АймақҚарағанды

Қарағандыда өрт сөндірушілер 25-ші қабатқа үш минутта көтерілді

Қарағандыда өрт сөндірушілер толық жауынгерлік киіммен 25-қабатқа үш минутқа жетпей көтеріліп, төтенше жағдайдағы дайындығын іс жүзінде көрсетті. «Тік көтерілу» атты арнайы жарыс кәсіби шеберлік пен төзімділіктің шынайы сынағына айналды.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Төтенше жағдайлар департаментінде ұйымдастырылған бұл жарыс қызмет жағдайына барынша жақындатылған форматта өтті. Қатысушыларға тұрғын үйдің баспалдақ алаңдарын толық жауынгерлік киімде және тыныс алу аппараттарымен еңсеру тапсырылды. Жалпы салмағы 25 келіден асатын жабдықпен биік қабаттарға көтерілу өрт сөндірушілер үшін оңай сынақ емес.

Сайысқа барлығы 51 өрт сөндіруші қатысып, өздерінің физикалық дайындығы мен кәсіби шеберлігін көрсетті. Нәтижесінде ең үздік көрсеткіш – 2 минут 50 секунд мамандандырылған жасақтың аға өрт сөндірушісі Алексей Теренюкке тиесілі болды.

Екінші орынды №6 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы Абылай Амантаев 3 минут нәтижемен иеленсе, үшінші орын №1 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері Данияр Әбеновке бұйырды. Ол қашықтықты 3 минут 16 секундта еңсерді.

Жарыс жеңімпазы Алексей Теренюк бұл сынақтың оңай болмағанын жасырмады. Оның айтуынша, бастапқы қарқын жеңіл көрінгенімен, биіктеген сайын жүктеме айтарлықтай арта түседі.

– Жауынгерлік киіммен 25-қабатқа жүгіріп көтерілу оңай емес. 12-қабатқа дейін аса қиындық сезілген жоқ, ал одан кейінгі қабаттарды тек жігер мен төзімнің арқасында еңсердім, – деді ол.

Мамандардың айтуынша, мұндай жарыстар тек спорттық сипатта ғана емес, нақты қызметтік дайындықтың маңызды бөлігі. Олар өрт сөндірушілердің физикалық төзімділігін арттырып қана қоймай, төтенше жағдайларда жедел әрі дұрыс әрекет ету дағдыларын шыңдайды.

Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар алдағы республикалық жарыстарда Қарағанды облысының намысын қорғайды.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button