Қоғам

«Ананың қолы – алтын»

Бастапқы капиталды аса қажет етпейтін, жылдам шешім қабылдап, нарық сұранысына сай әрекет ететін шағын кәсіпкерліктің экономикада алатын орны көл-көсір екеніне көзіміз жетті. Әсіресе, пандемия кезінде бірқатар өндіріс орындары дағдарысқа төтеп бере алмай, шатқаяқтап қалғанда, осы саланың өкпесі қысылмай, керісінше, жұмысы жандана түскендей. Тұтынушы сұранысына сай әрекет ететін, нарық жағдайына жылдам бейімделетін осы сала Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Жаңа жағдайдағы Қазақстан – іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында көрініс тапты. Президент шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін арттыру қажеттігін айтып, бұл – осы саланы дамытуға бағытталған жұмыстардың басты нәтижесі болатынын көрсетті. Ал, осы шағын кәсіпкерлікті үйде отырып дөңгелететін көпбалалы аналар болса, тіпті, құба-құп.

Облыста өзін-өзі жұмыспен қамтып, нәпақасын айырамын деп тілек білдірген көпбалалы аналарға көмек қолын созған «Жанұя» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығы бүгінгі күнге дейін құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіп қана қоймаған. Атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй, денсаулық сақтау, жұмысқа орналасу, қысқа мерзімді курстар, бизнес ашу бойынша да кеңестер береді.

Көпбалалы, жалғызбасты, бала күтімімен үйде отырған, тұрмысы төмен аналар осы жерге келіп, кәсіпкерлікпен айналысуды, әлеуметтік жағдайын жақсартуды үйренеді. Тіпті, жеке тәжірибесімен бөлісіп қана қоймай, іштегі мұң-шерімен де бөлісе алады.

Орталық ашылғалы жұмысының жандануына, тиісті деңгейде атқарылуына үлесін қосып жүрген Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Бақытнұр Тәліпова.

– «Жанұя» орталығы ашылғалы облыс орталығындағы көпбалалы аналарға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Осы жерде шеберлік сағатында білім алған 23 көпбалалы ана «әрекетке – берекет» деп, үйде отырып, кәсіп ашты. Болашақта жұмысымызды жалғастыратын боламыз дейді, – Бақытнұр Хайроллақызы.

Оқытып, кәсіп ашу жолын көрсету ғана емес, оны қалай өркендету, қалай жүргізуді де көрсету орталықтың тікелей міндеті. Яғни, мақсат – сертификат беру ғана емес, алған білімді пайдалануды, қаржы табуды да үйрету.

Отбасындағы ахуал әйелге байланысты десек, «Жанұя» орталығында да бұл мәселеге ерекше көңіл бөлінген.

Әр ананың тілегін жерде қалдырмай, тиісті жеріне жеткізіп, оң шешімін табуға ықпал етіп жүрген «Асыл Ана» қоғамдық ұйымының жетекшісі Айжан Байдельдинова да осы орталықта.

Аналардың басын қосып, атаулы күндерде кездесу өткізетін «Жанұя» орталығы Отбасы күніне орай тренинг өткізіп, өмірден көргені мен түйгені мол, жастарға айтары бар ақ жаулықты аналарды шақырып, әңгімелерін тыңдады.

«Еліміздің келешегін тәрбиелеп, адам қылатын сендерсіңдер» деп, жас аналарға ақылын айтқан Биғайша Баймағамбетова жасы сексеннен асса да қоғамдық жұмыстарға белсене ат салысады. Әлі күнге дейін «Көзкөргендер» ансамблінің мүшесі.

– Баланы дүниеге әкелгеннен кейін оны жеткізудің ауыртпалығына да төзе білу керек. Ана болу шыдамдылықты, төзімділікті талап етеді. Сабырлы болып, ана өзінің де, баласының да денсаулығын сақтауы керек, – деген Биғайша апа «жасы үлкеннен именіп, сыйлағанның жаманы болмайды. Біле білгенге, кәрі ата-енесі бар үй – бай үй» деп ақыл-кеңесін айтты.

Он бір баланы дүниеге әкеліп, бағып-қаққан алтын құрсақты ана – Гаухар Рысқұлованың да жас аналарға айтқан ақылы көл-көсір. «Шаңырақ ұстау – әйелдің міндеті. Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген апа жас аналарға «Еңбектерің жемісті болсын!» деп батасын берді.

«Жанұя» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығының жетекшісі Жандос Нұрмахамбетов кездесу соңында орталықтың кеңесшілеріне өзінің «Жар таңдауда жаңылма» атты кітабын сыйға тартып, курстан өткен аналарға арнайы сертификаттар табыстады.

Орталықта өткізілетін курстар бұдан әрі кеңейе түспек. Ісмерлікпен қатар, болашақта информатика, маркетология курстары да жұмысын бастайды.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button