Құлдық қамытын кигендер

Халықаралық Walk Free Foundation қорының мәліметінше әлемде 40 миллионнан аса адам құлдық қамытын киіп жүр. Олар ауыр жұмысқа күштеп жегіліп не тән саудасымен айналысуға мәжбүр. Құлдар саны жөнінен Солтүстік Корея – бірінші орында. Ал алғашқы ондық құрамына Эритрея, Бурунди, Ауғанстан, Пәкістан, Иран мен Камбоджа кіреді. Біздің елде де құлдыққа ұшырағандар жетерлік. Соңғы он жылда Қазақстанда 1,5 мың адам құлдыққа түскен. Өткен аптада «STOP трафик» операциясы жүргізіліп, адам саудасына қатысты 50-ден астам қылмыс анықталды.

– Елімізде ауқымды «STOP трафик» операциясы жүргізілді және үш күнде полиция қызметкерлері адам саудасына қатысты 50-ден астам қылмысты анықтады. Оның ішінде 1 кәмелет жасқа толмаған бала саудасы, 2 – адам саудасы, 3 – қара жұмыс пен сексуалдық құлдық үшін бас бостандығынан айыру, 6 – жезөкшелікке тарту жөнінде ақпарат тіркелген, – деді Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаментінің басшысы Думан Таев министрлік ұйымдастырған апталық брифингте.

Одан бөлек, жезөкшелік пен жеңгетайлық үшін мекен-жай ұсынғаны үшін 14 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді. Ал, қырындау мен тиісу бойынша 184 әкімшілік іс қозғалған. Жалпы, бүгінде Қазақстанда 1200 адам із-түссіз жоғалғандар есебінде тұр. Қазақстанда жыл сайын 80-ге жуық тұрғын адам саудасының құрбаны болады екен. Мұндай қылмыс карантин кезінде де тіркелген.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.