Көктемнің сәні – көкек құс
Есенғали РАУШАНОВТЫҢ «Құстар біздің досымыз» кітабындағы мына деректі қысқартып ұсынайық. Ертеде Зейнеп есімді ару Көкек деген жігітке ғашық болыпты. Екеуі үйленуге уағдаласып, қыздың бай әкесі қызын Көкекке емес, саудагердің ұлына ұзатқысы келеді. Зейнеп пен Көкек ауылдан жасырын шығып, қашпаққа бел буады. Мұны сезген мыстан кемпір жағдайды байға жеткізеді. Қызын райынан қайтара алмаған әкесі «атың өшсін» деп теріс бата беріпті. Қарғысқа ұшыраған Зейнеп құсқа айналып кетеді. Содан бері мыңдаған жылдар бойы «Кө-кек, кө-кек» деп жігітін іздеп зарлап жүрген көрінеді. Демек, көкек құсы өз атын айтып емес, қосыла алмаған ғашығын іздеп, шақырады. Ендеше, көктемнің екінші айын «Көкек» деп атау махаббатқа, жаңаруға, жақсылыққа, табиғилыққа деген талпыныстан туған. Бұдан бөлек, осы айда көкектің келуі, шақыруы 1 мамыр – бейбітшілік, бірлік мерекесінің жақындағынан да хабар береді екен.
«Сәуір болмай, тәуір болмас» дейміз. Алайда, біз күткен сәуірдің ай атауы емес, амал екенін ұмыт қалдырамыз. Яғни, сәуір – осы айда болатын табиғат құбылысы. Демек, халық сәуір амалы жақсы өтпей, ауа райы да тәуір болмайтынын айтқан.
Сәуір амалы шамамен осы айдың 20-сыншы жұлдызында басталады. Бұл амал кіргенде халық жаз бұлттарын бақылайды. Бұлт төніп, ыдырамаса, сәуір бұлты қалып қойғаны. Онда сәуір амалы 40 күнге жалғасады. Жаңбыр нөсерлеп жауып, соңы қарға ұласады.
Бұдан бөлек, сәуірде «бесқонақ», «қызыр қамшысы», «тобылғы жарған», «отамалы» сынды амалдар орын алады. Жауын-шашынды, желді, кейде боранды осы амалдар өтпей, жайма шуақты күндер басталмайды. Бұл амалдар кәрі қыстың «тұяқ серпуі» секілді.
Сәуір амалы өтпей, сәурікке (үйірге енді қосылған 3-4 жасар айғыр) пішпе жасауға болмайды. Аяқ-астынан ауа райы бұзылып, қарлы боран болуы мүмкін. Бұл туралы бір байдың отамалы өткен соң, жаз шықты деп ойлап, қырық сәурігін түгел пішпе жасап тастап, соңынан қарлы боран болып, қырық пішпе түгел қырылғаны жайлы аңыз бар.
Қаланың тілімен айтсақ, сәуір айының 15-ші күні келмей, қаладағы көпқабатты үйлер жылудан ажыратылмайды. Демек, жаз шықты дегенге әлі сенім жоқ.
Бұдан ұғатынымыз, сәуір – табиғатқа ерекше серпін, өзгеше өзгеріс әкелетін ай. Дінімізде сәуір жаңбырының адам ағзасына берер шипасының мол екендігі де айтылған.
Жыланның уы, балықтың інжуі, тіпті бал арасының балы да осы жаңбыр суынан пайда болады дейді. Ең таза судың сәуір жаңбыры екені өмір тәжірибесімен дәлелденген.
«Бұл суды ішкен кісі барлық ауруларын айығады. Сәуір жаңбырын ыдысты биік жерге қойып жинайды. Жаңбыр тікелей ыдысқа түсуі керек. Жылғадан аққан су жарамайды. Алғашқы жаңбырды емес, екінші немесе үшінші жауған жаңбырды алған жөн. Ауадағы ластық тазаланған болуы керек. Сосын оны сүзіп алып, қолданады» дейді ғалымдар.
Ал, көнекөз қариялар «көкек-сәуір» деп қоса атапты.
Сондай-ақ, сәуір амалы кезінде соғатын көктемгі желді де «сәуір» деп атайтын көрінеді.
«Сәуір» – араб тілінде «өгіз» дегенді білдіріп, жұлдыз айлары бойынша «Торпақ шоқжұлдызының» атауы екен. Көктемнің екінші айы бертінге дейін «Көкек» аталып, кейін «Сәуір» болып өзгерген.
Нұртөре Жүсіп ағамыздың «Айды айырмаған – амалды білмейді» мақаласында мынадай дерек бар. «Қазіргі қолданыста жүрген ай атауларының ішінде саяси сипатпен «еніп» кеткен бір ай бар. Ол – сәуір айы. Бұрынғы қазақ бұл айды «көкек» деп атаған. Осы көкек қалайша сәуір болды?
«Егемен Қазақстан» газетінде, Шерхан Мұртазаның басшылығында қызмет істеп жүрген кезіміз. 1990 жыл. Компартия бар. «ЦК»-дан Шерағаңа бір кісі телефон соқты. Шерхан Мұртаза газеттің кезекті нөміріне «көкек айы» деп белгілеп қойған. Редакторымыздың қабағы түйіле түсті. Телефонның дауыс күшейткішін іске қосқан Шераға бізге «тыңдаңдар» дегендей ишара білдірді.
– Сонда көсеміміз Лениннің «Апрель тезистері» дегенін «Көкек тезистері» дейміз бе? – деді ар жақтағы кісі дауысын нығарлап. – Бұл ертең елдің күлкісін тудырады ғой. Көкек емес, сәуір болсын! Газетке солай көрсетіңіздер…
Сонымен, «Егеменнің» реттік көрсеткішіне «сәуір» деп жазылды. Содан бері – сәуір».
«Сәуір айы – малшыға сарыуайым, Малмен бірге бағады ауа райын…» демекші, бұл айда күн жылына бастайды, су тасиды, мал төлдейді, құстар жылы жақтан ұшып келеді.
Жылдың жазғытұрым кезіне сай келетін төртінші айының арабша – сәуір, қазақша – көкек аталуы көктемнің бір белгісі – көкек құсының алғаш шақыра бастайтын мезгілімен байланысты пайда болса керек. Сонда бұл айдың өзгешелігі ретінде жылы жақтан қайтқан құстар үнінің ерекше естілуін атауға болады.
Шоқан Уәлиханов та көкектің – жағымсыз емес, керісінше, киелі құс екенін айтқан. Ертеде аналарымыз май мол болады деп, көкек қонған бұтақты алып, сүт құйған сабаға салып қоятын болыпты.
Славян халықтарында «көкек қанша рет шақырса, сонша жыл өмірім қалды» дейтін де сенім бар. Бір-екі рет шақырып, секем алып ұшып кетсе, «тақауда өледі екенмін» деп қайғыру орыс деревняларында жиі кездеседі екен.
Немістердің аңызында Құдай Тағала құстарға ұя салуға жер бөлгенде көкек талғампаз болмысымен мекенсіз қалғаны айтылады. Өз ұясы болмайтыны сондықтан екен. Көктемде келетін себебі, ағаштарды зиянкес құрттардан тазалайды екен.
Көкекті әншейінде өзі ұя салмайды, өзгенің ұясына жұмыртқасын тастап кетеді деп кейіп жатамыз ғой. Баласын туа сала тастап кететін жас аналарды көкек ана дейміз. Шындығында, мұның мәні терең екен. Көкектің ұрғашысы жұмыртқасын бөтен ұяға тастап кететін себебі, көкектің еркегі өз жұмыртқасын өзі жеп қояды екен. Сондықтан, балапанын аман алып қалу үшін өзге ұяға жұмыртқасын тастап, алыстан бақылып жүреді екен. Бұл көкек құсының аналық мейірімінің тереңдігін аңғартады. Оның үстіне көкекті шұбартөс дейді. Себебі, оның төс сүйегі ерекше ұзын жұмыртқаны шайқап, басып шығаруға кедергі келтіреді екен. Яғни, өз жұмыртқасын өзі басса, жарып алуы анық. Көкек осылайша, ұрпағын жалғау үшін шырылдап жүреді екен.
Бұдан бөлек, кей құстардың тәбеті тарпайтын қарағай жұлдыз құрттарын, тұт ағашына түсетін түкті құрттар тұқымын қынадай қырады.
Демек, қазақ көктемнің екінші айын бекерге көкек деп атамаған. Көктемнің хабаршысы, тіршіліктегі тепе-теңдікті сақтауға күш салушы құс. Ұрпақ қамы үшін еркегімен үнемі алысып жүретін және ұрпағын жалғаудың жолын тапқан өте ақылды құс атаулының ішіндегі тағдырлысы. Көктем – көгеру, көбею мезгілі. Демек, оның екінші айын сәуірден гөрі көкек деп атау орынды деп білеміз. Бабалар даналығына таң қалмасқа амал жоқ…
Ал, көкектің қазақтың жанына жақын тағы бір қыры өзге ұяға жұмыртқасын тастаса да, барлық құс атаулымен тату-тәтті ғұмыр кешетіндігі. Бейбітшілік, татулық сүйгіштігі.
Бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан қазақстандықтарға да қазір ең керегі – өзара татулықта, достықта ғұмыр кешу…
Жәлел ШАЛҚАР.