Жаңалықтар

Ғани Бейсембаев 180 елдің мемлекеттік туын білетін 6 жасар оқушымен кездесті

Әлемнің 180 елінің мемлекеттік туын жатқа білетін Астана қаласындағы мектептердің бірінің оқушысы 6 жасар Ерген Дүйсенбек Оқу-ағарту министрлігінде болып, еліміздің бас ұстазы Ғани Бейсембаевпен кездесті. Кездесуге Ерген өзінің тулар жинағын әкеліп, білімділігін көрсетті. Сондай-ақ, ол осы елдердің барлығына баруды армандайтынын айтты.

– Мен әлемнің барлық мемлекетінің туын білемін, бірақ соның ішіндегі ең әдемісі – біздің елдің Туы. Мен есейгенде атақты адам болып, көк байрағымызды бүкіл әлемге танытып, көкке көтергім келеді,– деді 6 жасар Ерген Дүйсенбек.

Ергеннің анасының айтуынша, баланың туларға деген қызығушылығы 2-3 жасында пайда болған. Дәл осы сәттен бастап Ерген әлем елдерінің туларын жинай бастаған. Енді балақай елтаңбаларға қызығушылық танытып, туған күніне ата-анасынан оған Қазақстанның Елтаңбасын сыйлауды өтінген.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бірінші сынып оқушысы Ерген Дүйсенбекпен әңгімелесіп, оған грамота мен естелік сыйлықтар табыс етті. Министр Ергеннің ата-анасына ақылды және тәрбиелі ұрпақ тәрбиелегендері үшін алғыс айтты.

– Баланы тәрбиелеуге, оның қабілеттерін қолдауға және дамытуға көңіл бөлу өте маңызды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша министрлік талантты балаларды қолдауға және олардың одан әрі дамуына жағдай жасауға жан-жақты жұмыс атқарып жатыр. Ергенге зор денсаулық пен оқуда табыс тілеймін, – деді Оқу-ағарту Министрі Ғани Бейсембаев.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Басқа материалдар

Back to top button