Облыс әкімі

Беларусь елі – ынтымақтастыққа мүдделі

Минск облыстық атқару комитетінің төрағасы Александр Турчин бастаған Беларусь делегациясы Қарағанды облысына келді. Өңірге сапар барысында қонақтарды Беларусь Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Павел Утюпин алып жүрді.

Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбекпен кездесуде экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Өңірлердің кәсіпорындары арасында коммерциялық келісімшарттар жасалды.

– Тұтастай алғанда, соңғы жылдары қол жеткізілген стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейі, тұрақты кездесулер екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға және оның ауқымын ұлғайтуға мүмкіндік берді. Қарағанды облысында Беларусь өңірлерімен өңіраралық байланыстар орнатылып, дамуда, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Облыста әртүрлі салаларда 22 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді: сауда, өңдеу өнеркәсібі, көлік және қоймалау, құрылыс және т.б. 2021 жылдың қорытындысы бойынша өңірдің Беларусьпен сыртқы сауда айналымы 100 млн АҚШ долларын құрады. Облыс тас көмір, темірден жасалған жалпақ илек, ферроқорытпа, қара металдардан жасалған бұйымдар, мұнай және мұнай өнімдері, күріш экспорттайды. Жер үсті көлігі құралдары, сүректен жасалған масса, өнімдер, құрылыс материалдары импортталады.

Жеңіс Қасымбек облыста 10 мыңнан астам Беларусь ұлтының өкілдері тұратынын атап өтті. Аймақ басшысы іскерлік серіктестікті дамытуды ұсынды.

– Бүгінде біздің ынтымақтастығымыздың аясы өте кең. Ол тек өнеркәсіптік кәсіпорындармен аяқталмайды. Минск және Қарағанды облыстары арасында ынтымақтастық туралы келісім бар. Жол картасын жасап, әрі қарай қадам басуды ұсынамын, – деді Минск облыстық атқару комитетінің төрағасы Александр Турчин

Кездесу Минск және Қарағанды облыстарының кәсіпорындары арасында бірқатар коммерциялық келісімшарттарға қол қоюмен аяқталды. Ол ірімшік пен сүт өнімдерін жеткізуге қатысты шарттар.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button