Бас тақырыпБасты тақырып

Жанға жылу сыйлаған

Жалақысының аздығына қарамай, еңбек ететіндердің бірі – әлеуметтік қызметкерлер. Ақыл-есін жоғалтып, құлдыққа салынғандарды еліне қайтаруға көмектесіп, олардың құжаттарын қайта жасауға атсалысатын да, халықтың әлсіз топтарына көмектесетін де, науқас адамның қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасайтын да – осы әлеуметтік жұмыс мамандары. Ертең – Әлеуметтік сала қызметкерлері күні. Бұл – көмекке мұқтаж жандарға қолұшын беріп, күнделікті тұрмыста демеу болып жүрген мамандар қошеметке бөленіп, құттықтау қабылдайтын күн.

 

Олар үшін өзгенің мәселесі деген түсінік жоқ, қиналған жанға қолұшын созып, көмегін аямайды. Қызмет алушының бабын табу мақсатында қалтқысыз қызмет ету күшпен бірге психологиялық табандылықты да қажет ететіні сөзсіз. Бұл жерде адамның діні, нәсілі, ұлты, жасы, білім деңгейі немесе қоғамдағы мәртебесі маңызды емес. Әлеуметтік сала қызметкері қолдауға мұқтаж жандардың əрқайсымен жекелей қарым-қатынас орнатып, талап-тілегін тыңдап, мейлінше толыққанды өмір сүру салтын жеңілдетуге күш салады. Бұл – кең жүректі, адами бейнесі айқын, өзінен гөрі өзгелерге болсын дейтін адамның ғана қолынан келері анық.

– Қамқорлық көрсету, әуелі, әлеуметтік қорғау мекемелерінің мінсіз қызметі арқылы орындалады. Жәрдемақы мен төлемдердің және қызметтердің әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға бағытталып, мұқтаж азаматтарға тепе-тең әрі әділ түрде бөлініп, жаппай қамтылуы – аталмыш жүйе жұмысының жемісі. Әлеуметтік қызметкер болу үшін әуелі темірдей төзім керек. Қамқорлыққа зәру жандардың сұраққа жауап бергенін, тапсырманы орындағанын күту, жұбату біраз күш-жігерді талап етеді. Азаматтарға қамқор бұл құрылымның қызметі қашанда сұранысқа ие. Өйткені, олар мемлекет қамқорлығын қажет ететін зейнеткерлер мен әлеуеті төмен, көпбалалы отбасы және мүгедек жандарға жанашырлық танытып, дер кезінде көмек көрсетуге әзір, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүнісбекова.

Бүгінде облыста халық алдында абыройға ие 3 мыңнан астам әлеуметтік қызметкер – 1290 мүгедек балаға, 18 жастан асқан психоневрологиялық ауытқуы бар 2394 тұлғаға, 5841 жалғызбасты қарт пен мүгедекке көмек қолын созуда. Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 11 медициналық-әлеуметтік мекеме, 1 күндізгі бөлімше, 1 оңалту орталығы, 69 әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі де жұмысын қалтқысыз орындауда.

Бұл кәсіби мереке тек ресми шара ғана емес, мейірім мен шапағат мейрамына, игі дәстүрге айналды. Елімізде әлеуметтік қызмет көрсету мекемелерінің саны артып, мұқтаж жандарға керекті көмек көрсетілуде. Әлеуметтік сала қызметшісі бойынан – өзге жандарға шынайы жаны ашу, өз елінің әлеуметтік өміріне әсер етуге талпыну, жеке және әлеуметтік үдерістерге қызығушылық, дағдарыс жағдайында жұмыс істей білу, сөзбен көп нәрсені өзгертуге болатынына сену сынды қасиет табылады. Қажырлы еңбек, кең жүрек, өзгенің мұңына бей жай қарай алмайтын адал жандар қандай құрметке де лайық!

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button