Тұлға

Адал дос, ақкөңіл азамат

Жүрсең де жұрттың ішінде,
Жолдастар түссе есіңе.
Ауыз су жетпегендей,
Мұхитта жүрген кісіше.

(Қадыр Мырзалиев)

Құлын-тайдай тебісіп балалық шағымызды, жалындаған жастық шағымызды, студенттік өмірімізді бірге өткізіп, жетпіс жылдай бірге жүрген досымның өмірден өткеніне жүз күн толып отыр.

Қазыбек бабамыздың ұрпақтары өсіп-өнген Егіндібұлақ өңірінің Едірей жерінде 1936 жылдың қарашасында дүниеге келген Мырзатай Сұлтанбекұлы осы жылдың 12 шілдесінде фәни жалғанмен қоштасып, бақилыққа аттанды. Оның өмір жолы да өзгеше еді.

Егіндібұлақ ауданының №1 қазақ орта мектебін күміс медальмен бітіріп, Қарағанды қаласының тау-кен техникумына оқуға түсті. Оны өте жақсы бағамен аяқтап, бір жылдай Горбачев (8-9) шахтасында, жер астында машинист болып жұмыс атқарды. Ол кезде мен мектепті бітіріп, Қазақтың ауыл шаруашылық институтына оқуға түсіп, оқып жүрдім. Мырзатай тау-кен инжинері болу үшін 2 жыл өндірісте жұмыс істеп, институтқа түсуді армандады. Ал ол кезде ауылда инжинер-механик мамандары жоқ болатын. Аудан совхоздарында өз кадрлары, мамандары болса деген мақсатпен Мырзатайды Алматыға, өзім оқып жүрген ауыл шаруашылық институтына шақырдым. Сөйтіп, Мырзатай Қазақтың ауыл шарашылық институтының механизация факультетіне оқуға түсіп, студент атанды.

Мен оқуды бітіріп жолдаманы Қарқаралы ауданының немістер шоғырланған Қарқаралы РТС-не алдым. Ондағы мақсатым олардан үйренгенімді аудан совхоздарындағы қызметімде пайдалану. Сонымен, үш жылдан кейін Мырзатай да оқуын бітіріп, жаңадан ұйымдасқан Егіндібұлақ ауданына келіп, Арқалық совхозының бас инжинері болып қызметке орналасты. Мен аудандық ауыл шаруашылық басқармасының бас инжинері болып жұмыс атқардым. Сөйтіп, қолымыздан келгенше ауданның дамуына үлес қостық.

Мырзатай замандастарының, жолдастарының арасында беделді, сыйлы болды. Өте еңбекқор, білгір маман болатын.

Ол кездері совхоздардағы қиыншылық – ауыл шаруашылық техникасының жетіспеушілігі еді. Сол жетіспеушіліктерді жеткізу үшін, бар механизмдерді пайдаланып, ауыр жұмыстарды жеңілдетіп, жаңашыл, рационалдық әдістерді өндіріске енгізу керек болды. Біздің өңірде, әсіресе мал азығын дайындауда техниканың жетіспеушілігінен қиындық көп болатын.

Мырзатай алғашқылардың бірі болып шөп шабатын косилкалардың жұмысына жаңа әдіс қолдану арқылы ауыл шаруашылық техникасын жетілдіріп, сол жаңалығын өндірісте пайдаланды. Осы жаңалығы үішін Мырзатайға облыстық мал азығын дайындау туралы өткен семинар-кеңесте диплом тапсырылып, бірінші орынға ие болды. Және сол күні оған осы еңбегі үшін «Москвич- 420» жеңіл автокөлігін сыйлаған.

Мырзатайдың еңбекқорлығы, біліктілігі бағаланып, совхоз директорлығына ұсынылды. Сөйтіп, Қоянды совхозына директор болып тағайындалды. Совхозды он жылдай адамгершілігімен, абройлы еңбегімен басқарды.

1980 жылдан Егіндібұлақ ауданының №353 жол жөндеу мекемесін басқарып, зейнеткерлікке шықты.

Мырзатай – өзінің өмір жолында, еңбек жолында хакім Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла» деген сөзін ту қылып ұстаған азамат. Ол адамдарды бөлмейтін, алаламайтын, бәрі де болсын, бәрі де оңсын дейтін тәні де, жаны да таза, ешкімге қиянат жасамаған, ала жібін аттамаған, көңіліне көлеңке түсірмеген көпшіл, қазақшыл жан еді. Абай армандаған толық адам, осы заманның өлшеміне айналған сапалы адам болды. Сөз жоқ мұндай адамдарды қоғамдық ырыс, әлеуметтік дәулет, ұлттық игілік десек те артық бола қоймас.

Мырзатайдың достары да көп болатын. Олардың ортасында да ол сыйлы болды. Қазақта құданы Құдай қосады, досты пайғамбар қосады. Бір адал досы бар адам – бақытты дейді. Мырзекеңнің құдасы Нескей ұлы Қабыл үшеуміз де дос болдық. Құдалығына өзім бастап барғанмын.

Жақсы адамның өзі де, өмірі де, өлімі де жақсы. Кез келген мұсылман жасарын жасаған соң, берерін беріп, аларын алып, парызын, берешегін орындаған соң Алладан қинамай, жанжағына салмақ салмай ала көр деп тілейді. Мырзатайдың тілеуі орындалды, ол Алла алдындағы бес парызының қажылықтан басқасын орындады.

Нағыз азамат, аяулы жар, ардақты әке сексеннің төртеуіне шыққан шағында бақи дүниеге атанды. Жатқан жерің жұмақ, топырағың мамық болсын, жан досым!

Еске алушы – Мұрат Мұздыбаев, еңбек ардагері.

Басқа материалдар

Back to top button