Бас тақырыпЖаңалықтар

Дәрмені мол Dapter.kz

Елбасымыз Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керектігін айтты. Балаға күнделікті өмірде қызықты әрі танымы терең ақпарат берілуі керек. Балабақша табалдырығында жүріп-ақ білім нәрімен сусындаған баланың болашағы жарқын болары анық. Бұрын бұл міндетті газет-журнал атқаратын. Қазір ше? Бүгінгі баланың ермегі интернет болып тұр. Ал, ол қазақ балаларына қандай базарлық ұсынады? Қазақ тілді балалар сайтының сапасы мен оқырманы қандай? Саралап көрсек …

Елімізде балалар сайты саусақпен санарлық. Олардың ішінде жұмысы жүйелі жолға қойылған, күн сайын жаңартылып тұратындары «Балапан» арнасының, «Жас Өркен» ЖШС-нің және «Балбұлақ» журналының онлайн-ресурстары ғана. Соңғы жылдары бұлардың қатарына қарағандылық Dapter.kz порталы қосылды. Жобаның авторы және модераторы – Теміртау қаласындағы №9 мектеп-лицейдің биология пәнінің мұғалімі Арай Ержанқызы.

Жоба авторының айтуынша, порталды ашуға ізденімпаз балалардың көптігі мен қазақ тіліндегі қызықты ақпараттың жоқтығы себеп болған.

– Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында әр адам өзінің туған жерін көркейтуге еңбек етуі тиіс екендігін айтты. Қазақстан – ортақ үйіміз. Оның дамуына барлығымыз мүдделіміз. Сондықтан, осы жобаны қолға алдық. Мақсатымыз – балабақша жасындағы бүлдіршіндерге, оқушыларға және ата-аналарға қызықты да пайдалы ақпарат ұсыну. Мектепте жұмыс істеп жүргенде байқағаным, оқушылар оқулықта көрсетілген ақпаратпен шектеліп қалғысы келмейді. Әрі қарай ізденіп, табиғаттың тылсым жаратылысының сырын білуге ұмтылады. Әйтсе де, интернеттен қазақша ақпарат таба алмай, тауы шағылып жатады. Бұл кемшілікті жоюға аз да болса үлес қосу – менің азаматтық және ұстаздық борышым, – дейді жобаның авторы.

Адам қолына алғаш қалам ұстаған кезде дәптердің парағын шимайлайды. Есейген шағында ешкімге айтпайтын құпиясын дәптермен бөліседі. Атақты ақын-жазушылар да өздерінің алғашқы шығармасын дәптердің парағына жазып қалдырған. Бір сөзбен айтқанда, дәптер – білімге ұмтылған алғашқы күннен бастап адамның ажырамас серігіне айналады. Сондықтан да, жобаның авторлары порталды Dapter.kz деп атаған екен.

Балалар сайты бірнеше бөлімнен тұрады. Негізгі аудиториясы – балабақшада тәлім алатын бүлдіршіндерден бастап, 9 сыныпқа дейінгі оқушылар және ата-аналар мен ұстаздар.

– Біздің көздегеніміз – балалардың бойындағы ұлттық рухты оятып, ұлттық кодымызды сіңіру. Қазақ тәрбиесі ертегімен басталады. Бүгінде немересін әлдилеп, ертегімен ұйықтататын әжелер жоқтың қасы. Баласына ертегі айтқысы келетін, бірақ, білмейтін ата-аналар бар. Сондықтан, қазақ ертегілерін топтастырып жатырмыз. Ертегі тыңдап өскен баланың қиялы ұшқыр болады. Елбасымыздың Жолдауда айтқан «Білім беру ісінде 4К моделіне: креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білуге назар аудару» дегені осы, – дейді жоба авторы.

Порталда ата-аналар мен ұстаздарға бала тәрбиесіне қатысты психологиялық кеңестер және әдістемелер ұсынылған. Сонымен қатар, мұнда балалар шығармашылығына да ерекше көңіл бөлінген. Өзінің салған суреті, жазған өлеңі мен әңгімесінің сайт бетінде жариялануы бүлдіршіндерге шабыт сыйлап, олардың шығармашылық тұрғыда дамуына айтарлықтай үлес қосары анық.

 Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын азаматтық тұрғыда қолдап, шынайы іске бет бұрған ұстаздардың еңбегі оқырмандары тарапынан лайықты бағасын алып, Dapter.kz-тің дәрмені мол порталға айналарына сенімдіміз.

Аяулым СОВЕТ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button