Руханият

1905 жыл. “Қарқаралы петициясы”

XX ғасырдың басында Қазақстан Ресей империясының капитализмге дейінгі өндірістік қатынастар үстем болған аграрлық отарлық шет аймағы болды.
Отарлаушылар қазақ халқының жері мен оның табиғи байлығының айтарлықтай бөлігіне иелік етіп қана қойған жоқ, олар қазақтарды рухани жағынан да отарлады: тілінен, дінінен, ділінен айыру бағытында қатігездікпен ойластырылған шаралар жүйесін жүзеге асырды. Бұл жөнінде Міржақып Дулатов 1907 жылы жазылған «Қазағым менің, елім менің» атты мақаласында былай деп ашына жазған еді;
«… Ең алдымен қазақ халқы – Россияға тәуелді халық… Оның ешқандай правосы жоқтығы кек тудырады. Халықтан жиналған салық қаражатының көп бөлігі халыққа, тіпті, керек емес нәрселерге жұмсалады… Енді чиновниктер біздің дінімізге, атадан мұра болып келе жатқан әдет-ғұрыптарымызға, біздің моллаларға ғана тиісті неке мәселесіне араласа бастады, діни кітаптарды тұтқынға алды» (Дулатов М. Ш.А., 1991. 221-б.).
Қазақ ауылын басқаратын әкімшілік жүйе патша үкіметінің отарлау-әкімшілік аппаратымен біте қайнасып бай-шонжарлар өкілдерінің қолында болды.
Қазақ өлкесіндегі әлеуметтік-экономикалық және саяси хал-ахуал, негізінен, аграрлық, ұлттық және белгілі дәрежеде таптық мәселелердің шиеленісуімен ерекшеленеді. Қазақстанда осы шиеліністен туындаған аграрлық және ұлттық-азаттық қозғалыс ең алдымен отаршылыққа қарсы бағытталады.
Жұмысшы табының қалыптасуы басталады, жаңа әлеуметтік топтар мен қауымдастықтар пайда болып, қалаларда майда кәсіпкерлер шоғыры дүниеге келеді. Қазақтар арасынан шыққан зиялылардың іс әрекеті халыққа танылды: олар жалпыұлттық мүдделерге қызмет етуге бет бұрды. Олар қазақ қауымына тән қоғамдық-саяси қозғалыстың бастауында тұрды.
XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында қалыптасқан қазақ интеллигенттерінің басым көпшілігі тек қана бір кәсіби мамандықтың тізгінін ұстаумен шектелмей, әмбебап мамандар ретінде қызмет етті: олар оқу-ағарту ісімен де, қазақ тілінде басылымдар (кітаптар, газеттер, журнал) шығару қам-қарекетімен де, жан-жақты шығармашылық жұмыспен де қатар айналысты. XX ғасыр басында тек ағартушылық іс-әрекетімен шектелмеді, өздерінің дүниетанымының қалыптасуы барысында Ресей империясында болып жатқан ірі қоғамдық саяси оқиғалардың, саяси партиялардың және ұйымдардың пайда болуының куәсі және қатысушылары да болды.
Осылардың барлығына ортақ қасиет, ортақ ерекшелік олардың қазақ қауымының саяси сұраныстарына мүмкіндігінше толық жауап беруге атсалысуы еді.
Қазақстанға саяси-азаттық қозғалыстардың алғашқы ұрығын жер аударылып келген орыс революционерлері – социал-демократтар әкелді. Олар тыйым салынған әдебиеттерді,үкіметке қарсы ұрандар таратып, саяси ұйымдар құрды.
Солардың ішінде Қарқаралыда қоныс тепкен орыс демократтарына келсек, олар жергілікті халық арасында революциялық идеяларды таратты. Негізгі мақсаттарын іріктеп бөліп, қазақ интеллигенциясының сана-сезіміне әсер ете бастады. Мысалы, 1884 жылы Қарқаралыға саяси жер ауып келген Анна Сабурова, Александр Никвист, Александр Григорьев, 1890-1903 жылдары келген Ермолай Савин, Петр Лимарев, Осип Браун, Иван Гусев, Николай Беляев, т.б, Рессейде және басқа шетелдерде жүріп жатқан тап күресі жайлы жаңалықтарды үнемі ауыз екі жеткізіп отырды (Бақтыбаев Ә. Қарқаралыда солай болған… Қарқаралы журналы. 2004, №2 ). Толық емес мәліметтерге қарағанда 1868-1910 жылдары Қарқаралыға 120 адам жер аударылып келген (Шаймұқанов Д.А., Аршабеков Т.Т., Қасиетті мекен – Қарқаралы. Қ., 2004. 45-б.). Олар жергілікті интеллигенция өкілдері мен оқушы жастарды, жұмысшыларды саяси үйірмелерге тартып, байланыс жасап тұрды. Үйірме мүшелері Омбыда, Қызылжарда басылып шығатын үнпарақтарды көшіріп, көбейтіп, таратып отырды.
Дала өлкесінде Семей, Өскемен, Павлодар, Ақмола, Қарқаралы, Көкпекті қалалары саяси жер аударылып келгендердің мекеніне айналды.
Халық қозғалысының кең түрде таралуына түрткі болған жағдай 1905-1907 жылдардағы орыс революциясы еді. Бұл жерде айта кететін бір жай, халықтың шашыранды көтерілістерін туындап келе жатқан ұлттық интеллигенция біріктіруге ұмтылды. Өзінің саны жағынан аздығы мен әртектілігіне қарамастан өлкедегі ұлт-азаттық қозғалысты басқарды.
Семей облысының ұлттық интеллигенциясының идеялық-саяси іс әрекетінің тоғысқан жері Қарқаралы уезі болды. Дәл осы жерде олардың жаңа тарихи кезеңде қазақ халқының отаршылдыққа қарсы күресінің жетекшілері ретінде қалыптасуы мен бұрынғы көшпенді малшыларға саяси күрестің әліппесін, саяси құқықтары мен еркіндігіне қол жеткізудің түрлері мен тәсілдерін үйретуі өткен еді. Бұған куә Қарқаралыда әрекет еткен Ә.Бөкейханов, Ә.Ермеков, А.Байтұрсынов, Ж.Ақбаев, Мұхаммед – Мақсұт Хамидуллин – Бекметовтің, т.б. қызметі.
Семей губернаторының Дала генерал – губернаторына жазған хатына XX ғасыр басындағы Қарқаралы жағдайында Ә.Бөкейханов, Ж.Ақбаев, А.Байтұрсыновтың қызметі өкіметке қарсы саяси сипатта болды деп жазуы кездейсоқ емес. Ол бұл үшеуін бір топқа біріктіріп, «…айқын залалды мақсат тұтқан, оның негізінде қазақ бұқарасына үкіметке қарсы наразылық сеуіп, әкімшілікке деген дұшпандылыққа бейімдеуге ұмтылған» бірыңғай пікірдегі ұйым деп те көрсетуге тырысты (Шығыс Сарыарқа. Қарқаралы өңірінің өткені мен бүгіні. А. 2004, 405-б.). Осы жерде билеуші жүйе ұлттық интеллигенцияға қарсы жазалау шаралары арқылы халықтың бас көтеруін болдырғысы келмесе, екінші жағынан, оларды іс жүзінде пәрменді саяси күш деп мойындауға мәжбүр болды.
Ұлттық шеткі аймақ халықтарының күресінің бір түрі петициялық қозғалыс болды, сол арқылы өкіметке экономикалық, саяси, діни сипаттағы талаптар қойылатын. Петициядағы маңызды орын қазақ халқына сайлау құқығын беру туралы мәселелерге беріледі.
«Бүкілелдік наразылықтың қазақ қоғамына бұрын тән емес петиция түрінде көрінуіне түрткі болған тұңғыш россиялық революция болғанда, ал оны жазған азаматтық қозғалыстың басына келген жаңа әлеуметтік күш – ұлт-азаттық интеллигенция өкілдері еді» (Қойгелдиев М. Оянған сана үні. Ана тілі. 1990 ж., 12 сәуір).
Ресейде 1905 жылы бірінші орыс революциясы басталып, жұмысшы- шаруалардың бас көтеруі қызып жатқан кездерде қазақ халқы да елдің тұрмыс-тіршілігіне, ауыр жағдайына, жүргізіліп отырған қоныстандыру саясатының озбырлығына, жердің талан-таражға салынып бара жатқандығына ашық наразылықтарын білдіріп, патша өкіметіне бірнеше арыз, шағым жазған еді. Солардың ішіндегі ең маңыздысы – Семей облысындағы Қарқаралы, Семей, Павлодар уезі қазақтарының Петербургке жіберген петициясы. Шындығында бұл жалғыз ғана петиция емес. Белгілі ғалым З.Тайшыбайдың анықтауы бойынша өзінше бөлек, дербес мазмұндағы бірнеше құжат. Олар жеке-жеке: Ресей Императорына, Министрлер Кеңесінің төрағасына, ішкі істер министріне жолданған. Петицияны дайындап, халық өкілдеріне қол қойғызғандарының ішінде Ж.Ақбаев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, К.Тоғысов, А.Аяғанов болған (Тайшыбай З. «Қарқаралы петициясы» туралы ақиқат. Ақиқат журналы. 2003. №7). Құжаттар 25-26 маусым күндері жасалған.
Қоянды жәрмеңкесінен жазылып, Ресей патшалығының атына жіберілген петицияның қазақша мәтіні мынандай (қазақшалаған – З.Тайшыбай):
“Ұлы мәртебелі император ағзамға.
Министр А.Булыгиннің жасаған жобасын қолдап, Омбыда генерал Сухатин бастаған атқамінерлер қазақтарды Земский соборға қатыстырмау жөнінде шешім алыпты. Мұндай жетесіз шешім Қыр өлкесінің негізгі халқы болып табылған қазақтардың тіршілік ерекшеліктерінен және халық ретіндегі еркімен үш қайнаса сорпасы қосылмайды.
Қытайдан Ауғанстанға дейінгі ұлан-байтақ жерді алып жатқан қазақтар өзінің бүкіл тағдыры мен өмірлік мүдделерін мемлекеттің тағдырымен байланысты деп санайды және өзін басқа халықтарымен тең праволы деп есептейді. Сіздің, патша ағзамға, халық сеніміне ие болған, лайықты адамдарды мемлекет билігіне қатыстырмақ ниетіңізді білуші едік. Демек, алты миллион қазақ халқын ерекше құқықсыз, заңсыз тобырға жатқызып қою – қарапайым ғана әділдік пен ақиқатқа қиянат емес пе?
Біздің мал шаруашылығымен айналысатынымыз рас, мал бағып көшіп жүргеніміз де рас. Бірақ, кейбір ұлықтар ойлағандай дала кезіп, жөн-жосықсыз қаңғып жүрмейміз. Осы үшін ғана мемлекет билігіне сайлану сияқты аса маңызды саяси құқықтан айырылуымызды қалай түсінеміз?!
Мал шаруашылығымен айналысты деп қазақты сайлау правосынан айырасыз, ал сауда істейтін, диқан, балықшы және басқа кәсіп иелерінің сайлау правосы барын қалай түсінеміз? Шынында Ресей империясының халықтары білімі мен мәдениеті жағынан әрқилы, солардың ішінде қазақтар алдыңғы орында емес екені рас, бірақ, ең соңында да қалып отырған жоқ. Қазақтардың қоғамдық және мемлекеттік мүдделерді орыс мұжықтарынан кем түсінетінін кім дәлелдеген екен? Оның бер жағында қазақтардан гөрі мемлекет билігіне көбірек араласуға мүмкіндік алған отырықшы бұратана елдерден біздің қай жеріміз кем? Қазақтардың мүддесін кім қорғайды? Олардың мұң-мұқтажын кім біледі, халықтың өзі сайлаған өкілдері болмаса, сол халықтың қажетін өтеудің жолдарын кім көрсетеді?
Алдияр, мынаған сеніңіз: біз, қазақтар осынау үлкен жұмысқа дайындығымыз басқалардан кем деп есептемейміз. Бірақ, бізді танығысы келмейтіндер көп, бізді төмен санайды, бюрократтар, ұлықтар бізге кеуде көтеріп, кемсіте қарайды, біз бұдан көп қорлық көріп жүрміз.
Қалай дегенде де бізді әлдекімдердің танығысы келмейтініне жауапты емеспіз.
Жоғарыдағыларды айта келіп, патша ағзам, Сізден басымызды иіп сұраймыз: Сайлауға қатысуға ерік беріңіз, мемлекет билігінде қазақтар болса ғана біздің мұң-мұқтажымыз ескеріледі және шешіледі. Сонда ғана біз, қазақ халқы, Империяның басқа халықтарымен тең екенімізді сезінеміз (Тайшыбай З. «Қарқаралы петициясы…»).”
Қарқаралы уезінен сайланған 42 өкіл қол қойды. Бұл петиция өкімет орындарын ерекше абыржытып, әуре-сарсаңға салған. Өйткені, оған қол қойғандар түгелге жуық ел билеуші қазақтар еді. Ондаған жылдар бойы айтқанына көніп, айдағанына жүрген момын, қараңғы, «бұратана» халықтың бұлайша оянуынан үкімет қатты сескенген еді.
Осы құжаттың жасалуы туралы мәлімет жетісімен Омбыдан Қарқаралыдағы уезд басшысына петицияны ұйымдастырушыларды анықтап, іс қозғау жөнінде Дала генерал-губернаторының канцелярия бастығы Лосевскийден шұғыл түрде құпия жеделхат жіберілді. Сондай-ақ, 8 қазанда Омбыдағы сот палатасының аға басқарушысы А.А.Кобылинге Дала генерал-губернаторы Н.Н.Сухотиннен петицияны ұйымдастырушыларға тез арада Омбы сот палатасының іс қозғауы қажет деген жеделхат салынды. Петицияға қол қойған 42 адамның аты-жөнін анықтап, бақылауға алу туралы бұйрық беріледі. Құпия түрде жүргізілген тексеру бойынша петицияны ұйымдастырушы Ә.Бөкейханов екені анықталды. Бұл туралы «…петицияны Омбыдан Петербургке осы жылдың 28 шілдесінде Ә.Бөкейханов жіберген, ол осы уездің қырғыздарымен тығыз байланыста, қырғыздардың арасында оның беделі жоғары», – деп жазады штаб-ротмистр Оссовский өзінің дала генерал-губернаторына жіберген ақпаратында (Смағұлова С. Қарқаралы петициясы. Қазақ тарихы журналы. 1996. №1).
Осы ақпаратта жеделхаттың түпнұсқасын жасаушы және оны Омбыдан Қарқаралыға құпия түрде жеткізуші Омбы сот палатасының сот ісінің кандидаты Ж.Ақбаев екендігі де айтылды. Өз ісінің білгір маманы, заңгер, қазақ бұқарасының арасында зор беделге ие заң магистрі Ж.Ақбаев пен Ә.Бөкейхановтың бұл іске араласуы Ресей әкімшілік орындарында үлкен мазасыздық, үрей туғызады. Ел ішінде көтеріліс ұйымдастыруы мүмкін-ау деген желеумен генерал-губернаторлар екеуіне де қатаң бақылау қояды.
Императордың атына жіберілген петицияға 42 адам қол қойғанын тыңшылар анықтаған және олардың тізімі губернаторға жолданған ақпаратқа тіркелген. Онда Қарқаралы уезіне қарайтын 21 болыстың әрқайсысынан 1-3-тен адам аттары көрсетілген. Олардың ішінде: Қу болысынан – Мұсатай Тәттімбетов және Мақат Ақаев (Мұсатай – атақты күйші Тәттімбеттің баласы, ал Мақат – атақты Ақаев Хасеннің ағасы, А.Байтұрсыновпен бастас болған қайраткер). Берікқара болысынан – Ақбай Жандеркин (заңгер, Ж. Ақбаевтың әкесі). Балқаш болысынан – Нарманбет Орманбетов (атақты Нарманбет ақын), т.б. қол қойды деп жазылған (Қазақтар. Көпшілікке арналған 9 томдық анықтамалық. А. 1-т. 1998. 115-б.)
Ал, Ресей Министрлер кеңесіне, атқарушы билік төрағасына қойылған талаптар кеңірек әрі мейлінше нақты. Патшаның атына жазылған тілек-арызда жалпы саяси тұрғыда, жоғары билік құрамына, қазақтарды қатыстыру сияқты заңдық мәні бар мәселелердің болғанын көрдік.
Енді Ресей үкіметіне жазылған құжатқа қысқаша тоқталайық. Онда ар бостандығын беру, халықтың өз тілінде білім алуын ұйымдастыру, келімсектерді қоныстандыру саясатынан бас тарту, жер қорынын жергілікті халыққа тиесілі екендігі туралы арнайы заң актісін қабылдау, «Далалық ережені» және өлкені әкімшілік басқару жүйесін қайта қарау, азаматтық және сот ісін қазақ тілінде жүргізуді заңды бекіту, отарлаушы аппарат чиновниктерінің санын қысқарту, генерал-губернаторды орталықтан тағайындаудан бас тарту, жоғары билік органдарынан отарланушы өлке депутаттары үшін үлес беру талаптары қойылды (Букейханов А. Выборы в Степном крае. См.: к 10 летию Государственной думы. Спб., 1916, 43-44 б.). Министрлер Кеңесінің төрағасына жолданған петицияға 12767 адам қол қойған.
Патша атына және Ресей Министрлер Кеңесіне жолданған петициялармен бірге Ішкі істер министірлігіне жолдама-хат жіберілген. Оған уездердің атынан болыстардың өкілдері қол қойған. «Қарқаралы, Семей, Павлодар уездерінің қазақтарынан Патша ағзамның атына жіберілген тілекке қоса, Сіздің қарап шешуіңізге мынандай нақты мәселелер қоямыз» деп басталатын құжатты Ішкі істер министірлігінің құзырындағы, мысалы, мешіт және оның жанынан медресе ашуға рұқсат беру, баспа ісімен әркімнің айналысуы құқығын қамтамасыз ету, іс қағаздарын қазақша жүргізу, салықтар ерікті түрде төленетін болсын, қазба-байлықтар, ашылған кен орындарды, заводтар мен кеніштер – қазақтардың ұлттық байлығы болып саналсын, ормандар, өзендер мен көлдер, олардың байлығы да қазақтың ұлттық байлығы болып бекітілсін, соңғы 20 жылда қазақтардан тартып алынған жерлер өздеріне қайтарылсын, көшпелі қазақтар мен орыс шаруаларының, қазақ-орыстардың құқығын теңгеру сияқты мәселелер көрсетілген.
Петиция қазақ және орыс тілдерінде жазылған. Оны қазақ тілінен орысшаға Семей облысының Қарқаралы, Семей, Павлодар уездері қазақтарының сенімді өкілі Темірғали Нүркенов тәржімалайды.
Белгілі саяси қайраткерлер – Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Ж.Ақбаев, А.Байтұрсыновтардың бірлесе отырып жасаған петициялары саяси партияның қайнар көзі деп алуға болады. Кейін талап-арыздарда жазылғандардың бәрі Алаш партиясы күресінің негізгі арнасы, Алашорда үкіметі іс қағаздарының нақты бағдары ретінде көптеген құжаттарға арқау болды.
1905 жылы қазан айының соңында Ә.Бөкейхановтың бастамасы бойынша Омбыда 17 қазан Манифесі қазақ тіліне аударылды және вице-губернатордың рұқсатымен облыстық баспаханада басылып, 10 мың данасы қазақ ауылдарына таратылды. Ә.Бөкейханов былай деп жазды: «қазақтардың жүріп-тұруының арқасында манифест қысқа уақытта бүкіл даланың қолына тиді. Жер-жерде қазақтар үлкенді-кішілі съездерге жиналды. Манифесті оқыды, оны түсіндірді, болашақтағы мемлекеттік Дума сайлауы туралы мәселелерді талқылады» (Букейханов А. Выборы в Степном крае. 44-б.)
Қазақстанның барлық қалалаларында 17 қазандағы Манифеске арналған саяси шерулер, митингілер мен жиналыстар толқыны жайылды. Перовскідегі, Оралдағы, Қарқаралыдағы, Павлодардағы т.б. манифестациялар неғұрлым ірі болды. Оларды орыстар арасынан да, қазақтардан да шыққан жергілікті зиялылар ұйымдастырды. Бұл күндерде Оралда Б.Қаратаев пен Ж.Сейдалин, Қарқаралыда А.Байтұрсынов, Бекметов пен Ж.Ақбаев және т.б. ерекше белсенділік көрсетті. 1905 жылдың күзінде Ж.Ақбаев Павлодар – Қарқаралы бағыты бойынша үгіт жүргізу сапарына шықты. Осы сапар барысында ол қарашаның жетісінде Павлодарда болған митингіде бостандық идеясын уағыздаған және жергілікті әкімшілікті қайта сайлауды талап етіп сөз сөйледі, ол осы мазмұнды сөздерді қарашаның 11-де Баянауылда көп адам қатысқан жиналыста да айтты. Ә.Бөкейханов былай деп жазды:
«…Ол туған қаласы Қарқаралыға қарашаның ортасында жетті. Полиция басқармасының қарсы алдындағы бірден-бір алаңда дереу митингі ұйымдастырылды» (Рабочее и аграрное движение в Казахстане. 1907-1914 жж. А. 1957, 137-б.). Сөйтіп, 1905 жылғы 15 қарашада әйгілі Қарқаралы оқиғалары басталды, ол мұсылмандардың Құрбан айт мейрамына тұстас келді. Оған жұмысшылармен, қоныс аударған шаруалармен және солдаттармен бірге осы уездің ауылдары мен болыстарынан келген салт атты қазақ жігіттерінің үлкен тобы қатысып (Қазақстан тарихы. 3-т. А. 2002. 610-б.), митингіде Ж.Ақбаевтан басқа жергілікті ауыл шаруашылығы мектебінің басқарушысы Павел Бельдицкий, штабс капитан М.Бекметов, жергілікті команданың бастығы Гомбинский, полиция бақылауындағы В.Соколов, орманшы Астрейн, оның көмекшісі Глебов, мектеп мұғалімдері – Чемодонов, Митьяшин, бітістіруші судья Вайсерт, бітістіруші судьяның хат жүргізушісі Төлеңгітов және басқалары сөз сөйледі.
Бұл Қарқаралы оқиғаларының кең әлеуметтік базасы болғанын дәлелдейді. Дегенмен, оларды ұйымдастырушылар қазақ зиялыларының алдыңғы қатарлы өкілдері: Ж.Ақбаев, А.Байтұрсынов (жергілікті қазақ -орыс мектебінің мұғалімі), Көлбай Тоғысов (бітістіруші судьяның хат жүргізушісі), Ережеп Итбаев (Ф.Щербина экспедициясына қатысушы, Ә. Бөкейхановтың 1896-1906 ж.ж. көмекшісі) және басқалар болды (М.Құл-Мұхаммед. Ж.Ақбаев. Патриот. Политик. Правовед. 1995. 43-б.). Ж.Ақбаев саяси «бостандықты манифест бойынша патша өз еркімен беріп отырған жоқ, одан күшпен тартып алынды» деп атап көрсетті және халықты отаршылдық әкімшілікке бағынбай, қайта оған қарсы күресуге шақырды (Бақтыбаев Ә. Қарқаралыда солай болған. 43-б.).
Халықтың жаппай ереуілінен қорыққан жергілікті үкімет өкілдері демонстрацияға қатысушыларды қуып, тарату үшін қазақтар жүздігін шақырды. Бірақ, әскери команда бастығы офицер Гомбинский жиынды қарумен тарату жөніндегі бұйрықты орындаудан бас тартты. Солдаттар қызыл жалау көтеріп, өздері демонстрацияға қатысушыларға қосылды. Бұл жөнінде уезд бастығы Оссовский Семей губернаторына былай деп телеграмма жолдаған: «Айдалып келгендердің ықпалымен жергілікті команданың рухы түсті. Команда демонстрацияға қатысты. Бастығы революционерлерге жатады» (Бақтыбаев Ә. Қарқаралыда солай болған… 44-б.) Митингіден кейін, Петербургте 1905 жылы 9 қаңтарда бостандық үшін қаза тапқандарға арнайы дұға оқылды.
Демонстрацияға қатысушылар «Самодержавие жойылсын!», «Полиция жойылсын!» деп ұрандатып, дала генерал-губернаторының атына болыстардың мекемелерінде іс-қағазы қазақ тілінде жүргізілсін деп жарнама хат жолдады.
Кейіннен Қарқаралы оқиғаларының басшылары қуғынға ұшырады, кейбір шенеуніктер жұмыстан босатылды немесе басқа жерлерге ауыстырылды, қалғандары қашып кетті, ал Ж.Ақбаев Якутияға жер аударылды.
Сонымен, 1905-1907 жылдардағы бірінші орыс революциясы кезіндегі Қазақстандағы саяси оқиғалар, әсіресе, жұмысшылардың, шаруалардың және зиялылардың бой көрсетулері, ұлт-азаттық қозғалыс және т.б. олардың әлсіздігіне және бытыраңқылығына қарамастан жергілікті еңбекшілер үшін үлкен саяси мектеп болды, бұл тәжірибені олар ұлттық және әлеуметтік азаттық жолындағы бұдан кейінгі күресінде пайдаланады.

Нұрсахан БЕЙСЕМБЕКОВА, Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ,
тарихшылар.
Қарағанды қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button