Бас тақырыпЖезқазған

Көзбояушылықтың “көкесі”: әлде, қылмыстың “құлағы” қылтия ма?

Болат Күзембаев жиырма жылдай уақыттан бері Жезқазғандағы «Роскосмос» өкілдігінде қызмет істейді. Қалада қос қабатты үйі болса да, қысы-жазы шаһар сыртындағы жеке шаруа қожалығында қарапайым баспанада тұрады.

Ауылдың баласымын, мал — менің әуес ісім. 2003 жылы қаланың сыртынан жер телімін жалға алып, баспана мен қора-қопсы салдым. 12 қой, 4 сиыр, 3 жылқы сатып алдым. Субсидия сұрап мемлекетке алақан жайған жоқпын, несиеге жоламадым. Шағын шаруашылықты шыр айналдыруға бала-шағамның шамасы жетті. Бүгінде шаруашылық балам Арнұрдың атында, алайда, «сенімхатпен» өзім басқарамын. Қызметтен тыс уақытымның бәрі осында өтеді. Құдайға шүкір, малдың бабын бір адамдай білемін. Бірақ, мал емдеу саласындағы салғырттық пен жауапсыздық жүйкені жұқартып бітті, — дейді ол.

 

Сиыр неге сойылды?

2019 жылы 30 қазанда қанға жасалған сараптама актісі негізінде қалалық ветеринария бөлімінің бас мемлекеттік малдәрігері міндетін атқарушы Е.Гаризонова ауру таралуына жол бермеу мақсатында бруцеллез белгісі байқалған 10 және қортындысы күмәнді 3 ірі қараны оқшаулау жөнінде «Күзембаев А.» шаруа қожалығына 4 қарашада екі жазбаша нұсқама береді.

Тура тоғыз күннен кейін қалалық ветеринария бөлімі басшысы міндетін атқарушы А.Гудовщиков әлгі малдарды санитарлық союға ұйғарым жасайды. Келесі күні 13 ірі қара «Құлжанов Д.» жеке кәсіпкерлігінің қасапханасында сойылады. Етін сол маңайды төңіректеп жүрген делдалдар талап әкетеді.

Қасапханада Б.Күзембаевтың талап етуімен сол күні санитарлық сою туралы акт жасалады. Оған ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті қалалық аумақтық инспекциясының басшысы Т.Рысбеков, қалалық ветеринария бөлімі бас маманының міндетін атқарушы Е.Гаризонова, қалалық ветеринария бекетінің меңгерушісі Н.Бақытжанов, қасапхананың өндірістік бақылау малдәрігері М.Борсынбаев қол қояды.

Актіде былай деп жазылған: «Сойғаннан соң комиссия малдың ішкі ағзалары мен тұтас етін тексерді, қарау кезінде ішкі ағзалары мен безінен бруцеллезге тән өзгеріс табылмады. Ветзертханаға жіберу үшін жеті малдың тұтас етінен бірнеше тілім мен без кесіп алынды». Сойылған он үш сиырдың жетеуінен ғана сынама алынғаны қалай?

Содан жеті сынама 2019 жылы 29 қарашада облыстық ветеринарлық зертханасына жетіп, 4 желтоқсанда сараптама қорытындысына акт жасалады. ПТР әдісімен бруцеллезге бактериологиялық зерттеу жүргізгенде сынаманың жетеуі де «теріс» нәтиже көрсетеді. Демек, мал дерттен аман болғаны.

  • Бруцеллез – жұқпалы ауру. Қала сыртындағы саяжай маңынан 200-дей сиыр өріске шығады. Жұтқан ауасы, оты мен суы – ортақ. Соларға немесе менің басқа малыма ол індет неге жұқпайды? Бас-көзге қарамай 13 буаз сиырды неге сойып тастады? Бәрінен сынама алуды сұрап едім, «лимит бітті» деп, жетеуінен ғана алды. Ең болмаса, соның біреуі неге «оң» нәтиже көрсетпеді? Сұрақ көп, жауап жоқ!Дерекқордағы аурудың алдын алу жөніндегі есеп бойынша біздің қожалықта 2018 жылы екі рет: 16 наурызда – 27, 7 қыркүйекте 37 сиыр қарасаңға қарсы егілген. Бұл – егу жөніндегі нұсқаулықты бұзу, яғни, бір жылда бір сиырға екі екпе жасауға болмайды. Оны қойшы, сорақысы сол – «егілді» деген малдың тізіміне қойылған қол менікі емес.Бәлкім, жоғарыдағы көп сауалдың жауабын осындай жалған құжат жасау мен көзбояушылықтан іздеу керек шығар? – дейді Б.Күзембаев.

Жылқы еккені – жалған

Былтыр қарашаның аяғында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Жезқазған аймақтық ауданаралық басқармасының хаты және жезқазғандық Болат Күзембаевтың арызы негізінде арнайы комиссия құрылып, қалалық ветеринарлық станса қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізді. Онда ветеринарлық заңнаманың сақталуы сараланды және арызда көрсетілген кемшіліктер қарастырылды.

ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Жезқазған қалалық аумақтық инспекциясының басшысы Т.Рысбеков пен ветсанитарлық инспекторы А.Ахметова, облыстық аумақтық инспекциясы биологиялық қауіпсіздік бөлімінің ветсанитарлық инспекторы М.Бейсенбеков пен Сәтбаев қалалық аумақтық инспекцияның ветсанитарлық инспекторы С.Жұмабеков жүргізген тексеруге Жезқазған қалалық ветеринарлық станса басшысы С.Қуанышқалиев, Жезқазған қаласы мен Кеңгір ауылдық округіндегі ветбекет меңгерушілері Н.Бақытжанов пен Ж.Жағыпаров қатысты.

Енді жоспардан тыс тексерудің қорытындысымен комиссия 2019 жылы 29 қарашада жасаған актіден шағын үзінді келтірейік: «…Б.Д.Күзембаевтың арызында көрсетілгендей, жылқыға екпе, аллергиялық зерттеу және бірегейлендіру жүргізілмегені расталды.

… «Күзембаев А.» шаруа қожалығында ауылшаруашылық малын бірегейлендіру базасына көпе-көрнеу жалған дерек (мәлімет) енгізу жолымен жылқыны бірегейлендіру мен егу, аллергиялық зерттеу немқұрайлы жүргізілген. Бірегейлендіру тізімдемесі, ветеринарлық төлқұжат, акт, жылқыны егу мен аллергиялық зерттеу тізімі жоқ. Жылқыны бірегейлендіру жүргізілмеген. Малға ветеринарлық төлқұжат берілмеген».

  • Қалалық ветеринарлық стансасы жылқыны бірегейлендіру және егумен ешқашан айналысқан емес. Бірақ, қағаз бетінде бәрі бар. Айталық, былтыр қожалықтағы 110 жылқы бірегейлендірілді деген желеумен жалған құжат жасап, қызмет ақысын қалалық ветеринарлық бөлімнен шытырлатып санап алған. Жасалған акт пен тізімге жалған қол қойылған.

Ауылшаруашылық малын бірегейлендіру мен оған ветеринарлық төлқұжат беру – мемлекеттік қызмет, ол жеке тұлғаның өтінішімен көрсетіледі. Ал, қалалық ветстанса мамандары малды ешқандай негізсіз дерек базасына енгізіп, қалаған кезінде сатылған ретінде есептен шығара салады. Солар мал сойылса, не сатылса ветеринарлық анықтама берілетінін білмейді-ау деймін. Өйткені, ол да мемлекеттік қызмет саналады. Әркім ойына келгенін істей берсе, мемлекеттік қызметте қандай қадір-қасиет қалады? – дейді шаруа қожалығының иесі.

Адам амалсыздан арызданады

«2016 жылы – 36, 2017 жылы – 36, 2018 жылы – 21 бас қой топалаңға, 2016 жылы – 35, 2017 жылы 35 бас қой листериозға қарсы егілген.

Ауылшаруашылық малын бірегейлендіру жөніндегі дерек қорына қарағанда, 2014-2018 жылдары «Күзембаев А.» шаруа қожалығында аурудың алдын-алу іс-шарасы мен диагностикалық зерттеу есебі бойынша бруцеллезге қарсы серологиялық зерттеу жүргізу үшін қойдан қан алынбаған».

Бұл – жоғарыдағы тексеру актісінен алынған дерек. Ал, Болат Күзембаевтың өзі былай дейді:

  • Малының егілген-егілмегенін иесі жақсы біледі ғой. Ветстанса қызметкерлері екпек түгілі, қойдың қарасын көрді ме екен? Ал, бруцеллез белгісі байқалып жатқанда былқ етпеген ветзертхана ұжымы жайшылықта қойдан қан алады дегенге кім сенеді?Осы шаруа қожалығын қашан, қалай құрғанымды жоғарыда айттым. Қаз тұрып, қалыптасып кету оңайға түскен жоқ. 2008 жылы қойдың өлім-жітімі көбейіп кетті. Сол жылы – 12, келесі жылы 15 қой өлді. Шақыртқан малдәрігері өлімтікті зертханаға жөнелтумен шектелді. Бірақ, себебін анықтай алмады.2014 жылы жазда ірі қара өле бастады. Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы И.Борсынбаев пен ветстанса бастығы С.Қуанышқалиевқа телефон шалдым. Тірі жан аяқ баспады. Бір аптадан кейін облыс әкімдігіне хабарласып, облыстық аумақтық инспекциядан А.Әбішев келгеннен кейін ғана бетін бері бұрды. Сонда барып ауруы анықталды. Он күнде мен аналық 24 сиырымнан айырылдым.Сосын менің малымды шұғыл түрде бірегейлендіру мен егудің іс-шара жоспары жасалды. Ал, ветстанса бес жылда белгіленген шараның біреуін де орындамады. Ветзертхананың бар білетіні – бруцеллезге қарсы қан алу, сосын малды сойдырту.2014 жылы малдың өлім-жітімі көбейіп кеткесін арнайы адвокат жалдап, қазанда ветстансадан малға жүргізілген ем-дом туралы анықтама сұраттым. Мекеме басшысы С.Қуанышқалиев: «Бұл – қызметтік және құпия дерек» деп жауап берді. Мал иесінен жасыратындай, ол қандай мемлекеттік құпия? Былтыр қарашада 2018 жылғы мал егу құжатының көшірмесін сұрап, өзім жазбаша өтініш жасадым. Жауапсыз қалды.

Асылы, адам амалсыздан арызданады. Биыл 12 ақпанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Жезқазған аймақтық ауданаралық басқармасы Қарағанды облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне бюджеттік қаржыны игеруге қатысты қорытынды жасау үшін хат жолдады. Содан бері тым-тырыс. Бәлкім, жауаптың кешігуіне карантин кедергі болған шығар…

P.S. Карантиннің де күні өтер. Аудиттің қорытындысы да қолға тиер. Бірақ, өкілетті органның жалған құжат жасау мен алаяқтыққа қатысты қылмыстық іс қозғап, тергеу-тексеруді жүргізе беруіне кім кедергі келтірді екен?

Әлібек ӘБДІРАШ

Басқа материалдар

Back to top button