Жаңалықтар

2025 жылы не өзгереді?

Заң – бәрінен үстем. Ал, Ежелгі Рим саяси қайраткері, шешен және философ Марк Цицерон болса, заңның сөзін есте сақтауды емес, мағынасын түсіну керектігін айтты. Әрбір құқықтық мемлекеттің негізі болып саналатын заңды білмеудің салдары – өзіңе ғана емес, өзгеге де зиян тигізуі бек мүмкін. Әлбетте, оны білмеу – жауапкершіліктен босатпайды. Елімізде былтыр да бірқатар заңдар қабылданған болатын. Оның барлығы «Әділетті мемлекет» құрудағы игі бастамалар. 2025 жыл да жаңалықсыз емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған қандай заңдар биыл күшіне енетіні туралы шолу жасадық…

Сурет news.myseldon.com

2025 жылдың 1 қаңтарынан елімізде жылжымалы хайуанаттар бағы мен океанариумдар құруға тыйым салынады. Норма «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңда қарастырылған және бұл түзетулердің бірінші кезеңі ғана. Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев биылдан жануарларға қатысты мұндай дүниелердің барлығы тоқтайтыны туралы айтқан болатын.

2025 жылғы 1 шілдеден күшіне енетін тағы бір заң – Жоғарғы сот істерді тек ерекше жағдайларда ғана қайта қарай алатындығы. Атап айтар болсақ, Жоғары соттың рөлі өзгереді. Азаматтық және қылмыстық істер бойынша үздіксіз кассация енгізіледі. Кассациялық сатыда алдын ала қарау кезеңі алынып тасталады. Азаматтар сот актілерін қайта қарау туралы өтініш емес, кассациялық шағым береді. Жүйе жұмыс істеуі үшін Қазақстанда өтініш беру мен қайта қараудың бірыңғай қағидалары бар үш дербес кассациялық сот құрылады. Ал, Жоғарғы сотта істерді қайта қарау ерекше жағдайларда ғана жүзеге асырылады. Мәселен, Жоғарғы сот судьясының ұсынысы бойынша немесе Бас прокурордың наразылығы бойынша.

Тағы бір заң – А1 санатындағы мопедтер мен жүргізуші куәліктерінің нөмірлеріне қатысты. Норма 2025 жылғы 4 сәуірде күшіне енеді. Мопедтерге мемлекеттік тіркеу нөмірлерін орнатуды көздейтін заңға өткен жылдың 3 қазанында қол қойылған болатын.

Айта кету керек, мопедтерді тіркеу жаңа жылдан басталды. Мұны арнайы ХҚКО-да жасауға болады. Мемлекеттік нөмірден басқа, мопед тебемін деушілер А1 санатындағы жүргізуші куәлігін алуы керек екенін ұмытпағандары жөн.

2024 жылғы 1 шілдеде Мемлекет басшысы «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заңға қол қойды. Жария­ланғаннан кейін 60 күннен кейін күшіне енген Заңның бірқатар тармақтары да осы жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істей бастады. Өзгерістер Заңда қолданылатын ұғымдарға, қызмет түрлеріне, гранттық қаржыландыруға және ғылымның дамуын ынталандырудың мемлекеттік шараларына қатысты.

Мәселен, Заңның «Ғылымды дамытуды ынталандырудың мемлекеттік шаралары» атты 39-бабы 1 қаңтардан бастап толық күшіне енді. Өзгерістер салықтық жеңілдіктер мен ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған шығыстар бойынша шегерімдерге қатысты.

Өткен жылы Президент «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға да қол қойды. Ол 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдау аясында қабылданған болатын. Заң сатып алу процесінің рәсімін оңтайландыруға, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігін күшейтуге және бәсекелестікті дамытуға тиіс.

Одан бөлек, Салық кодексінің жобасында салық салу рәсімдерінің жеңілдетуге, әкімшілік жүктемені азайтуға және шағын, орта бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған негізгі өзгерістерге баса назар аударылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасында кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, Қаржы нарығын және Атқарушылық іс жүргізуді реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға да қол қойды. Өзгерістердің негізгі бөлігі 2026 жылдың 1 мамырынан бастап күшіне енеді делінгенмен, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін бірнеше тармақшалары бар. Заңға халықтың борыштық жүктемесінің өсуіне жол бермеуге қатысты бірқатар ережелер енгізілгенін айту керек.

Мағынасын түсіну керек тағы бір заң – тұрғын үй саясатына қатысты. «Тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға Президент 2024 жылғы қарашада қол қойған. Бірақ, кейбір тармақшалары ресми жарияланғаннан кейін алты айдан кейін ғана күшіне енеді. Яғни, 2025 жылдың көктемінде. Заң азаматтар мен қандастардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту бойынша мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруге бағытталған.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button