Тұлға

Толағай

Екеуміз – іргесін Толағай тауы бөліп жатқан көрші ауылдың төліміз. Топырақтан дарыған жақындық бар арамызда. Негізі, құдалығымыз да бар. Немере ағам Махмұд марқұмның асыл жары Света жеңгем – Жақсыкелді ағаның туған апасы. Бірақ, мен Арқа әнінің дүлдүлі Жақсыкелді КЕМАЛОВТЫ «Аға» деймін. Құдалықпен шектелсек, ара-қатынасымыз тым ресмиленіп кетуі кәдік. Мен іні болып еркелеп, ол ірі болып еркелете білгеннің өзі артық емес пе?!

…Толағай аса биік тау емес. Тостағандай ғана дөңгеленген төбе. Бәрібір биіктіктің символына айналған. Оның үстіне, Жаңаарқаның жазиралы жазығында өскен біздер үшін осы Толағайдан биік тау жоқ.

Арсалаңдап алдымнан Жақан ағам шыға қалса – Толағай келе жатқандай боламын. Тұлғасы – биік, рухы – асқақ, парасаты – патша сарайындай. Осыған өнерін қосыңыз…

Жақан ағам Қарағандыға келген өткен ғасырдың 80-ші жылдарында домбырамен ән салмақ былай тұрсын, қазақша сөйлейтін қандасымызды табу қиямет болған деседі. Сол ортаға Сәкен бабасының «Тау ішінде» әнін асқақ үнмен шырқап, ақбоз ат дүбірін естіртіп, Жақан ағам кіріп келген. Әбден орыстанып кеткен орта ертегілер әлемінен бақсы кіріп кеткендей селк ете қалады.

1988 жылы Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік жанынан Тәттімбет оркестрі ашылады да, ұлт өнері ұландарының қатары көбейеді. Олардың біразы «Степной-3» ықшам ауданында жаңадан салынған үйдің бір подъезінен баспана алады да, ұлттық рухтың ұлы дүбірі сол жерден басталады. Яғни, степной өнердің інжу-маржаны «Степной-3» ықшам ауданынан нұрын шашып, шуағын төгеді. Жуан ортасында – менің Жақсыкелді ағам. Сол подъезден ауық-ауық Үкілі Ыбырайдың «Қызыл асығы», Біржан Салдың «Айбозымы», Ақан Серінің «Жамал қызы», Мәдидің «Қарқаралысы», Сәкеннің «Тау ішіндесі» асқақтап, «Степной-3» шын мәніндегі дала сахнасына айналып кеткен.

Міне, дара жүріп, дала өнерінің даңқын аспандатқан сол Жақсыкелді көмірлі Қарағандыны 40 жыл әнмен тербеді. Қатары көбейді. Қазақ әнінен жерініп тұрған Қарағандыдағы рухани майданның алдыңғы шебіне өнердегі қанаттас досы Мейірхан екеуі бекініп, соңынан қос Ерлан (Төлеутаев, Құжиманов) ерді. Қазір Сержан, Дәуренбек, Сырым, Медет сынды кіл таланттар жиналып үлкен қолға айналған.

…Жақан ағаның жақсы аға екенін білгеніммен, Толағай талант екенін танығаныммен, мұзбалақ Мұқағалидың төрт өлеңіне ән жазған композитор екенін бертінге дейін білмеппін.

Ұлт руханиятында Сейдімбек әулетінің орны бөлек. Сейдімбектің Сланынан туған бір ғана Ақселеу абызды айтыңыз. Ал, Сланның інісі Кемалдан туған Мыңбай марқұмның ән салғанын естідіңіз бе? Естімесеңіз, Мыңбайдың бел баласы Аянды тыңдаңыз. Ол аз десеңіз, театр өнерінің тарланы Қайрат Кемалов пен қазақ әнінің сайыпқыраны Жақсыкелді ағам орталарыңызда жүр. Қайрекеңнің сойын қазақ «Керей хан» деп соқталдай бастады. Бара-бара азан шақырып қойған есімі ұмытылып, Қайрат ағам «Керей хан» аталып кетсе, таң қалмаңыз… Сөз жоқ, Сейдімбек әулеті – тектілік қанында ойнаған, бойына өнер, ойына парасат дарыған әулет! Кемал әкеміз бен Бәтеш анамыздың өрісті өнегесі осылайша ұлт өнерінің алтын тамырына айналды.

Асқаралы 60 жасқа алқынбай жеткен Жақан ағам абыройдан кенде емес. І «Жігер» фестивалінің (1985 ж.), республикалық «Жастар дауысы» фестивалінің (1987 ж.), Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Бірақ, осының барлығынан туған халқының өнеріне, өзіне деген ыстық ықыласын жоғары қояды. Әнші ретінде танылғаннан бері халқының алақанында, жұртының жүрегінде жүр. Мемлекеттік деңгейдегі қайраткер Ералы Тоғжанов, білікті заңгер марқұм Балапан Әбенов бастаған достарының ортасында беделі – бекем, абыройы – асқақ. Тек қана, өмірден ерте озған жан жолдасы Балапанның мезгілсіз қазасы әншінің ғұмырын мұңды әннің қайырмасына айналдырып кетті. Оның алдында ғана ұлы Ақжігіттің қазасында қасынан табылып, қолтығынан демеген, қайғысын бөлісіп, бірге қамыққан Балапаны еді…

Жалпы, әншінің ғұмыры әлдимен өтеді деп кім айтты Сізге? Жаратқан ием Жақан ағамды да сынаққа алып бақты. Ақжігітінің қазасы қабырғасын қақыратып, омыртқасын омырып жібергендей еді, ұлынан қалған Әлібегін алданыш етті. Көпке дейін ән салмады. Кезінде орысты оятқан қасиетті қара домбыра ұзақ уақыт қаңтарулы тұрған. Ешкім қолқалаған жоқ. Оңашада да жан серігіне қол созбады. Осылай жүріп, Гүлнәр жеңгемді жұбатты.

Енді еңсе көтере бергенде, араға 3 ай салып Балапан досы баз кешті бұл дүниеден.

Қарағандының дәстүрлі ән мектебін сұңқарға теңейтін болсақ, Мейірхан аға мен Жақан аға сол сұңқардың қос қанатындай еді. Осы жылдың қаңтарында тағы қара жамылдық. Осынау жанына ең жақын үш асылдың қазасы Жақсыкелді ағамды шөккен нардай етті-ау. Дегенмен, жігері сарқылып, қайраты мүжілмеген екен. Елге етене жүрген жанның жеке өмірінен гөрі халқының ықыласы мен ыстық махаббаты жоғары бола ма, менің Жақан ағам да елін сағындырғысы жоқ. Әнін аңсаған елдің алдынан табылып жүр.

Мен Мағаш ағамды (Мағауия Сембай) сағынғанда Жақан ағама барамын. Ол Мейірхан досын сағынса, маған келеді. Екеуміз бір-бірімізге мұңымызды шағып, шер тарқатамыз. Ағам аһ ұрып, терең күрсінген кезде тұла бойым шымырлап, жүрегім атқақтайды. Ағамның жанарына жас іркіледі. Мен өзімді қоярға жер таппаймын. Жақсы ағаның жанарынан үзіліп түскен бір тамшы жас қаншалықты мөлдір болса, жаны да сондай тап-таза ғой!

…Екеуміз қорым басында жиі кездесіп қаламыз. Мағаш аға, Мейірхан аға, Ақжігіт бауырымның басына барып, дұға оқимын. Әйтеуір, сол жерден Жақан ағам ұшырасады. Кездеспей қалсақ, телефон арқылы хабарласып, қорымның «жаңалығын» бөлісеміз өзара.

…Тағы да қорым басынан қозғалдым. Көлігімді оталдырып едім, «Шалқар» радиосы «Дала әуендері» хабарынан Жақан ағамның орындауындағы Ілия көкемнің (Жақанов) «Толағай» әнін беріп жатыр. Ауылды сағынып кеттім. Ал, ұлын сағынған Жақан ағам Ақжігіттің мәңгілік үйіне сүйенген қалпы ойға шомып тұр.

Мұңаймаңыз, Аға!

Толағайдың шөккенін көргіміз жоқ!

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button