ҚарағандыОблыс әкімі

Жұмыс – қызу, нәтиже – оң

Биыл «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы 117 жоба 6,7 миллиард теңге көлемінде субсидияланған. Сондай-ақ, 64 кәсіпкер 2 миллиард теңгеге қор кепілдігін иеленіпті.

ЖАҢА ОРТАЛЫҚТЫҢ МҮМКІНДІГІ МОЛ

«Тұлпар» кардио-оңалту орталығы 2019 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында мемлекет қолдауына ие болған. Компания екінші деңгейлі банктен 14,2% жылдық мөлшерлемемен 100 миллион теңге қаржы алыпты. Ал, оның 5,7%-ын «Даму» қоры субсидиялаған. Қазір орталық емделушілерге тегін қызмет көрсетуде.

– Бұл ғимарат кезінде Қонақ үй болған. Толық күрделі жөндеуден өтті. Мұнда емделу үшін науқасты жергілікті аурухана порталға тіркеуі қажет. Әр аймақтан емделушілердің қатары көбеюде. Індетке шалдыққан науқастар үшін арнайы 50 орын дайындалды, – деді орталық директоры Баян Екіжанова.

Үш қабатты орталық бір мезетте 1500 адамға дейін қызмет көрсетеді. Бөлінген қаржыға ғимаратқа толық жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа құрылғылар алынған. Бүгінде физиотерапевт, кардиолог және басқа да мамандар емделушілерді қабылдай алады. Жарақатты қалпына келтіру бөліміне ортопедиялық отадан шыққан науқастар жіберіледі. Емделуші жарақат дәрежесіне қарай 10-14 күн аралығында ем алады.

Мұнда адамға физикалық күш түскен жағдайда жүрек қағысын өлшейтін жүгіру жолағы бар. Бүгінде аталмыш құрылғы көп орталықтан табыла бермейтін көрінеді. Емделушінің жас ерекшелігіне қарай нәтижесін бірден шығарады. Сол арқылы емдеу жеңіл екен. Сондай-ақ,12 арналы электрокардиография аппаратының мүмкіндігі мен сапасы әлдеқайда жоғары.

ЖАҢҒЫРҒАН ЗЕРТХАНА

«Қазақстандық өнеркәсіпке ықпал ету институты» мекемесіне «Даму» қоры 2015 жылдан бастап қолдау көрсетіп келеді. Бұл ұйым 2019 жылы 264,0 миллион теңге көлемінде жылдық үстемесі 14%-бен несие алған. Ал, оның 8%-ын осы «Даму» қоры субсидиялайды. Аталмыш ұйым бұдан бөлек жобаны 50%-ға дейін кепілдендіру түріндегі қолдауға ие болған. Бүгінгі таңда институттың базасында сапа мен сынақтың жылдамдығын қамтамасыз ететін жаңа жабдықтары бар зертхана жұмыс істейді.

– Біз бұған дейін ескі құрылғылармен әр элемент құрамын жеке-жеке анықтайтынбыз. Ал, оған біршама уақыт кетеді. Қазір заманауи жабдықтар арқылы уақыт үнемдейміз. Бір аппарат анықтай алмайтын нәтижені құрылғы бір мезетте іске асырады. Зертханаға қажет құрылғылардың барлығы алынды, – деді мекеме басшысы Ернар Мұханғалиев.

Бүгінде зертхана қорындағы ең басты құрылғылардың бірі – өзекке индуктивті байланысқан плазмасы бар спектрометр. Бұл құрылғы қоршаған ортадағы элементтің 15 түрін ажыратып бере алады. Тағы бірі – газ тазалағыш. Бұған дейін ұжым ескі құрылғыға сүйеніп келген. Жаңа жабдықтармен мүмкіндіктер де молайды. Сондай-ақ, өткен жылы жылжымалы мобильді зертханасы бар арнайы көлік алған. Тиісті құрылғылармен жасақтаулы.

ӨНДІРІС ДАМЫП КЕЛЕДІ

Теміртау қаласындағы «ҚазЭнергоМаш Корпорациясы» компаниясы да «Даму» қорының шарапатын көрді. Компания банктен 12% жылдық үстемемен несие алған. Оның 8,5% жылдық мөлшерлемесін осы қор субсидиялайды. Сондай-ақ, аталған бағдарлама шеңберінде қор 47% кепілдік ұсынған. 9 мың шаршы метр жерді алып жатқан орталықта 200-ге жуық маман жұмыс істейді.

– Жұмыс – қарқынды. Алған қаржыға жұмыс көлемін ұлғайту үшін қажетті құрал-жабдықтар, техникалар алынды. Нарықта жүргенімізге – 9 жыл. Осы жыл ішінде Ресей, Өзбекстан елдерімен жұмыс істеп келеміз. Жылдан-жылға өнім сапасы жоғарыламаса, төмендеген емес, – дейді компанияның коммерциялық директоры Станислав Рубан.

Жоғары қысымды құбыр жасау зауыты көлеміне қарай түрлі құбыр шығарады. Және болатты өңдеу пеші бар. Әуелі осы пеште болатты балқытып, әрі қарай өңдеу үшін екінші аймаққа жіберілетін көрінеді.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button