Биылғы маусым жезқазғандықтар үшін мазасыз аяқталды. Әлеуметтік желі аяқ астынан әбігерге түсті. Әсерсіз әңгіменің өзегі мысты шаһарда қойылған абыз АБАЙДЫҢ мүсіні еді. Жұртшылықты ашындырған ол оқиға жөнінде біз де жаздық («Ұлы Абайды жезқазғанша «ұлықтау», 25 маусым, 2020 жыл).
Сол кезде әлеужеліде қала әкімдігінің жұртшылықты әрі-сәрі ойға жетелеген «жаңылтпаш» жауабы жарияланды. Абай мен Сарыарқа көшелерінің қиылысындағы Абай мүсіні – Мемлекеттік сатып алу Заңына сәйкес қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі мұрындық болған байқаудың нәтижесі екен. «Бірақ, шығармашылық кеңестің кіші архитектуралық пішінді мақұлдамауы себебінен бүгінде аталған мүсінді алып тастау туралы шешім қабылданған».
Одан әрі «2020 жылы 30 наурызда қала әкімінің ҚР Мәдениет министрлігіне жолдаған хатына (№01-12/420) сәйкес, Абай Құнанбаевқа ескерткіш орнату туралы ұсынысты министрлік жанындағы Монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі комиссия мақұлдады. Енді ескерткіштің ең үздік эскизіне республикалық БАҚ арқылы конкурс жарияланады» дегенді оқығанда: «Абайға ескерткіш орнатылатыны ерте көктемде белгілі болса, абаттандырылмаған алаңға шығармашылық кеңес мақұлдамаған мынадай мүсін қалай қойылған?», «Қала әкімінің идеология жөніндегі орынбасары, ішкі саясатқа жауап беретін білдей бір бөлімі, руханият тамыршысындай мәдениет саласының мамандары қайда қараған?» деген сан-сапалақ сауал андыздап алдан шыққан.
Әкімдіктің әлгі жауабында былай деп жазылды: «Абай Құнанбаевтың еңселі ескерткіші биыл қараша-желтоқсанда бой көтереді деп күтілуде». Міне, «туралған еттей» қараша да аяқталып қалды. Бірақ, төрткүл дүниенің бірқатар елінде құрметіне ескерткіш қойылып, есімі көшеге берілген, Стамбул, Дели, Лондон, Киев, Берлин басын иген данышпан даңқы Жез-қалаға ғана жөнді жетпей жатыр. Қаланың жаңа әкімі Қайрат Әбсаттаров: «Игі жақсылармен ақылдасып, келесі жылы тамызда Ұлы Абайға ескерткіш орнатамыз» деп отыр.
Онымен өткен жұмада жүздестім. Бір сағаттай біраз әңгіменің басы қайтарылды. Абыз Абайды да айналып өтпедік. «Игі істің ерте-кеші жоқ. Абайды дәріптеу ескерткіш қоюмен ғана өлшенбейді. 100, 125, 150 жылдығында да қалада ескерткіш салынбаған» деді қала басшысы. «Абайдың 100 жылдығында жезқазғандықтар ескерткіш қоймақ түгілі, әлі есін жия алмай жүрген. 125 жылдығында ондайды ойламақ түгілі, әкеміздің жаназасында намазға тұрудан қашатынбыз. Тәуелсіздік алғасын 150 жылдығында да жетістіргеніміз шамалы. Биыл ақынды тұғырға емес, құбырға отырғызып, ел-жұртқа масқара болдық» деп қарсы уәж айттым.
«Өткенді қазбаламай-ақ қойсақ қайтеді?» деді ақыры. Онысын бұрынғы әкімнің былығына қатысы жоғын меңзегені болар деп түсіндім. Бірақ, мүсінді жасауға жұмсалған 7,8 млн. теңге мен сол маңайды абаттандыруға қарастырылған 69 321 223 теңгенің сұрауы болуы керек емес пе? Әлде, елден жиналған, салықтан құралған қазынаның қыруар қаражаты «ұстағанның – қолында, тістегеннің – аузында» кете бере ме?
Әлібек ӘБДІРАШ.
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.