Ұстаз – ұлы есім
«Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, болашақтың басшысын да, данасын да, ақылгөй ғалымды, еңбекқор егіншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз» деп Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай қанша ғасыр өтсе де адамзат баласы ардақ тұтар ұстаз – мәңгілік қастерлі ұғым, барлық мамандық атаулының басы және шыңы.
Қос ғасыр жүгін арқалап, заманының дүбірлі аламанында жас ұрпақты білім мен тәрбиенің кәусар бұлағынан сусындатып, жүрегінің жылуын, нұрлы ақылы мен ыстық қайратын, телегей-теңіз білімін аяулы да қымбатты шәкірттеріне, өзі туып өскен еліне арнаған бірегей тұлға, ұлағатты ұстаз Шәукей Жұқанұлының ғасырдан артық ғибратты ғұмыры үлгі-өнеге.
Шәукей Жұқанұлы 1915 жылдың 15 қаңтарында Қарқаралы уезі, Ақшатау болысының №10, Қарабұлақ елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Жұқан ескіше араб тілін меңгерген, сауатты адам болған. Шешесі Айша ауыл-аймақ ерекше құрметтейтін, жұртына сыйлы, сөзі өтімді жан екен.
Асқар тау әкесі мен асыл анасының тәлімді тәрбиесін көрген Шәукең қаршадайынан елгезек, алғыр, ғылым мен білімге құштар болды. Ата-анасынан жастайынан айрылған ол ағасы Ерменбеттің қамқоршылығында өсті.
1928 жылы Шет ауданы құрылып, Қызылеспе, Қарабұлақта екі жыл қыстап, сол жердегі мектепте білім алды. 1930 жылы Құмжондағы Бадан ақсақалдың үйінде орналасқан мектепте оқуын жалғастырды. 1932 жылы Шәукең аудандағы ақша бөлімінде есеп-қисап жұмыстарын жүргізіп, еңбекке араласты.
1936 жылдың қаңтар айынан «Стахановцы отличники учебы. КазКрай ФЗУ Мукамолов» курсына оқуға түсіп, аталған курсты үздік аяқтайды. 1937 жылы Ақмоладағы педагогикалық училищеге қабылданып, 1941 жылы өте жақсыға бітіреді. Білімпаз, үнемі ізденіс үстінде жүретін, жаңалыққа жаны құмар Шәукей мұғалім «Өмір көкжиегімді кеңейткен, үнемі қамқоршылығы мен қолдауын аямаған ағам Ерменбет, сол кісіден көп жақсылық көрдім» деп сағынышпен жиі есіне алып отыратын.
Мұғалім мамандығын алған Шәукей Жұқанұлы 1941- 1942 оқу жылында аудан орталығындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Оқу бөлімінде инспектор болып істейді. Сол жылы мектеп директоры Рақымберді Андиров есімді ұстаз. Мектепте барлығы 30 оқушы болған.
1941 жылдың 22 маусымында фашистік Германия КСРО аумағына тұтқиылдан шабуыл жасап, Ұлы Отан соғысы басталды. Майданға кеңес әскері қатарына қазақстандықтар шақырылды. Соғыс жылдары Шәукей Жұқанұлы әскери столда (МОВД – Мобилизиационный отдел военного управления) қызмет атқарды. Күндіз-түні майданға жіберілген азаматтардың құжаттарын толтырды. Күнделікті ақпаратты Москваға, майор Комелев басқарған мекемеге жіберіп отырды. Жеңіспен аяқталған сұрапыл соғыс елімізге тыныштық, үміт көктемін әкелді.
1946 жылдың қаңтар айында Ш.Жұқанұлы мектептегі мұғалімдік қызметіне оралды. 1946-1948 оқу жылдарында мектептің оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарды. 1948 жылдан бастап бастауыш сыныптарға сабақ берді. Зейнеткерлікке шыққанға дейін бастауыш сыныптар бойынша оқу ісінің меңгерушісі болды.
Ұстаздық жолда Шәукей Жұқанұлы әріптестер арасында еңбекке адалдығымен, парасаттылығымен ерекшеленді. Біріне әке, біріне аға, енді біріне ұстаз еді. Қандай жағдай болмасын, баяу сөйлеп, ақылмен аңғартып, әңгімемен түсіндіретін. Ол ұстаз ұлағатының ұлылығы, парасат-пайымының биіктігі. Ұстаз – ұлы тұлға. Ал, оның еңбегі-баға жетпес құндылық.
Ұстаз салған сара жолмен жүріп, ұстаз көрсеткен бағытпен қияға қанат қағатын шәкірттер өз биіктеріне көтеріліп, қоғамнан орын алып, елі мен жерін көркейту жолында еңбек етеді. Құрмет пен қошеметке лайық ұлағатты ұстаз Шәукей Жұқанұлының шәкірттері де қоғамның сан саласын бағындырып, барша елінің, қоғамның мақтанышына айналды.
Олар: Б.Ракишев – техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Ж.Ақылбаев – техника ғылымдарының докторы, профессор, академик, Р.Рысбеков – Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген дәрігері, Ж.Күлейменов – партия комитетінің бірінші хатшысы, мектеп директоры, К.Жүністегі – жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қ.Медиев – мемлекет және қоғам қайраткері, Б.Жумкин – ауыл шаруашылығын басқарған басшы, Қ.Сұмағұлов – мектеп директоры, ұстаз, А.В.Ободовская – ұстаз, еңбек ардагері, М.Әбдуов – филология ғылымдарының докторы, профессор, Б.Мұстафин – ҚР Мәденениет қайраткері, доцент. Айта берсек, бұл тізім толассыз жалғаса береді.
Шәукей Жұқанұлы мектепте жас шәкірттерге білім мен тәрбие бере жүріп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ауданның қоғамдық-әлеуметтік дамуына өзінің сүбелі үлесін қосқан тұлға. Мәселен, аудандық оқу бөлімінің штаттан тыс инспекторы, мектепішілік бастауыш партия ұйымының секретары, мұғалімдердің әдістемелік бірлестігінің жетекшісі, аудандық мұғалімдердің секциялық жұмысының жетекшісі және аудандық партия комитетінде халықтық сайлау кезінде үгіт ұжымының жетекшілік жұмысын басқарған. Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің іргетасын қалаушы. Ауданның дамуына үлес қосқан тұлға.
Жарты ғасырға жуық саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған Шәукеңнің ұстаздық еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, айтарлықтай құрметке бөленді.
Өзінің үлгілі өмірін ұстаздыққа арнаған Шәукей мұғалім елеулі еңбегінің арқасында елдің алғысына бөленіп, танымал тұлғаға айналды. Ұстаздың алдынан сабақ алған шәкірттері қазір де еліміздің түкпір түпкірінде мемлекетіміздің өркендеуіне өздерінің үлесін қосып, сапалы еңбек етуде. Олар – ұстаздың ізбасарлары, болашаққа жалғастырушылар.
Шәукей мұғалімнің қаламынан туындаған құнды жазбалары аудандық, облыстық, республикалық газет беттеріне жарияланып отырды. Мәселен, «Жанқұтты шешен» /1933 жыл/, «Маекең – халық ақыны» /1989 жыл/, «Алаштың азаматы» /2006 жыл/, «Соғыстан оралмаған боздақтар» /1999 жыл/, «Ана тіліңді құрметте» /1989 жыл/, «Ұлымыз құл, қызымыз күң бола ма?» /1999 жыл/ т.б. жазбалары, естеліктер, мақалалары жинақтаған «Тәбәрік» атты кітабы 2011 жылы жарық көрді.
Шежірелі Шет өңірінің қадірменді ақсақалы Шәукей Жұқанұлы ғасыр жасап, бақытқа бөленген жан еді.
100 жас, бұл әрине елді елең еткізерлік оқиға. Осы ғұмырында ескіні де, жаңаны да, жақсы-жаманды да, қиындықты да көрген. Ұжымдастыру, қолдан жасалған ашаршылық, қуғын-сүргін, репрессия, Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі елдің жағдайын, соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру, индустрияландыру, қайта құру, Кеңес Одағының тарауы, Қазақстанның Тәуелсіз мемлекет болуы сияқты тарихи дәуірлерді көзбен көріп, социализмнен бұрын өмірге келіп, осы дәуірді басынан өткеріп, сол дәуірдің белсенді азаматы, кірпішін өз қолымен қалаған білгір маманы болған абыз ақсақалымыз еді. Адамзат тарихындағы XX ғасырдың елеулі оқиғаларының тірі шежіресі, куәгері еді. Туған елінің тарихын, патриот тұлғаларының өмірін, өлкесінің шежіресін, табиғатын, тау-тасын, әр түрлі жырдастандарды жатқа білетін.
Дана халықымыз «Төріңнен қарт кетпесін» деген, жасы үлкенге құрмет ету біздің ата-дәстүріміз. «Шәукей Жұқанұлының ұстаздық жолы» атты альбомы Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінің музейіне орналасқан. «Қарағанды облысының ұлағатты ұстаздары» энциклопедиясына және 5-7 сынып оқушыларына арналған «Өлкетану» оқулығында Шәукей Жұқанұлының өмірі туралы мақала орын алған.
Шәукей Жұқанұлы мерейлі де өнегелі отбасында ардақты жар, құрметті әке, аяулы да қадірлі ата болып, бақыттың бағында шалқып ғұмыр кешті.
1944 жылы балаларының анасы Хасенова Нұрғиза Мақсұтқызы екеуі отбасын құрды. Нұрғиза анамыз банк қызметкері. Тыл ардагері, облыстық, аудандық халық банк жүйесінің Құрметті зейнеткері. Қазақстан әйелдерінің энциклопедиясына енген жан. Шәукей Жұқанұлы мен Нұрғиза Мақсұтқызы он бала тәрбиелеп өсірді. Ұстазымыз Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі, «Еңбек ардагері» медалінің иегері, сондай-ақ, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мектеп мұғалімі және «Шет ауданының Құрметті азаматы. Ал, Нұрғиза Мақсұтқызы «Алтын алқа», «Күміс алқа» медальдарының иегері. Екеуі жарты ғасырдан астам тату-тәтті өмір сүріп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немере-шөбере-шөпшектер сүйген, ақ некелерін ардақтап, өмірдің ыстық-суығымен, қиын-қыстау сәттерінде бірге болған Шәукей ақсақал мен Нұрғиза шешейдің үлгі-тағылымдары өте терең.
Шәукең ұстазымыздың тағы бір қасиеті, кез келген уақытта бата сұраған жанға берген баталары шешен сөздермен шебер өріліп, жүректен өшпестей орын алатын.
Халыққа көп қызмет көрсетіп, жамандық атаулыдан бойын аулақ ұстап, артына өлмес еңбек, жақсы ат, тамаша хат қалдырып кетуді адамдық және азаматтық парыз деп ұғындырған ұстазымыз, абыз ақсақал Шәукей Жұқанұлы есімі жадымыздан өшпейді.
«Ұстаз деген ұлағатты атауды естігенде, күні бүгінге дейін өзімді шәкірттей сезінемін» деп Серке Қожамқұлов айтқандай, Шәукей Жұқанұлынан білім алған шәкірттері ғана емес, абыз ақсақалдың көзін көрген адамдардың барлығы тау тұлғаны өздерінің ұстаздары деп таниды.
Гүлнар СЫЗДЫҚОВА,
педагог-зерттеуші.
Нұр-Сұлтан қаласы.