Қазіргі қазақ журналистикасының деңгейі қандай? Осы сұраққа жауап беретін болсақ бұрынғымен салыстыруға келмейтіні анық. Олай дейтініміз, бүгінгі журналистер түрлі тақырыпқа, қалам тербей алады. Бұл – БАҚ құралдарының еркіндігі емес пе? Алайда, осы саланы дамыту өз алдына, жас журналистерді дайындауда үлкен бір кемшілік бар. Ол, баспасөз басылымдарынан іс-тәжірибеден өтетін студенттердің аздығы. Сол кемшіліктен біз қашан арыламыз?
Түлектер қолына дипломды ала салып, телевидениеге, оның ішінде, көпшілікке жылдам танылу үшін түрлі бағдарламаларға бірден барғысы келеді. Әрине, алға ұмтылған жақсы ғой. Бірақ, солардың ішінде қиыншылық пен ауыртпалығы қатар келгенде, екі аяғын тең баса алмай қалатындары аз емес. Бұл жайлы мамандар қазіргі жастардың көпшілігі кітап оқымайтындарын алға тартуда. Кітапқа емес, жылтырақ дүниелерге әуес бүгінгі ұрпақтың қатары көбеймесе, азаймай тұрғаны шындық. Батыр Бауыржан Момышұлы «Журналиске диплом емес, сезгіш жүрек, көргіш көз керек» деп текке айтпаса керек.
– Журналистика мамандығының студенттерінен сабақ үстінде «Телевидениеге кім барады?» – деп сұраймын. Сонда аудиторияның басым бөлігі қол көтереді. Газет пен радиоға баратын балалардың қатары некен-саяқ. Әр студент болашақта осы саланың маманы боламын десе, ең әуелі баспасөз мектебінен өтуі қажет. Сонда өзіндік стилі мен тіл байлығы едәуір қалыптасар еді. Айтуын айтамыз ғой, бірақ қазіргі жастар телевидениеге құштар. Мұның ешқандай құпиясы жоқ. Бар ойы – танымал болу. Танымалдылық емес, жақсы маман боламын деген жан газет пен радиоға да мойын бұрғаны жөн, – дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асанов.
Қазақстанның Құрметті журналисі, облыстық «Saryarqa» телеарнасының редакторы Әли Тойжігітов те келешекте мықты маман боламын деген жастың алдымен баспасөзде ысылғаны дұрыс деген пікірде.
– Экраннан көрініп, танымалдылыққа ие болғысы келетіндері өтірік емес. Оқиға орнына тез барып, аз уақыт ішінде мәтін жазу, одан қала берді эфир барысындағы түрлі дайындықтар мен оқиғалар журналистің жүйкесін жұқартпай қоймайды. Кейінгі жастардың жазу стилінен көп кемшіліктерді байқаймын. Жақсы маман боламын десе, ең әуелі – баспасөзден бастаған дұрыс деп білемін. Себебі, баспасөздің мектебі бір бөлек, – дейді ардагер журналист Әли Тойжігітов.
Филология ғылымдарының докторы, профессор, белгілі сатирик Темірбек Қожакеев «Журналистикаға қыздар емес, ұлдар түсуі керек. Себебі журналист – өмір жолаушысы» депті. Қазіргі таңда бәрі керісінше. Алайда, олардың ішінен білікті маман шығатындарына да сеніммен қарауымыз қажет.
– Радио – менің алғашқы мектебімнің бірі. Өзім жылдағы іс-тәжірибемді «QazMedia» орталығынан өтетінмін. Ондағы редакторлардың бірі: «Егер бізге жұмысқа келемін десең, газет пен радиоға барып, тәжірибе жинап кел. Бағдарлама жүргіз, мейлі, жаңалықтар жүргіз, жазуыңды қалыптастыр» – деді. Содан мен облыстық радиодан іс-тәжірибеден өтіп, осында жұмысқа орналастым. Қазір тікелей эфирдегі бағдарламаларды жүргіземін, – деді Е.Бөкетов атындағы филология факультеті журналистика бөлімінің түлегі Ақниет Пазылова. Ал, жас журналист Мөлдір Жақан да биыл оқуын тәмамдады. Ол іс-тәжірибесін «Хабар», «Қазақстан» телеарналарынан өтіп, қазір «31 арнада» кадрдан тыс жұмыстар атқарып жүр. «Осы салаға қыз балалардың көп келетініне іс-тәжірибеде жүргенімде көзім жетті. Қазіргі жұмысымды толық меңгермесем де ынта-жігеріммен үйреніп-білуге тырысып жүрмін. Алайда, көгілдір экраннан жарқырап, танымал болу – менің мақсатым емес» – дейді ол.
Қазіргі таңда электронды ақпарат құралдары алдыңғы орында. Мерзімді баспасөз бір саты қалыс екені анық. Осы тұрғыда болашақта газет керек пе, жоқ па деген сауал көпшілікті ойландырып қойғаны даусыз…
Тарихыңды тасқа басар газеттен неге алшақтап барамыз? Кеше мен бүгінді жалғаған, тіліміздің жанашырына айналған – осы газет. Баспасөздің болашағы сіз бен біздің қолда.
Коллаж: Азамат ӘМІРЖАНОВ.
Ербол ЕРБОЛАТ.