Ел тағдыры сынға түскенде…
Жыл өткен сайын Алаш қозғалысының дәуірі алыстап, аңсары бәсең тартқандай көрінгенімен де, Қазақ елі үшін «Мәңгілік Ел» идеясы ешқашан өлмек емес. Керісінше даму тарихымыздың тұрлаулы-тұрлаусыз, тағдырлы-тағдырсыз, дәуренді-тоқырау тұстарында тағы да сараланып, еліміздің рухани нысанасын анықтауға тұтқа болатыны анық. Ол – күмәнсіз шындық.
Біртұтас Алаш идеясының ұйытқысы: «жер, жер және жер. Жер – Отан. Ал, Отанды сатуға да, меншіктеуге де, жатқа жалдауға да болмайды», – деген ұлы мақсат Алаш ұранды азаматтардың өзегін өртеген түйінді мәселе.
Уақытша үкіметтің премьер-министрі Керенский де қас дұшпанының сөзінен алыс кеткен жоқ, ол мемлекеттік Думада сөйлеген сөзінде: «Түркістан мен дала облыстары Тула немесе Тамбов облыстары емес. Ағылшындар немесе француздар өздерінің отарларына қалай қараса, біз де оларға солай қарауымыз керек» – деп мәлімдеме жасады. Шығыс Түркістанның байлығын шотқа қағып отырған Сталин Қазақстанды қалай уыстан шығарсын? Оның мақсаты «Қазақстандағы орыстардың санын 1912 жылы қасиетті Синодтың жоспары бойынша әр қазаққа екі қоныстанушыдан келсін» – деген межеге жеткізу.
«Коммунистік-колонизаторлық» саясат бұл қитұрқы әрекетті отыз жылдан кейін «тың игеру» деген дақпыртпен жүзеге асырды. Оған дейін де қазақ ұлты үш рет зауалға ұшырады. 1931-1932 жылғы аштықтан, 1937-1938 жылғы жазалау науқанынан, соғыстағы қантөгістен соң 1913 жылы 6 миллионға жеткен қазақ ұлтының саны 1948 жылы 1 миллион 400 мыңға дейін құлдырады. Қырып-жоюдың мұндай қасіретін басынан кешкен ұлт әлемде некен-саяқ қана. Адамның сүйегі ғана қалған иесіз даланы ың-шаңсыз игеруден асқан аярлық жолының болуы да мүмкін емес.
Мұндай «коммунистік-колонизаторлыққа» кеңес өкіметінің тізгінін ұстаған Смағұл Сәдуақасов, Ыдырыс Мұстанбаев, Нығмет Нұрмақов, Жалау Мыңбаев, Ораз Жандосов сияқты өжет мінезді қайраткерлер ашық қарсы шықты. Мысалы Ақтөбенің Елек ауданын Орынбор облысына беру туралы шешіміне орай Қазақ автономиялы республикасының Халық комиссары кеңесінің төрағасы Нығмет Нұрмақов: «Егер Орталық жеке аудандардың тағдырын осылай шеше беретін болса, онда келешекте Қазақ республикасының сақталып қалуы мүмкін емес» деді.
БК(б)П Қазақ Өлкелік Комитетінің екінші хатшысы Сұлтанбек Қожанов: «…Біздің республикамыздың тұла бойы тұнған ұлттық проблема (мәселе)… Мәселенің ұлттық тұрғыдан қойылуынан тайсақтап, ең құнарлы экономикалық аудандардан айырылып отыра бергіміз келмейді. Қазіргі кезде қоныстандырудың қарқынды жүргізіліп жатқаны байқалады… Менің пікірімше, Қазақ республикасын бір өлке немесе Ресейдің бір ауданы есебінде емес, өзінше мемлекет ретінде сақтап қалу және оны одан әрі нығайту тұрғысынан келу қажет… Кейбір жолдастарға ерік берсек, олар бұл республиканы таратып жіберуге құлшынып отырған сияқты», – деді.
Қазақ әскери-ревкомы 1920 жылы 16 мамырда шекараны анықтау комиссиясын құрды. Оның құрамына Әйтиев, Ермеков, Кулаков, Авдеев кірді. Шекара межесін белгілеу үшін Әлімхан Ермеков Кремльге жіберілді. Бұл Ә.Ермековтің саяси қайраткерлігінің ең жауапты және қазақ мемлекеттігінің негізін қалаған аңсарлы күндері еді.
Ә.Ермеков Мәскеуге барғаннан кейін ревком мүшелері республиканың шекарасын анықтау үшін тиісті құжаттарды жинастыруды және ұлттар жөніндегі халық комиссарымен (ол кезде Сталин болатын – Т.Ж.) декреттің жобасын жасауды тапсырды… Қазақ автономиясын құру жұмысына Сталиннің өзі тікелей араласып 1920 жылы 18 мамыр күні «Қазақ өлкесін басқару мәселесін» талқылады. Семей және Ақмола облыстарының қазақ әскери-ревкомына қосылуы және оның қарамағына берілу мәселесі Орынбор қаласындағы мәжілісте барлық мүшелердің қатысуымен талқыланды. Талқылауда: болашақтағы автономиялық республиканың құрамына кіретін Қазақ өлкесіндегі барлық облыстарды белгілеу және олардың шекарасын анықтау мәселесі көрсетілді. Бұл империя мен отар елдің арасындағы ең күйінішті де сүйінішті, мүдделері тоғыспайтын, жүйкені тоздыратын жанкешті жұмыс еді. Ал, Әлімхан Ермеков үшін болашақтағы тәуелсіз Қазақстанның территориясын анықтап беруі тиіс ұлт аманаты болатын.
Ә.Ермеков мұндай үлкен жұмысты жүргізу үшін Қазақ әскери-ревкомының қаулысы бойынша 1920 жылғы 18 мамырдағы №2043 мандатпен «Жалпы Қазақ өлкесі, оның ішінде шекара мәселесі» туралы баяндама жасауға Мәскеуге аттанды… Әлихан Бөкейханның тікелей кеңесімен Әлімхан Ермеков Қазақ автономиясының территориясы туралы баяндамаға дайындыққа кірісті. Онда әр сөз бен сөз тіркесіне саяси, тарихи, ұлттық, экономикалық, мемлекеттік мағына мен астар берді. Әсіресе, қоныстанушылар қордалана орналасқан, қара топырақты солтүстік облыстардың шекарасын анықтауға және оларды қазақ жерінің құрамында қалдыруға жанкешті дәлелдер іздестірілді. Әр түрлі мүдделер мен ұсыныстарды жинақтап, талапкер жақтардың дәлелдері мен сараптамаларын саралап, жан-жақты дайындалған комиссия мәжілісі 9-10 тамызда Ұлттар жөніндегі халық комиссариатының коллегия мүшесі А.Каменскийдің төрағалығымен өтті. Қазақ мемлекетінің тағдыры шешілген, тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі территориясын түбегейлі анықтап берген қасиетті мәжіліс болды.
Баяндамашы Әлімхан Ермеков Қазақ ревкомы мен Ұлттар жөніндегі халық комиссариатының ұсынысына жүгіне отырып: «Астрахан, Урал, Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, Закаспий, Самарқан, Ферғана облысы мен губернияларын қамтитын жалпы көлемі 3 467 922 шаршы шақырым жерді Қазақ республикасының құрамына беруді ұсынды. Көрсетілген жердің 81%-ын жан саны 5,5 миллион болатын қазақтар пайдаланатынын, бұл бүкіл тұрғындардың 54%-ы екенін атап өтіп, Қазақстанның шекарасын анықтау барысында мұқым өлкенің этникалық, экономикалық және мәдени ерекшеліктерін ерекше ескеру керек. Егерде қазақтардың дені осы уақытқа дейін көшпелі өмір салты мен мал шаруашылығын басты кәсіп ретінде сақтап қалғанын назарға ілсек, онда бұл облыстардың өзара тығыз экономикалық байланыста екені көзге анық көрініп тұр. Сондықтан да, Қазақ автономиялы республикасын құру тек солтүстік және оңтүстік облыстардың арасындағы шекаралық тұтастықты сақтаған жағдайда ғана мүмкін әрі нақты өмірлік сипат алады. Бұл мәселе керісінше шешілген жағдайда, Автономия тіршілік көзінен айырылады. Сонымен қатар, мәдени және экономикалық орталықтар да аралас облыстық құрылымдар (Сібір ревкомы және тағы басқа) талап етіп отырған территориялардың құрамында қалып қояды. Бұл орталықтарсыз оңтүстік облыстар экономикалық, шаруашылық және экономикалық-мәдени ашаршылыққа ұшырап, тірі өлікке айналады. Осы пайымдауларды ескере отырып Қазақ автономиясының құрамын көрсетілген шекара бойынша бекіту қажет…». Бұл аса тағдырлы да тауанды талап еді. Ол талаптан бас тарту қазақ жерін телімдеумен пара-пар болатын. Осы тұста өзгелердің назарын өзіне қаратып, көзқарасын қазақ автономиясының мүддесіне бейімдеп, дәлеліне сендіріп, бауырына тарта баурау тұрғысынан алғанда Әлімхан Ермековтің туа біткен шешен де өжет мінезі, мысы басым дегдарлығы, қисынды ұстанымы қазақ мемлекеттігінің негізін қалап, территориясын анықтауда шешуші қызмет атқарды. Ол өзінің аса жүйелі және батыл қисындары арқылы оппоненттерінің пікірлерін шарасыз қалдырды. Әлімханның жанында болған Әлихан Бөкейхан: «Мен, сен сөйлеп отырғанда көтеріліп басылған жанартаудың үстінде отырғандай болдым. Сөйлегендегі жалының бетімді шарпыды», – деп баға берді.
Бұл пікірді солтүстік облыстарды Ресейдің құрамында қалдыруға өкім дайындап келген Сібір ревкомының өкімі В.Соколов та «Әлихан Ермеков аса қызу сөйлеп, ораторлық қисынды қабілетімен комиссияның ықпалын өзіне қаратып алды» деп мойындады.
Сөйтіп, 10 тамыз күні комиссия төрағасы А.Каменский барлық ескертулер мен ұсыныстарды қорыта келе: «Қазақ республикасын құру – шешілген мәселе, қорытындысы дайындалып, тиісті мекемелер өкімет билігін республиканың басқаруына берудің жолдарын қарастырсын» – деп жариялады. Бұл – үлкен жеңіс еді. Алайда бұл жеңісті, тиянақты ету үшін автономияның территориясы мен тұрғындары туралы ұсыныстарды, Лениннің алдында қорғап шығуы тиіс болды.
12 тамыз Ә.Ермеков пен В.Ленин төрағалық еткен комиссияның отырысында Қазақстандағы жағдай туралы баяндама жасап, Қазақ автономиясының шекаралық аудан мәселелеріне баса назар аударды. Патшалық Россия кезінде сол кездегі заң ережелерін бұза отырып, қазақ жұртының иелігіндегі өзен мен көл жағалауларын, орман алқабын, қара топырақты жерлерді, жасыл алқаптарды тартып алғанын және Каспий теңізінің жағалаулары жағдайы туралы баяндады. Сөзінің соңында қазақ халқы ежелден иеленіп келген жерлерін өздеріне қайтарып беру туралы ұсыныс жасады. Комиссия мәжілісінде Каспий теңізінің солтүстік жағалауындағы Астрахан губерниясының да Қазақстанға қайтарылғаны тиімді болатының қайталап айтты. Бұл ұсынысқа көптеген адамдар да, ірі басшылар да қарсы болды.
В.Ленин Ермековті мұқият тыңдады, мүмкін болатын кемшіліктерден сақтандырды. В.Лениннің Астрахан губерниялық атқару комитетінің төрағасына «жағалаудағы орыс пен қазақ тұрғындарының қайсы басым?» деген сұрағына амалсыздан қазақтардың көп екендігін мойындаған соң, Ленин «мәселе түсінікті болды» деп дауысқа салды. Теңіз жағалауы біздің республикамыздың шекарасына қосуды жақтап, Владимир Ильичтің өзі дауыс берді және оның ұсынысы көпшілік дауыспен қабылданды.
Ленин мен Әлімхан Ермековтің көзбе-көз тілдесуінің нәтижесінде бүгінгі Атырау өңірі Қазақстанның құрамына қосылды. Автономия мен территория мәселесі 14, 16-17 тамызда талқыланып, 24 тамызда Лениннің қатысуымен өткен мәжілісте түбегейлі бекітілді. Декреттің жобасы тұтас оқылып, қабылданды. Тиісті қосымшалар мен өзгерістерді қоса РСФСР Халкомсовының декреті 1920 жылғы 26 тамызда бүкіл елге жариялады.
«Алашорда» үкіметі арқылы Қазақ республикасына ұласқан Алаш идеясы осылай орындалды.
Рақымжан САТАНОВ.
ҚАРАЖАЛ қаласы.
Мақала Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным – Алаш» атты үш томдығы негізінде әзірленді.