Бас тақырып

Өңір өнертапқыштарды өгейсітпеуі тиіс

Бұған дейін де айтқанбыз. Әлі де айтып келеміз. Инновацияны жасайтын өнертапқыштардың өрісі кеңімейінше, экономиканың да өрлеуі – неғайбыл. Мұны 21-ғасырдың алғашқы он жылы-ақ алдымызға жайып салды. Жер шарының жұрты «Ақылды құрал-жабдықтан» бастап «Ақылды қала» салуға көшті. Қазақ сол көштің қай тұсында? Тезек теріп қалмасақ та, шаңға көміліп жүрген жоқпыз ба? Ғалымдардың айтуынша, Жапония өнертапқыштарын төбесіне көтереді. Императорына дейін сөйтеді екен. Ал, түрлі технология ойлап табудан және ғылыми жаңалық пен ғылыми мақала жазудан Израиль алдына жан салып көрмепті. Тәңірі несібесін тың ойдан жазғандықтан ба, әйтеуір, тоқмейілсуді білмейді бұл елдің тұрғындары. Әсіресе, жер асты байлығынан гөрі адамдық ресурс құндырақ онда.  

ӨНЕРТАБЫСТА ҚАРАҒАНДЫ ҚАЙ ТҰСТА?

Қазақтың бұдан үйренері көп. Десек те, кейінгі уақытта бөтенді «япырай,ә!» дегізетіндей инновациялық идеяларға да қазақ та таласы барын көрсетіп-ақ жүр. Әйтсек де, соның көпшілігі – қолдаусыз. «Қаңғыған күшік секілді ұлып жұртқа қайтқан ой» (Абай). Сол себепті Қазақстан зерттеушілерінің саны жағынан өзге шетелдерден бәсекеге түсе алмайды. Мәселен, «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ дерегінше, Қазақстанмен салыстырғанда аталған көрсеткіш Финляндияда 7,5, Оңтүстік Кореяда 5,2, Сингапурде 5,2 есе асып түседі екен. Мың адамға шаққанда.

Зерттеушілер инновацияның өзегі – өнертабыста екенін айтудан әсте жалыққан емес. Жер асты байлығына мастанып отыратын уақыт өтіп барады. Әлем миымен бәсекеге түсуде. Біз жоғарыда айтқан тұрмыстағы барлық ақылды бұйым, құрал-жабдық, үй, шаһар – барлығы сол мидың жемісі. Яғни, қазіргі экономикада қозғаушы күшке ие – инноваторлар. Ал, Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің мәліметінше, олардың үлесі – 454 көрінеді. Мұндағы Қарағандының үлесі – 20 инноватор көлемінде екен. Бірақ соған қарамастан, аталған агенттіктің талдауы Қарағанды аймағын күшті инноваторлар аймағына жатқызады. Дегенмен, бұл 20-ның аздық етері сөзсіз.

Жалпы, өңірдің индустриалды-инновациялық дамуына тікелей мұрындық «Сарыарқа» ӘКК-ның қоржынында бүгінде перспективалы саналған 62 жоба жатыр. Ол жобаларды ұсынушылардың қатарында аймақтың алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары мен жекелеген өндірістер бар. Ендігі қадам – осы жобалардың жүзеге асуы. Ол болса, келешектің еншісінде. Былайша айтқанда, өндіріс орындары қажет етсе, алады. Болмаса, шаң басып сөреде қалады. Өйткені, ондай өнертабыстарды жаппай іске қосатын қаржылық зор әлеует әзірге еш өңірде жоқ.

БАЙҚАУ ҺӘМ ЖАС ӨНЕРТАПҚЫШ

Бұдан бөлек ІТ технология саласындаы жобаларға қазіргі таңда сұраныс аса жоғары екенін білеміз.

Өйткені, Қазақстан «Цифрлы Қазақстанға» айналуға барын салып отыр. Мемлекет басшысы тапсырмасымен осы аттас бағдарлама да қабылданды. Ал, бұл бағдарламаның қозғаушы күші – өнертабыс. Әлбетте, әлем ойлап тапқан бағдарлама, технологияларды қолданып, соны місе тұтып, тымпиып жүре берсек, ешкім «тек» демейді. Бірақ оның бүтін мемлекетке, елге, экономикаға берері – кем. Отандық өнімдерді, жаңалықтарды қолдану – өсетін экономиканың талабы. Сөйтіп, интеллектуалдық байлыққа дендеп бет бұрдық. Әр аймақ, өңірлерде өнертапқыштарды іздей бастады. Бұдан Қарағанды аймағы да құралақан емес. Былтырғы жылы дүркін -дүркін «Хакатон» байқауы өткізілді. Ондағы мақсат «Смарт сити Қарағанды» жобасы аясында озық идеяларды дамыту. Яғни, Қарағандыны ақылды қалаға айналдыруда жастардың технологиялық жаңалықтарына қолдау таныту һәм ілгерілетуге мүмкіндік беру. Қайсыбірінің бағы жанып, жүлделер иеленді. Мысалы үшін, соңғы өткен «Хакатон» байқауында тегін жеткізудің интернет дүкенін ұсынған K-Market.kz жобасымен Айдос Искаков, автобустардағы онлайн төлемді іске асыруды жобалаған Smart Bus жобасымен Сейдамет Сүлейменов жеңімпаз танылғанын білеміз. Құба-құп. Қуанарлық жайт. «Хакатонды» ұйымдастырушы жеке кәсіпкер Абай Отарбаев осы байқау арқылы Қарағандының жас инноваторларын анықтауға мүмкіндік болғанын айтады. Сол арқылы жас инноваторлардың базасы қалыптасқан.

Абай ОТАРБАЕВ, «Хакатон» байқауын ұйымдастырушы:

«Хакатон» арқылы жастардың қоғамға қажет идеяларын анықтай алдық. «Хакатонда» жүлде алған жобалардың барлығы да қоғамға қажет. Сұранысқа ие. Кездейсоқ жобаларға жол берілген жоқ. Біз байқау арқылы оларға қандай қадамдар жасау керектігіне жол нұсқадық. Бағыт-бағдар бердік. Ал, ол жобалардың одан әрі өмірге енуі – олардың өз қолдарында.

Яғни, жоба бар. Әйткенмен, оның қашан, қай күні іске асатыны – беймәлім. Мұның түйіні – тағы да сол қолдауға барып тіреледі.  

Қажеттілік жаңалыққа бастайды

Алайда, өнертапқыштың бәрі шаһарда деу – жаңсақтық. Ауылда, ақпараттық технологиядан бейхабар қарапайым ауыл тұрғыны да күнделікті шаруашылығында қажетті құралын өзі ойлап тауып жасап алатынын білеміз. Бірақ, сонысын патенттеп, оны әрі қарай дамытқаны шамалы. Неге?

Мысалы, Қарқаралы ауданы Қарағаш ауылының тұрғыны Шәймерден Жұмагелдин есімді ауыл тұрғынының ойлап тапқан жаңалықтарын бүгінде бүтін ауыл жыр етіп айтады. Ауылдастарының айтуынша, ол кісі сонау оқушы кезінде-ақ өзі жүретін шана ойлап шығарған. Кейініректе басқа да жаңалықтарды дүниеге әкеліпті.

Берік Смаханұлы, ауыл тұрғыны:

– Сонау бір жылдары Шәймерденнің жасаған шанасына барша ауыл таң қалғанымыз бар. Оның шанасының жаңалығы сонда – ол белгіленген бір жерге барып, үстіндегі жүгін төгіп, қайта айналып қайтуында. Шананың құрылысына тікелей әсер еткен қолмен қуаттайтын құрылғы деп түсіндіретін Шәймерден. Ал, кейінде жарық жоғалған кезде трактордың ескі генераторын алып, оған қалайы қалақ жалғап, үйінің төбесіне қойды. Содан сол қалақ арқылы желден энергия алып отырды. Үйінде жарық пайда болды.

Ол кезде, жасыл экономика, балама қуат көздері дегенді білмейтін едік. Қазір ойлап отырсам, сол жаңалықтардың қай-қайсысы болса да, бүгінгі қоғамның талабына толық жауап береді екен.

Ол ауыл тұрғыны өзін өнертапқыш екенін, құрастырған құралының өнертабыс екенін білмейді де. Тіпті, оны мақтан етіп те жүрмеген болар. Дәл осындай жайттар әр ауылдың басында бар. Осындайда аймақтық венчурлық қордың аса қажеттігі көрініп қалады.

Осы арада бұған дейін сарапшылардың қазақтардың идеясын шетелдіктердің азын-аулақ тиын-тебенге сатып алып кететінін, содан барып өздерінде патенттеп сол елдің жаңалығы ретінде ұсынатынын айтқанын тағы еске салуға тура келеді.

Шешім неде? Өнертапқыштар қоғамы, венчурлық қор

Мұндайда венчурлық қор маңызға ие екенін айтады ғалымдар. «Венчурлық қор – ол қандай да бір өнертапқыштың ойлап тапқан жаңалығын қаржыландырады. Одан түскен пайданы өнертапқыш та, венчурлық қор да бөліседі. Бірақ, бұл тәуекелділікті қажет етеді. Себебі, ғалымның жаңалығы сұранысты иеленбей қалуы да мүмкін. Венчурлық қор шетелде жақсы дамыған. Біздің елімізде кенжелеп тұр. Мәселен, бүгінде біздің оқымысты, ғалымдарымыздың бәрі «жылап» жүр. Неге? Ғылыми жаңалығын өндіріске, қолданысқа енгізе алмайды. Ал венчурлық қор сол оқымыстылардың көз жасын құрғатар еді. Қорды жасау үшін қандай қадамдар қажеттігін де батыл айта аламыз. Бірінші – қаржы әкімдіктен, одан кейін республикалық көзден, үшінші жер қыртысын пайдаланушылардың жергілікті бюджетке аударымдарынан, жеке меншік инвестордың салымдарынан құралуы тиіс» деген еді экономика ғылымдарының докторы Әбілда Әмірханов. Ал, қазіргі таңда венчурлық қордың қызметін еліміз бойынша Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік атқарып отыр. Бұдан бөлек тағы да салалар бойынша венчурлық қорлар бар. Бірақ тұтастай алғанда Қазақстанда венчурлық индустрия дамымаған. Соның салдарынан өнертапқыштардың көкірегінде қорытылып шыққан озық ойлар қоғамда іске аспай қалады. Бір кездері биология ғылымының докторы, профессор, ҰҒА академигі Мұрат Құрмашұлы Қазақстанда өнертапқыштар қоғамын құру керектігін де ұсынған еді. Бұл да – аймаққа ойланатын мәселе.

Басқа материалдар

Back to top button