…Иә, Никита Хрущевтің тұсында «қазақ мектебінің келешегі жоқ» деген саясат көтерілді де, таза қазақ аудандарының өзінде орыс сыныптары ашылып, қазақша-орысша орыс мектептері бір онжылдық ішінде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қалыптасып шыға келді. Орыс тіліне сол жылдары әр отбасында өте-мөте мән берілді. Техникалық оқуларға орысшасы жетпегендіктен емтихан тапсыра алмаған бір жігіт өзі әке болғанда, «орысша білмесең, оқуға түсе алмайсың» деп баласын орыс мектебіне берді, мысалы… Басқа елді білмеймін, Одақта орыс тілін тез меңгерген қазақ халқы болды, жұрт тіпті акцентсіз сөйлеуге тырысатын…

Байқалатыны, біздің тілімізді неміс жұрты мен украин жұрты тез қабылдайды. Неге десеңіз, сөйлеу тілдерінде, алфавиттерінде қазақ әліпбиіндегі Ғ, І, Һ, Ө, Ү, Ә дыбыстары бар, олардың тез үйрену сыры сонда болар-ау!.. Десек те, бірде иманды болғыр журналист ағатайым Шаймаран Мезгілбаев өзімен тұстас Сергей Дрёмов қариямен таныстырып, «Нәзкен, үйренгісі келетін адам тілді ұлтына қарамай үйренетіндігіне мына кісі айғақ. Жиналыстарымыз қазақша өтетін де, мына Сергейдің қазақша жазу сауаты басқалардан жетік, каллиграфиясы әдемі болған соң, жиналыс протоколын осы Секең саусақтары майысып қазақша жүргізіп отыратын», деді. Иә, Дрёмов секілді қаланың талай тұрғыны, біз құралпылас кейінгі ұрпақтары қазақша еркін сөйлейтін.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Қарқаралының орыс-казактармен, неміс, хохол, татарлармен сырласа жүріп көз жеткізгенім – сол 1930-1940 жылдары Кеңес Одағын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Иосиф Сталин депортацияланған ұлттарға өздері табан тіреген республика халқының тілін білуді арнайы жарлығымен міндеттеген және сол ұлттың тілін (мәселен, қазақ тілін) үйреніп-қолданған қызметкерді материалдық (ақшалай сыйақы іспеттес) марапаттауды ұсынған.

Ақын, газеттің Бас редакторының орынбасары Ілияс Мұқай көтерген тақырыпқа орай менің ұсынысым – тілімізді қоғам өмірінің барлық саласында қолданысқа енгізудің оптимальды бір жолы – қазақшаны жазуда ғана емес, әдеби сөйлеу деңгейінде игерген, жаңа Қазақстанды Отаны санайтын өзге ұлт өкілдеріне жалақыны белгілі бір пайыздық (сыйақылық) үстемемен төлеу. Заман көшіне ілесу үшін осындай қадамдарға баруымыз керек сияқты.

Назипа АСҚАР,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button