Бас тақырып

«Қазақстан» шахтасындағы апат: сот үкімі шықты

Шахтинск қалалық соты «Қазақстан» шахтасындағы өрттен бес кеншінің қаза табу фактісі бойынша істі қарап, сот үкімін шығарды. Сотқа тартылған шахтаның төрт қызметкері 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сурет kapital.kz

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы қайғылы оқиғаға жауапты деп танылған төрт қызметкерді ҚР ҚК 277-бабының 3-бөлігі бойынша абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзудің қауiпсiздiк қағидаларын бұзды деп айыптаған болатын.

Тергеу барысында бірнеше ереже бұзушылық анықталды.

– Жол берілген бұзушылықтардың салдарынан 2023 жылғы 17 тамызда жөндеу ауысымында «Қазақстан» шахтасының көмір конвейерлік еңісінде өрт болды. Өрт салдарынан бес кенші қаза тауып, он жеті кеншіге денсаулығына орташа және ауыр зиян келтірді, – деп мәлімделген Шахтинск қалалық сотының хабарламасында.

Аталған іс бойынша прокурор Қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін сотталушыларды кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Шахтинск қаласы сотының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, ҚК-нің 277-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыс абайсызда орташа ауырлықтағы қылмыс болып табылады. Санкция 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады. ҚК-нің 55-бабына сәйкес жеңiлдететiн мән-жай болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде жаза максималды мерзімнен ½, яғни 4 жылдан аспауы тиіс. Заңның бұл талабы сот үшін міндетті болып табылады. Г., М., Т., Г. сотталушыларының жас балалары бар, бұл ҚК-нің 53-бабына сәйкес жеңілдететін мән-жай деп танылады. Яғни, олар үшін жаза 4 жылдан аспауы керек. Сотталушылар бұрын сотталмады, жұмыс орны бойынша оң сипатталады. Прокурор айыптау актісінде ауырлататын мән-жайлардың жоқтығы туралы жазды. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, сот Г., М., Т., Г. 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындалған.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button