2024: тұрғын үй құрылысы – қарқынды
Қарағанды бүгінде «сұрқай қала» емес. Кезінде Никита Хрущев архитектуралық артықшылықтармен күресу бағытын жариялағанда, бір-бірінен айырмасы жоқ әрі салынуы да арзанға түсетін бес қабатты «панель» үйлер бой көтерген болатын. Әлбетте, «жұмысшы таптың» тұрғын үйге деген қажеттілігін өтеу мақсатында салынған бұл үйлердің сол кездегі «барақтардан» кейін «хан сарайындай» көрінген болар. Ал, қазір облыстан бөлек, аудан орталықтары мен іргелес жатқан қалаларда да бір-біріне ұқсамайтын, түрлі архитектуралық шешімдермен салынған әсем үйлердің бой көтеріп, жыл сайын қала көркіне көрік қосып келе жатқанын көруге болады. Ол өз алдына, құрылыс қарқыны да жыл сайын арта түспесе, кемімек емес. Мәселен, биылғы жылдың өзінде облыста 500 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Жалпы, еліміздегі тұрғын үй саясаты тұрғындарды қолжетімді, сапалы баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды мемлекеттік бастама. Бұл саясат әртүрлі әлеуметтік топтардың қажеттіліктерін ескере отырып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді. Осы орайда облыстың құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұрат Мағзин биыл облыста кезекте тұрғандарға 1635 пәтер берілсе, оның ішінде жалға берілетін тұрғын үй саны 385 екенін айтады.
Аталған үйлерден бөлек, кредиттік тұрғын үйлерден де пәтер берілгенін айту керек. Олардың саны – 153. Яғни, жылжымайтын мүлік нарығында сұранысқа сай ұсыныс та бар.
Бұрынғыдай емес, тұрғындардың талғамы да түбегейлі өзгерген қазір. Ас бөлмесі небары бес шаршы метр, бөлмелері іргелес, қабырғалары жұқа, төбесінің биіктігі 2,5 метр ғана болатын құрқылтайдың ұясындай үйлер қазір де бар болғанымен, жағдайы жеткені кең әрі қолайлы жаңа үйден алуға тырысады. Оның үстіне, жылдап кезекке тұратын да емес, мемлекет ұсынған түрлі бағдарламалардан бөлек, екінші деңгейлі банктерден ипотека арқылы да баспаналы болуға болады. Бұл өз кезегінде кредиттік тұрғын үйлерге деген сұранысты да арттырып отыр.
– Биыл тұрғын үй құрылысына жұмсалған сома – 593,3 миллиард теңге. Пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы көлемінен коммерциялық тұрғын үй – 76%, мемлекеттік тұрғын үй – 10%, ал жеке тұрғын үйлер – 14%. Әлбетте, тұрғын үйлерді пайдалануға беруде Қарағанды қаласы көш бастап тұр. Пәтер кілтін алып, қоныс тойын тойлағандардың 77 пайызы дәл осы облыс орталығында. Сондай-ақ, Теміртау, Балқаш қалалары мен Шет және Бұқар жырау аудандары да қалыс қалып жатқан жоқ, – дейді Мұрат Сәкенұлы.
Жалпы, облыста тұрғын үй құрылысы іс-шараларын іске асыру үшін биыл 24,3 миллиард теңге бөлінгенін де айту керек. Одан бөлек, жыл сайын кредиттік және жалға берілетін тұрғын үй құрылысы жалғаса береді. Ал, кредиттік тұрғын үйге 5,4 миллиард теңге бөлінгенін айтады басқарма басшысы.
Сондай-ақ, Қарағанды, Балқаш және Абай қалаларында орналасқан құрылыс нысандары бой көтергенде, 573 кредиттік пәтер пайдалануға беріледі.
Жалпы, Қарағанды облысында тұрғындарды үймен қамтамасыз ету мақсатында түрлі шаралар қолға алынған. Мәселен, облыстық бюджеттен жалға берілетін пәтерлерді салу үшін 1,3 миллиард теңге бөлінгенін айтады Мұрат Мағзин. Олардың құрылысы аяқталғанда, тағы 850 пәтер жалға беріледі.
Қазір тоғыз қабатты тұрғын үймен ешкімді таң қалдыра алмайсың. Технологияның өзгеруі және тұрғын үй саласын жақсартуға бағытталған түрлі мемлекеттік қолдаулар арқылы облыста аспанмен таласқан әрі сәулеті жағынан көз тартатын көпқабатты тұрғын үйлер бой көтерді. Эстетика мен ыңғайлылықты біріктірген әсем құрылыстар бүгінде қаланың ажарын аша түскен.
Келесі жылы да, облыста құрылыс қарқыны тоқтамақ емес.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz