Отбасы тәрбиесі – қоғам негізі

2013 жылдан бастап ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығына сәйкес қыркүйек айының екінші жексенбісінде Отбасы күні аталып өтіп келеді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында отбасы мен балаларды қолдау – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі ретінде белгіледі.

Отбасы күніне орай мектебімізде мектепішілік жоспар жасалып біршама жұмыстар атқарылды. 7-11 қыркүйек аралығында бастауыш пән бірлестігінің жетекшісі Г.Әлімжанова мен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі А.Тілеужанованың ұйымдастыруымен жоғары сынып оқушылары арасында отбасы тәрбиесі, бала тәрбиесіндегі ата мен әженің, әке мен ананың алатын ролі, адами қадір-қасиеттердің құндылығын ұғындыру мақсатында отбасы туралы үздік шығарма мен бастауыш сыныптар арасында «Отбасы – тәрбиенің қайнар бұлағы» атты сурет байқауы өткізілді.

Тұлға болып қалыптасу, көбіне, тәрбиеленген ортаға, қоршаған адамдарға, олардың қарым-қатынасына тәуелді болады. Бір сөзбен айтқанда, отбасы – барлық рольдері бөлініп қойылған қоғамның шағын моделі болып табылады. Әрбір рольдің шебер орындалуына «отбасылық сюжеттің» дамуын үнемі байқап жүретін кішкентай баладан байқауға болады. Осы мақсатта тәлімгер Г.Шардарбекова, өзін-өзі тану пәнінің ұстаздары – Б.Әлиахмет, Т.Ахметова әлеуметтік желілерде «Менің отбасым» челленджін өткізді.

Сонымен қатар, 9-сынып оқушылары – Гүлжазира Тазабекова «Отбасы», Ақбаян Рахметолла «Әке-Ана» тақырыптарында өлең шығарды. Шарада оқушылар әке мен бала арасындағы шынайы махаббатты ашық хат түрінде жазып, арнау тілектерін, ойтолғауларын ортаға салды.

Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы. Яғни, кез келген зиялы қоғамның діңгегі. Отбасының аман-саулығы әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі деп білеміз. Сондықтан да, бұл мерекеде бір-бірімізге жылы сөздерімізді арнап, құрмет көрсеткеніміз абзал.

А.БАЙЖІГІТОВА,

Абай атындағы негізгі орта мектеп директорының тәрбие ісі бойынша орынбасары.