Облыс әкімі

«Саннан – сапаға, сөзден – іске»

1 наурызда өткен Nur Otan партиясы XXII Съезінің шешіміне сәйкес партияның жаңғыруы бойынша тапсырмаларды талқылау үшін партияның облыстық филиалының төрағасы Жеңіс ҚАСЫМБЕК партия активінің жиынын өткізді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен партиямыздың кезектен тыс XXII Съезі өтті. Облысымыздан 34 делегат қатысты. Партияны жаңғыртуға арналған жиынның бірінші наурызда өтуінің өзіндік мәні бар. 1 наурыз – партияның құрылған күні. 23 жыл бұрын еліміздегі басты саяси ұйымның негізі қаланды. Съезде Nur Otan партиясының атауы «AMANAT» деп өзгертілді. Елімізде болып жатқан өзгерістермен бірге партияның барлық қызметінің жаңартылуы да талап етілді. Аманат сөзі – халқымыз үшін ең қастерлі ұғым. Оның астарында үлкен идеология, елдің сенімі, қоғам алдындағы мүдде жатыр. Партия атауының өзгертілуі басты жұмыс емес, бұл қадам бірегейлі өзгерістерді талап етеді. Атап айтқанда, халықпен кері байланысты күшейту және қоғамның әлеуметтік-экономикалық мәселелерін кең көлемде шешу, – деді Жеңіс Қасымбек.

Қарағанды облысында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары бойынша 160 қоғамдық кеңес жұмыс істейді. 2021 жылдан бастап 600-ден астам отырыс өткізіліп, онда 1 257 сұрақ қаралған. 1 536 ұсыным қабылданған. Кеңес жұмысы туралы облыстық экологиялық қоғамдық кеңестің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Мира Махатчина:

– Партия – халықты ортақ мақсатқа жұмылдыра білген үлкен ұйым. Қоғамға пайдалы көптеген бастамалар көтеріп, сайлаушылардың қолдауына ие. Дегенмен, уақыт бір орында тұрмайды. Бүгінде әлемдегі ахуал күрт өзгеруде. Сәйкесінше, бұл жаңа құндылықтар мен қатерлердің пайда болуына себеп болуда. Ал, саяси және әлеуметтік жағдайға келетін болсақ, ол жаңа шешімдер мен жаңғыртуды талап етеді. Партия өзінің ашықтығын сақтап қоғам мен билік арасындағы алтын көпір болуы керек. Облысымызда партия жанында 12 қоғамдық кеңес жұмыс атқарады. Қоғамдық кеңестің басты мақсаты – қоғамдық бақылауды ұйымдастыру және орталық атқарушы органдар мен жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының ашықтығын қамтамасыз ету. Қоғамда әлеуметтік мәселеден басқа экологиялық мәселелер жиі қозғалуда. Осындай мәселелерді шешу үшін өңірлерде нақты қадамдар жасалуда, – деді.

Өңірде 459 бастауыш партия ұйымы болса, онда 86 000-нан астам партия мүшесі бар. Бүкіл партия жұмысында бұл ұйымның орыны ерекше. Мысалы, Теміртау қаласындағы «ЦентрПромстрой» ЖШС ұйымында 369 партия мүшесі жұмыс істейді. «Біздің компания қарамағында үш ірі фирма бар. Олар – «Имстальком Теміртау», «ЦентрПромстрой», «Автотехцентр Азия». Құрылыс саласында табанды түрде еңбек етуде. Жаңа жұмыс орындарын да ашудамыз», – дейді «ЦентрПромстрой» ЖШС бастауыш партия ұйымының төрағасы, аймақты дамыту бойынша қоғамдық кеңесінің төрағасы Михайл Коновалов.

Сонымен қатар, облыс бойынша 19 депутаттық фракция жұмыс істейді. Оның ішінде партияның 22 аумақтық филиалы төрағаларының бірінші орынбасарларының 9-ы фракция жетекшісі болып табылады. Нұра аудандық мәслихатындағы партияның депутаттық фракциясының жетекшісі, партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Данияр Алшынбаев «Саннан – сапаға, сөзден – іске» көшуге пәрмен берілгені қуантатынын жеткізді. Jas Otan жастар қанаты да саяси аренада өз орынын ойып алған. Облыста жас депутаттар корпусы жұмыс істейді. Оның құрамында 35 адам бар. Мысалы, съезде облыстық мәслихат депутаты, педагог Кристина Шафикова жастар атынан сөз сөйлеп, жастардың қоғам алдындағы беделін арттыра түсті. Шахтинск қаласының депутаты, қалалық партия филиалы Jas Otan жастар қанатының белсендісі Алена Чернова болса партияның болашағына тоқталып, жастарға артқан сенімді ақтайтындықтарын жеткізді. Жиын соңында партияның облыстық филиалының төрағасы Жеңіс Қасымбек болашақта жүзеге асатын жобаларды бірге шешуге шақырды.

– Бүгінгі партиялық актив жай ғана есептік жиналыс емес. Партия қызметін жаңғыртудың негізгі басым бағыттары айқындалды. Енді тек соны енгізу және әрекет етуіміз қалды. Президент берген тапсырмаларды орындауға қаржы да адами капитал да жеткілікті. Халық нақты өзгерісті күтіп отыр. Партияның әрбір мүшесі бұл жауапкершілікті терең сезініп, аянбай еңбек етуі керек, – деді Жеңіс Қасымбек.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ. 

Суретті түсірген Р.ҚАЛИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button