Тұлға

Ширек ғасыр шытынамаған көңіл

Алпамсадай азамат арсалаңдап кабинетке кіріп келді. Кең пішілген таудай тұлғасынан бұрын, көзім қалқиған құлағы мен тесігі кең танауына түсті. Жылылық ұялаған жанары жасаурап тұрғанын байқап қалдым. Әлде, солай көрінді. Бірақ, жыға танымадым. «Мен — Мағауиямын» деді, салалы саусақты күректей алақанын ұсынып жатып. Бұрыннан білетіндей аңқылдай ақтарылып, іші-бауырыма кіріп барады…

Екеуміз осылай «Егеменде» таныстық. Қарағанды облысында газеттің меншікті тілшісі көрінеді. Менің Жезқазған жағынан экономика бөліміне меңгеруші болып келіп жатқан кезім. Сырттай бір-бірімізді білетін болып шықтық. Мінезі алғаусыз ашық екен. «Мен Қазақстан Журналистер одағының сыйлығын 25 жасымда алғанмын. Сен он жыл кешіктің… Оқасы жоқ, есесіне «Егеменнің» бөлімін басқаруға менен бұрын жеттің. Құтты болсын!» – деп жатыр.

Көп ұзамай облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне басшы болды. Тапжылмай 21 жыл басқарды. Зейнет демалысына шыққанша. Ормандай оқырманы бар, кез келген тапсырманы тап-тұйнақтай, тиянақты орындайтын қабілетті ұжым қалыптастырды. Талаптың тұлпарына мінген талай жас «шекпенінен» шықты. «Орталықтың» оғландары оны ешқашан ұмытпайды. «Мағаш ағаның кезінде…» деп басталатын, сағыныштың сағымына шомылған небір әсерлі әңгімені әлсін-әлсін құлақ шалып қалады.

Мені «Орталықтың» оғландары қатарына қосқан Мағаш еді. «Ер кезегі үшке дейін» болса, біз төртінші мәрте талаптанғанда «тіл табыстық». Мәселенің мәнісі мынада: 2017 жылы ақпанда «Жас Алаш» газетінің басшысы Рысбекті орнынан алып тастады. Оқыстан құрылтайшы қабылдаған мұндай шешімге қарсы болған он бір журналист мәлімдеме жасап, қызметтен өз еркімен кеттік. Жарты жылдай жұмыссыз жүріп қалдым. Күнкөріс керек, ал, қалта жұқарды. Ақыры Ұлытау аудандық газетіне бұрынғы Жезді ауданының аумағындағы меншікті тілшісі болып тіркелдім.

Сол жылы күзде Қарқаралыда тұратын қарындасымның қуанышына қатыстым. Қайтарда көлік күтіп, Қарағандыда аялдауға тура келді. Әдеттегідей салып ұрып «Орталыққа» бардым. Мағаш мәз: «Сені де көретін күн бар екен-ау?!» деп қояды. «Шал (неге екенін қайдам, кейінгі кезде Мағаш мені оңашада осылай атайтын болған – авт.), естіп жатырмын, тағы шатақ шығарыпсың. Көңіліңе алма, қалжыңдағаным. Бұл – қисық-қыңырлық емес, мінез. Біздің мамандықта онсыз болмайды. Қазір не тірлік жасап жүрсің? Анда-санда «Егеменнен» мақалаңды көріп қаламын» деп сыр тартты.

Несін жасырайын, жағдайды жайып салдым. «Онда менде бір ұсыныс бар. Бірақ, тағы қырын қарайтын шығарсың?!» деп, өзіне тән дағдымен кеңк-кеңк күліп алды. Сонда байқадым, көзінің қиығы шынында да жасаурап тұрады екен. «Құлағым сенде» деп, елең еттім. «Қаңтарда Балқаш жағындағы меншікті тілшінің орны босайды, тыңдасаң соған бар» деді. Бұған дейін екі мәрте редакцияға, бір рет меншікті тілшілікке шақырғанда ұсынысын аяқсыз қалдырғанымды көңіліне алмағанына риза болдым. Бірден келістім. «Онда дайындал! Балқаштың балығын жеп жатасың» деп тағы кеңк-кеңк күлді.

Желтоқсанның басында «Жедел жет!» деген хабар алдым. Қарағандыға келсем, Мағаш: «Анау орынға үміткер көбейіп кетті. Бұйрықты бүгін шығармасам болмас. Бірден Балқашқа тарт. Әкімдікке барып танысып, шаруаңды бірыңғайлап қайт» деп қарап отыр. Ауыстыру ретімен жұмыстан босату жөнінде аудандық газетке де қатынас қағазын жазып берді. «Ұжымды сырттай таныстыра берейін» деп бір әңгімені бастап жіберді. Газеттің тарихын тамырлатып, қалыптасқан игі дәстүрді тілге тиек етіп, сосын ұжымның тыныс-тіршілігіне ойысты.

Тапжылмай тыңдап отырмын. Әлі бетпе-бет танысып үлгермеген небір тұлға көз алдымнан өтіп жатты. Әрқайсысының бойындағы кемшілігі мен жетістігін жіктеп берді. Кімді тілге тиек етсе де, бүйрегі бұрып тұратынын, бірден байқадым, алалау жоқ. «Сен енді осындай сайыпқырандармен қызметтес боласың» деп қойды. Әсіресе, орынбасары Ерсінді ерекше бағалайды екен. «Ол – менің ақмылтығым! Келешегінен көп үміт күтемін» – деді.

Кейін ауруханада сырқаты меңдеп жатқанда: «Оның жалқы кемшілігі – қызбалау. Ерсінді сақтаңдар! Әйтеуір, қадірімізді біледі ғой. Ол бізден гөрі, журналистикаға керек. Ағалық ақылыңды айтып қой» дегені бар. Мағаштың адам танитынына кейін талай көзім жетті. Ерсін бауырым да көзі кетсе күрт өзгеріп, қысқа күнде қырық құбылатын кейбіреу сияқты емес, ағасына адалдығын көрсетіп келеді. Мағашпен содан кейін бірнеше күн байланыса алмадым. Жансақтау бөліміне түскен екен.

Сол жолы «Аркодан» сол жылы шыққан «Жерұйық» жинағын сыйлады. Оған былай қолтаңба қалдырыпты: «Әлібек! Орыста «Старый конь борозду не портит, глубоко не пашет, но всходы хорошие» деген сөз бар. Тарландардай талмай тартайық газет шаруасын. 7.12.2017ж.».

Құдайтағала қош көрмеген екен, былтыр қарашада «Мағауия Сембай қайтты» деген қаралы хабар жетті Жезқазған жағына. Мағаштың бауырындай болған әріптесіміз, аймақтық «Дидар» телеарнасының директоры Базарбай Әлеухан екеуміз жолға шықтық…

Әлібек ӘБДІРАШ.

Басқа материалдар

Back to top button