Тілім бар деп, екі сөздің басын оңай құрап, болмаса, телекамера алдында өзін еркін ұстағанның бәрін журналистің қатарына енгізе салатын, осыдан келіп, «бұл оңай мамандық екен» деген екі жақты пікір қалыптасқан қазіргі қоғамда. Мұндай пікірдің қалыптасуына бейресми түрде «журналист» атын иемденген блогерлердің де ықпалы бар. Ендеше, көз майыңды тауысып, жоғары білім алудың қажеті бар ма? Дипломды және дипломсыз журналистің айырмасы қандай?
Егер сауатыңыз болса, газетке, болмаса, журналға мақала жазудан оңайы жоқ. Ақпараттың бәрі қолжетімді. Қалағаныңды алып, тонын айналдырып та мәтін жаза беруге болады. Ал, фототілші болу тіпті оңайдың оңайы. Заманауи құрылғы көмегімен қалаған бейнеңді түсіріп алып, жаһандық желіге тоғыта беруге ешкім кедергі келтірмейді.
Әлбетте, бірінші – білімі, екінші – сауаты бардың бәрінің қолынан мәтін жазу келеді. Бірақ, бәрі журналист емес. Бұл мамандықтың ерекшелігі де осында. Тілді безеп, «сөйлем құрау» емес, қоғамның сұранысына жауап беретін, айтар ойы бар, кез келген жағдайға талдау жасай алатын, қандай жағдай болса да, ақпарат ала алатындығымен ерекшеленеді.
Демек, жақсы журналист болам дегеннің кәсіби білімі болуы – басты талап.
Кәсіби міндет, белгілі бір нормалар мен стандарттарға негізделген журналистика бүгінгі таңда өзгеше кейіпке енген. Ол үшін арнайы білім, білік, дағды керек десек, сайып келгенде дипломсыз журналистің ақпарат легінде өзіндік орны түгілі, қайраңға шығып қалары сөзсіз. «Шығарманың бір пайызы – талант, қалған тоқсан тоғызы – еңбек» деген қағида бар емес пе?! Ал, еңбектену үшін де бағыт пен бағдар қажет болса, оның бәрін мамандыққа оқу барысында бойға сіңетіні анық. Жоғарыда айтқан «журналистік мәтін» мен «сөйлемқұрау» арасындағы алшақтық та осы кезде байқалады.
Әрине, журналист мамандығы сауатты мәтін құраумен шектелмейді. Ақпарат алу, оны талдау, таралуына айтарлықтай ықпал ету тәрізді бірқатар құзыреттіліктерге ие болғаны жөн. Одан бөлек, бағдарлау, болжау тәрізді дағдыларды та тізе берсе шет-шегі жоқ. Бірақ, мамандықтың негізі – кәнігі журналисше мәтін құрай білу болмақ. Ал мәтін құрау үшін тілді жетік білмесең, тағы болмайды. Сонда ғана мақаланың оқырманға түсінікті болуы, сауатты жазылуы, талдау жасалуы тәрізді кезеңдерден өтіп, нысанаға дөп тигенде журналистің жұмысының ақтық нүктеге жеткені.
Кез келген маман иесіне, мейлі ол экономист, режиссер, мұғалім болсын, жоғары білімді қажет ететіні тәрізді журналистикада да диплом қажет. Ал, журналистика шын мәнісінде адамзат үшін көзбояушылықтан ада, шынайы ақпарат жеткізетін мамандық десек, дипломнан бөлек, өмір бойы білімді жетілдіру де оның негізгі ұстанымы болғаны абзал.
Салтанат ІЛИЯШ.