Өңір жетістігіне – оң баға
Газеттің өткен санында ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ жұмыс сапарымен өңірімізге келіп, облыстың актив жиынына қатысқаны туралы жазған едік. Сенат Төрағасы жиыннан кейін облыс орталығындағы академик Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ қабырғасы мен «Луч» нейрооңалту орталығына ат басын бұрды.
Білім ордасындағы бірегей жүздесу
Сөйтіп, білім ордасындағы ұстаздар және студенттермен кездесу барысында Сенат Төрағасы Президенттің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған міндеттерді тілге тиек етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен облыс әкімі Ерлан Қошанов шәкірттер мен оқытушыларға Қызмет көрсету орталығының жұмысымен және аталған білім ордасының жетістіктері көрмесімен танысты. Сонан соң, Сенат Төрағасы профессорлық-оқытушылық құраммен, студенттермен, магистранттар мен докторанттармен кездесті.
– Менің Қарағанды облысына жасаған сапарымның мақсаты – Президент Жолдауын іске асыру жолдарын көпшілікпен бірге талқылау. Сөз жоқ, Жолдау әлеуметтік сипатқа ие. Сіздердің барлықтарыңыз осы маңызды, әрі тарихи құжатпен танысып шығып, Жолдаудағы негізгі қағидаларды жүзеге асыруға дайынсыздар деп ойлаймын. Әлемдегі жағдай екіұшты екенін білесіздер. Ол тұрақсыздықты анықтайтын түрлі сталкерлерге толы. Біз өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары куәгер болған қырғи-қабақ соғыс халықаралық аренаға қайта оралып келе жатқан секілді. Бірақ, жаңа тұрпатта. Егер, сол кездегі қырғи-қабақ соғыс екі идеологиялық жүйенің өзара қақтығысы болған болса, қазір сол секілді шекаралар толықтай жойылған. Мемлекеттер бір-біріне жаңа, өркениетті түрде қарсы келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз сөзінде ол цифрландыру, Назарбаев зияткерлік мектептерінің әдістерін енгізу, білім ортасының сапасын арттыру мәселелерін көтерді.
Сенат төрағасының пікірінше, жоғары оқу орындарының автономиясы артық бюрократиядан арылуға мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласындағы реформаларға ойланып, бар мен жоқты салмақтай келген жөн деп санайды.
– Осы сынды сынақтар аз болған жоқ. Білім жүйесі ремормалармен құрықталып қалған. Сондықтан, менің ойымша реформалар қажет, бірақ олар әбден ойланып, шешім қабылданған соң болуы тиіс. Әйтпегенде, оның пайдасынан гөрі, зияны көп болуы мүмкін, – деді Сенат Төрағасы.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп түлектері шет елдік жоғары оқу орындарына ағылып кетуіне қарсы нәтижелі шаралар қабылдау керек деп санайды.
Білім жүйесі – адами ресурстарды даярлау және дамытудың негізгі құралы екенін атап өткен Сенат Төрағасы Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур секілді мемлекеттердің алдыңғы қатарлы тәжірибесін зерттеуге шақырды. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Ли Куан Юдің «Үшінші әлемнен – біріншіге. Сингапур тарихы (1965– 2000)» кітабын оқуға кеңес берді.
Мұнымен қоса, Сенат Төрағасы ағылшын тілінің маңыздылығына да тоқтала өтті.
– Білімді жаңғыртудың тағы бір аспектісі – ол үш тілділікке көшу. Бұл біздің дәуірдің парадигмасы. Ағылшын тілін халықаралық тіл табысу тілі және қазіргі заманғы ақпараттық технологиялардың негізгі тілі ретінде тарату ерекше маңызға ие болып келеді. Және де, бұған қоса, 5-ші сыныпқа дейін қазақ және орыс тіліне басымдылық жасау керек. Ал, ағылшын тілі – ғаламдық байланыс құралы болуы тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу соңында Сенат Төрағасы ұстаздар мен студенттерге ғылым мен білімдегі жетістіктері үшін ҚР Парламенті Сенатының Грамотасы мен Алғыс хаттарын табыс етті.
Оңалту орталы ғында – оң нәтиже
Бұдан әрі Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған жұмыс тобы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша ашылған «Луч» нейрооңалту орталығына табан тіреді.
Бұл нейрооңалту орталығы 2017 жылдың ақпанынан бастап қызмет етіп келеді. Ашылу кезінде орталықта емделушілерге арналған 20 орын болатын. Қазір олардың саны 70-ке дейін ұлғайған. Жылына бұл жерде 1500-ден астам адам емделуде.
– Ем іздеген отандастарымыз бізге Қазақстанның түпкір-түпкірінен келеді. Егер, біз тек Қарағанды облысына ғана қызмет етсек, осындай ұзын- сонар кезектер болмас еді. Алайда, Павлодар, Қостанай және тағы да басқа қалалардан емделушілер келуде, – деді «Луч» нейрооңалту орталығының атқарушы директоры Елена Ли.
Жабдықталуы және терапевтік процедуралар жиынтығы тұрғысынан «Луч» нейрооңалту орталығы – елімізде жалғыз. Тек осы жерде ғана су астында омыртқаны созу аппараты бар. Орталық базасында Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің неврология және оңалту кафедрасы жұмыс істейді. Кеңес беру және ем жүргізумен ғылыми дәрежелері бар жоғары білікті мамандар айналысады. Штатта массаж жасаушы маман, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы, логопед бар.
Сонымен қатар, осы жылдың маусымында аталған орталық Жезқазған және Теміртау қалаларында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік желісі негізінде 25 орындық екі филиал ашты.
Бұл ретте, Қасым-Жомарт Тоқаевқа бүгінгі таңда өңірімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік желісі негізінде жүзеге асырылып жатқан өзге де жобалар туралы айтылды. Аймақта мемлекет пен бизнес арасындағы әріптестік барлық бағыттар бойынша дамып жатыр.
– Бұрындары бізде бизнес осылай белсенді дамымаған еді. Қарағанды облысында мемлекеттік жекеменшік әріптестік жақсы нәтижелер көрсетіп жатқаны қуантады, – деді Сенат Төрағасы.
«Нәтиженің» жаңа өнімі
Қасым-Жомарт Тоқаев «Нәтиже» сүт фабрикасына барды. Ол өндіріс цехтерін қарап шығып, жаңа өнімдерден дәм татып көрді.
Кәсіпорын нарықта 1999 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінгі таңда компания табысты бизнестің үлгісі болып табылады. Фабриканың қуаттылығы бірнеше есе артты. Сүт өнімдері Қарағанды облысының барлық қалалары мен аудандарына, сондайақ көршілес аймақтар мен Астанаға тасымалданады.
Жуырда «Нәтиже» жаңа өнімдер желісін сатылымға шығарды: айранның екі түрі – протеин құрамы жоғары және йод қосылған. Фабрика сонымен қатар, итальян технологиясы бойынша балмұздақ өндіре бастады. Ол үшін еуропалық технолог шақыртылды. Ол Қарағандыға Лондоннан келді. Қазіргі таңда 20 түрлі балмұздақ шығарылады. Оның ішінде, «Шахтер» атты қара балмұздақ жасалады. Келешекте олардың түрлері көрсетіледі деп жоспарлануда. Сенат спикері жаңа өнімнен дәм татып, оларға жақсы баға берді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі ақпараты негізінде әзірлеген Рауан ҚАБИДОЛДИН.