Youtube: Балаңыз не көріп жүр?
Бала тәрбиесіне, әуелі ата-ана, содан кейін тәрбиеші мен ұстаз жауапты. Бұрын солай болған. Қазір ше? Бәрі өзгеріп кеткен тәрізді. Жұмысбасты ата-аналар жан тыныштығы үшін баланың қолына смартфон ұстата салады. Осыдан соң тентегі үйді басына көтеріп жүгірмейді, мазасын алмайды. Бір бұрышта мұрны пысылдап, өзімен-өзі отыра береді. Ол не көріп отыр? Не үйреніп жатыр? Бас қатырып, уайымдап жүрген адам аз.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында мектепке дейінгі бала тәрбиесіне ерекше зейін қойып, тәрбиешілердің айлығын өсіруді тапсырды. Бала – болашағымыз. Адамның адам болып қалыптасуы бала жастан бойына сіңірген тәрбиеге тікелей байланысты екені анық. Қарап отырсаңыз, атағы әлемге кең жайылған танымал тұлғалардың дені жетістікке жетудің сырын бала күнгі армандарымен ұштастырады. Мәселен, Троя қаласын құм-топырақтан аршып, жалпақ жұртқа ұсынған Генрих Шлиманды ынталандырған дүние – бала кезінде анасы айтқан ертегі екен. Сол ертегіні тыңдап, Трояны көзбен көруді армандаған бала Генрих ғалым атанған тұста да мақсатынан қайтпай, қаншама мазақ пен азапқа төзе жүріп, көздегеніне жетті. Топырақ астында қалған құнды жәдігерді адамзатқа қайтарды.
Хош, әуелгі сөзге қайта оралайық. Бүгінгінің баласын смартфон тәрбиелеп жатқаны ащы да болса шындық. Заманның да ыңғайы осы ғой. Көрсетпеймін, телефон ұстатпаймын деген болмайды. Өйтсеңіз, баланың психикасына зақым келіп, өзін қатарластарынан кем көруі мүмкін. Қайтпек керек? Тығырықтан шығар жол жалғыз – баланың не көріп отырғанын қадағалау.
Елімізде балалар ең көп кіретін сайт – youtube желісі. Мұнда арнайы «қауіпсіздік режимі» бар. Әлем қолданатын желі болғандықтан, күн сайын миллионға тарта видео жүктеледі, олардың арасында пайдалы контентпен қатар, қатігездікке үндейтін зиянды ақпараттар немесе ересектерге арналған видеолар да өріп жүруі мүмкін. Сақтық үшін балаға телефон берер кезде «қауіпсіздік режимін» қосып қойыңыз. Өз жасына сай келмейтін дүниелерді қарауға болмайтынын түсіндіріп, қызықты видеоларды ұсыныңыз. Бұл балаңызды зиянды ақпараттан аз да болса қорғауға мүмкіндік береді.
Youtube желісінде баланың ой-өрісін дамытып, білімін арттыруға бағытталған сан түрлі арналар бар. Бірінде, түстерді ажыратуды көрсетсе, келесілері сурет салуды, енді бірі қағаздан ою-өрнек қиюды үйретуі мүмкін. Әлем қызықтарын, табиғаттың тылсым жаратылысын жеңіл тілмен түсіндіріп беретін видеолар да жеткілікті. Егер, балаңызды осындай дүниені тамашалауға үйретсеңіз, сөзсіз жеңіске жеткеніңіз. Бұлар баланың бойындағы шығармашылық қабілеттерді ашып, өзінің тұлғалық қасиеттерін көрсетуге мүмкіндік береді.
Youtube желісі баланың тәрбиесімен қатар тіліне де ықпал ететінін естен шығармаған абзал. Мәселен, менің бірден енді асқан қызымның тілі ағылшынша шығып келеді. «Әкел, бер, иә, жоқ» деген жекелеген сөздерді осы тілде айтып, таң қалдырып жүр. Үйде бұл тілде сөйлейтін адам жоқ. Бәрі, телефонның пайдасы. Күніне бір уақыт смартфон ұстатқан кезде қазақша видеоларды көрсетуге тырысамыз. Таппай жатсақ, амалсыз ағылшындардың арнасын көрсетуге тура келеді. Орысшаны онсыз да үйреніп алады ғой.
Қазақша видеолар демекші, youtube желісіндегі балаға арналған сапалы контент тапшы. Еліміздегі балалардың жалғыз арнасы – «Балапанның» ресми парақшасында ғана қызықты дүниелер жарияланады. «Әли мен Ая», «Еріншектер елі», «Саяхатшы Дара» тәрізді мультфильмдердің қаралымы миллионнан асқан. Екі сериялы «Қошқар мен теке» мультфильмінің танымалдылығы соншалық, жұрт жалғасын күтіп жүр. Мұны «Қошқар мен теке – 3» деген атпен жарияланған видеолардың көп қаралым жинауынан-ақ байқауға болады.
Әрине, жоқ деп алақан жайып, түңілуге де болмайды. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында әр адам өзінің еліне, жеріне пайда әкелуге ұмтылуы керектігі айтылған. Жұмыстың бәрін Үкіметтің иығына артып, қарап отыратын кеңес заманынан өтіп кеттік. Интернетте балаларға арналған сапалы контент қалыптастыруға айтарлықтай кедергі жоқ. Бастысы – ынта болса, жетіп жатыр. Youtube желісіне кез келген адам тіркеліп, видео жүктей алады. Қаржылық мәселенің де оңтайлы шешімі бар. Үoutube бірнеше жыл бұрын Қазақстан аумағында жарнама арқылы ақша табуға рұқсат берді. Сырттан жарнамамен айналысатын серіктес компаниялар келіп, танымал арналармен жұмыс істеуде. Мұның тиімділігі сол, сіз жарнама беруші іздеп әуре болмайсыз. Бәрін серіктес компания өз мойынына алған. Яғни, сүйікті ісіңізбен айналыса отырып қосымша табыс табуға болады. Сізден талап етілетіні – қызықты да сапалы видео түсіру арқылы аудиторияның сұранысына ие болу.
Бала тәрбиесінде ата-ананың орны ерекше. Ізіңізді жалғастырар ұрпағыңыздың бүгінін назарда ұстау арқылы келешегінің жарқын болуына жағдай жасаңыз. Сіздің баланың бойына сіңірген тәрбиеңізді, тәрбиешілер мен ұстаздары үйреткен білімді интернет әп-сәтте жойып жіберуі мүмкін. Сондықтан, балаңыздың Youtube желісінде не көріп отырғанын бақылауда ұстаңыз. Әйтпесе, бармақ тістеп қалуыңыз мүмкін.
Нұрлыхан Қалқаманұлы,
«Орталық Қазақстан»